Бас тақырыпРуханият

Майталмандар мерейі

С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында Қарағанды облысы әкімінің жыл сайынғы мәдениет майталмандарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға өңірдегі өнердің қия шыңын бағындырған түрлі саланың үздіктері жиналды. 17-ші рет өтіп жатқан шараның «Мамандыққа адалдығы үшін» атты Бас жүлдесін һәм миллион теңге ақшалай сертификатын С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, сахна ардагері Мекен ҚИСЫҚОВ иеленді. Ал, әріптесіміз, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары, ақын Ілияс МҰҚАЙ «Алтын жолақ» аталымын олжалап, тоқсан жылдық тарихы бар қарашаңырақтың мерейін тасытты.

Аймақтың мәдениетін өрге өрлеткен, рух пен дамудың даңғыл жолында аянбай тер төккен мәдениет қызметкерлерінің бүгін бағы жанған күн. Сәкен театрын сәнге бөлеп, ерекше әсерлі етіп әрлегенінен бұл марапаттаудың бұрынғылардан өзгерек екені аңғарылады. Кәсіби мереке қарса­ ңында осынау шара арғымаққа алтын қасты ер таққандай жараса кетті.

– Бүгінгі өмірімізді түрлі көріністерсіз, театр спектакльдерінсіз, кинофильмдерсіз, әдебиетсіз, әнсіз елестету өте қиын. Сіздер, шығармашылық мамандықтардың өкілдері, мәдениеттің дамуына үлес қосып қана қоймай, рухани мұрамызды сақтап қалатын қалып іспеттісіздер. Өнеріміз өркендесін, мәдениетіміз мұқалмасын, – деп құттықтады облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.

Байқауға облысымыздың шалғай ауылдарынан да үміткерлер қатысқан. Жалпы келіп түскен 115 өтінім арасынан 23 аталым бойынша жеңімпаздар таңдалды.

Арасынан шаң қаптырмай оза шапқан актер Мекен Қисықов аймақ басшысының орынбасары Ербол Шымкентбайұлының қолынан марапат алып тұрып, қуанышы қойнына сыймай, ел алдында ағынан жарылды.

– Қарағанды облысы әрқашан талант- тарға бай болған және болып қала береді. Әрқайсыңыздың ерекше және танымал қолтаңбаларыңыз, өздеріңізге тән өрнек­ теріңіз бар. Шын құрметке лайықсыздар баршаңыз. Облыстың көптеген кәсіби ұжымдары тек республикада ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал. Ауылдық мәдениет мекемелерінің келбеті жылдан жылға өзгеріп, көркемөнерпаздар деңгейі өсіп, кітапханалар жаңғыртылып жатқа ны қуантады. Ал, осыны ескерген облыс әкімдігіне ерекше алғыс білдіремін, – деп тоқталды театр саласының үздігі.

Өнердің ішіндегі өрелісі сөз өнері екені хақ. Ендеше, сол саланың үздігі атанып, сенім артқан ұжымының алдында абырой беделін асқақтатып, «Алтын жолақ» аталмын алған әріптесіміз Ілияс Дүнгенбайұлы үшін биылғы жыл табысты болды. Жуырда ғана «Сыныптасы жоқ бала» жыр жинағының тұсауы кесіліп, кеші өткен ақынға бұл марапат ынтасын арттырып, жігерін жануы үшін тамаша тарту.

– Қарағанды мәдениетінің үздіктері үшін керемет керім кеш болды. Осы кеште бізге бұйырған «Алтын жолақ» аталымы еңбектің еленгені деп білемін. «Алтын қобыз» иеленген барлық лауреаттарды құттықтаймын, – деді Ілияс ақын.

Осынау Арқа өңірін ән мен жырға бөлеген, туындысынан тымақ теріс киіліп, асық алшысынан түсердей мәдениеттің мәйегіне айналдырған өнер үздіктерінің кешін қазақстандық танымал «HASSAK» фолк­тобы, музыкант­джазмен Оралхан Алтынбеков және заманауи үлгідегі әнші, тиктокер Colorit (Арыстан Әбілдин) әуелеген әндерімен әрледі.

«Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген екен Ғабит Мүсірепов. Өнердің бұл түрінен өзгеге ғана сезім сыйламай өз ісінен де ләззат алар мамандардың ескерілгені ел жүрегін елжіретердей еді. Сонымен 2022 жылғы «Жыл артисі» аталымын С.Сейфуллин атындағы Қарағанды мемлекеттік драма театрының артисі Рахат Қошжанов жеңіп алды. Дәл осындай аталыммен Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Ирина Мальчихина марапатталды. Ал, Қарағанды музыкалық комедия театрының артисі Виталий Ковалев «Үздік эпизодтық рөл» аталымын иеленді. Қойылымдарымен қауымның ерекше ықыласына бөленген режиссер Дунай Еспаев «Жылдың үздік театр режиссері» аталымын алса, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Әуен» ансамблінің солисі Алуа Уәли «Эстрада жанрындағы жылдың үздік вокалисі» номинациясын еншіледі. Сонау Осакаров ауданының мәдени­сауық орталығының музыкалық жетекшісі Анаргүл Наурызхан «Классикалық жанрдағы жылдың үздік вокалисі» аталымын алды.

Сонымен қатар, дәстүрлі әннің ерекше орындаушысы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблінің солисі Медет Осатаев «Халық әнінің үздік орындаушысы» аталымын еншіледі.

Түрлі кеште аспап арқалап, ән мен бидің ажарын ашқан «Жыл аспапшысы» аталымын Е.Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрінің артисі Наталья Катанцева иемденді. Ал, Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің артисі Сәуле Рахымғалиева «Солист­инструменталшы» аталымын жеңіп алды.

«Жыл дирижері» номанациясы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Байқара Сәдуақасовқа табысталды. Сондай­ақ, «Жыл композиторы» атағын Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы Марат Сүтішев иемденді. «Жылдың үздік хореографы» аталымы Балқаш қаласы Мәдениет сарайының Струсинских атындағы «Ветерок» үлгілі хореографиялық ансамблінің бас балетмейстері Динара Абдрахмановаға берілді.

«Үздік балет және хореографиялық ұжым артисі» аталымы Қарағанды музыкалық комедия театрының балет артисі Руслан Гамидовке бұйырса, Теміртау қаласының «Ронд» би­спорт клубының жетекшісі Марина Бакеноваға «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» аталымы бұйырды.

Сонымен қатар, Абай ауданының мәдени­демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Галина Мамлютова ерекше аталымның бірі «Бос уақытты үздік ұйымдастырушы» аталымына иелік етті. Ауылдық жердегі мәдениеттің мамандары да құр қалмағаны қуантады бұл байқаудан. Соның бірі «Ауылдың үздік мәдениет қызметкері» аталымын жеңіп алған Шет ауданының мәдени­сауық орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Анар Тәжібекова. Ал, «Ауылдың үздік кітапханашысы» аталымы Ақтоғай ауданының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Замзагүл Сатековаға табысталды. «Алтын жолақ» аталымының тағы бір жүлдесін облыстық SARYARQA телеарнасының редакторы, ақын Ерік Нарын қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, үздіктер аталымы қатарында Жезқазғанның орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітаптарды толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі «Үздік кітапханашы» аталымын жеңіп алған Балбөпе Мусина, «Үздік айтыскер» атанған – айтыскер ақын Мақсат Аханов, «Үздік мұражай қызметкері» аталымын алған Теміртау тарихи­өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Татьяна Хмелева, «Жылдың үздік суретшісі» номинанты Саңыраулар мәдениет үйінің Қарағанды халық мимика және ым­ишара театрының көркемдік бөлімінің меңгерушісі Александр Лапин бар.

Салтанатты рәсімде мәдениет пен өнер­ дің үздік қызметкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаты мен дипломдар және естелікке «Алтын қобыз» мүсіні табыс етілді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button