Басты тақырыпҚарағанды

«Ұмайдың» алдында

    Тұрмыстық көне заттардың бәрі осында. Іс тігетін ине мен түймеден бастап тігін машиналарының түр-түрі. Тіпті, 1900 жылдары шыққан «Зингер» тігін машинасын көргенімізде екі көзіміз төрт болмаса да, кәдімгідей таңырқап қалдық.

Әлқисса, Майқұдықтағы «Ұмай» сауда үйінің алдында өзінің 85 жылдығы және Халықаралық музей күні (18 мамыр) аясында Қарағанды облысының тарихи-өлкетану мұражайы «Музейге сыйлық» акциясын ұйымдастырды. Тұрмыстық көне заттарды жіпке мұрнынан тізгендей қылыпты. Бір тігін машинасының өзінің 7-8 түрі, алғашқы шойын өтектер, бастапқыдағы жез самаурын, шәйнектер мен ең көне заттардан тері илейтін ағаш, тағысын тағылар… Мұның бәрі неге керек десеңіз, «осының бәрі өлкеміздің өткен баянынан сыр шертеді. Тарихтағы заттай деректер, бұл – бір. Екінші, «Музейге сыйлық» деген акцияның атында тұр. Мұндай топтамаларды көрген ел үйлерінде жатқан-тұрған ескі бұйымдар болса, бізге тапсырып, мұражайдың жәдігерлер қорын толықтырады. Қазір акцияға қатысушыларға тегін экскурсия жүргізіледі және барысында барлық мән-жай түсіндіріледі. Ескі жәдігерлер тапсырушылар ұтыстарға ие болады. Яғни, қалаған уақытында мұражайымызды тегін аралап шығады. Сондай-ақ, акцияға ат салысушылар экскурсиядан соң, танымдық-интерактивті ойындар мен викториналық сұрақ-жауапқа қатысып, одан мүдірмей өтсе, мұражайымызды тегін аралап шығу мүмкіндігін алады. Мұның бәрі айналып келгенде, мемлекеттік «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы бойынша жүзеге асып отыр» дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының кіші ғылыми қызметкері Динара Амангелдіқызы.

Иә, акция енді ашылып жатқанда барған біз осында арнайы келген оқушылардың экскурсиядан соң сұрақ-жауап ойындарына қатысып жатқанына куә болдық. Онымен қоса, бір тұрғын үйінде ертеден қалған ыдыс-аяқтар тапсырып жатты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button