Жаңалықтар

Майдангерлерге тағзым

Жеңістің 73 жылдық мерейтойын жаңаарқалықтар ерекше салтанатпен атап өтті. Аудан тұрғындары орталық алаңға жиналып, мерекелік шараны тамашалады.

Шара арнайы ұйымдастырылған 3 шақырымдық эстафеталық жүгіруден басталды. Ауданның кіре берісінде орналасқан «Алтын тұлпар» стелласынан бастап, эстафетаны алмастыра жүгірген 12 мектептің 96 оқушысы мереке алаңындағы мәреге келіп тоқтады.
Келесі кезекте Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған «Даңқ монументі» мен Кеңес одағының батыры Амантай Дәулетбековке қойылған ескерткішке аудан әкімі бастаған қауым гүл шоқтарын қойып, жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды үнсіздікпен еске алды.
– 9 мамыр күні біз үшін жай ғана атаулы күн ғана емес, бұл – өшпес ерлік пен қайсар рухтың мерекесі. Сұрапыл соғыс жылдарында қаза болғандар мен елге оралған батырларымызға, тыл ардагерлеріне басымызды иіп, тағзым ете отырып, біз ешкімнің де, ештеңенің де ұмытылмайтындығына, Отан үшін от кешкен ерлеріміздің ерлігінің де, еңбегінің де ұрпақтар жадында мәңгі сақталатындығына сендіреміз, – деді аудан басшысы Юржан Бекқожин құттықтау сөзінде.
«Мәңгілік полк» тақырыбындағы жалпы республикалық шеру мен шара барысындағы сұрапыл соғыс уақытын бейнелеген театрландырылған көріністер жиналған жұртшылықтың көз алдынан зұлмат күндерді бір жүгіртіп өтті. Мерекелік шара мәдени-сауық орталығы мен мектеп өнерпаздарының арнайы дайындаған мерекелік концертіне ұласты.
Мереке аясында спорттық ойындардан сайыстар өткізіліп, аудан тұрғындары үшін төменгі бағамен ауыл шаруашылық жәрмеңкесі және мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды.
Аудан халқымен бірге Жеңіс күніндегі сән-салтанаттың куәсі болған аудан басшысы Ю.Бекқожин және аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Имантүсіпов, депутаттар, облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Жарылғапов, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Аманжолов, сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары мен бірқатар бөлім басшылары аудандағы Ұлы Отан Соғысының ардагері – Зейнолла Қуанышбековті арнайы барып құттықтап, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, аудан басшысы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын тапсырды.

Индира АСАМИДИНОВА,
аудан әкімінің
баспасөз хатшысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button