Мал-жаныңыз аман ба?

    Адамға арқау болатын – төрт түліктің өнімі. Ол қазанда қайнап, дастарқанға қойылмас бұрын жануарлардың ағзасына зерттеу жасалып, сараптамадан өтуі тиіс.

Яғни, «Дәрігер – адамды емдесе, мал дәрігері барлық адамзатты емдейді» деген нақыл бекер айтылмаса керек. Немесе халқымыздың «Мал-жаныңыз аман ба?» десетіні…

Міне, азық-түлік қауіпсіздігінің алғышарты осы болса керек. Бүгінде аталған мақсатта арнайы ашылған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринарлық зертхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қарағанды облыстық филиалы Балқаш аймақтық ветеринарлық зертханасы жұмыс істейді.

Зертханаға Балқаш және Приозерск қалалары мен Ақтоғай ауданының 9 ауылдық округінен био және патологиялық материалдар келіп түседі. Ел Үкіметі бекіткен құжатқа сәйкес, жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы, оның ішінде, бруцеллез ауруы, жұқпалы эпидимит ауруларына сараптамалар жасалады.

– Зертханада 10 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында үш жоғары білімді ветеринарлық дәрігер бар, – дейді зертхана меңгерушісі Бақытгүл Сламбекова.

Жалпы, аталмыш зертхана серология және ветеринариялық-санитарлық сараптау бөлімдерінен құралған. Мұнда биылдың өзінде бруцеллез ауруына 27226 сиырдан, 80857 қой-ешкіден, 771 түйеден және 238 жылқыдан зерттеме алынған. Сондай-ақ, 1042 шошқа мен 265 ит те бруцеллез ауруына тексерілген.

Бақытгүл Беркінқызы басшылық ететін ветеринарлық зертхана ұжымының алдағы жоспары да ауқымды. Болашақта бактериялогиялық, паразитологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін зерттеу бөлімдерін ашу көзделіп отыр.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.