Майдангерге қапысыз құрмет

Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай, аудан әкімі Юржан БЕКҚОЖИН соғыс ардагері Зейнолла ҚУАНЫШБЕКОВТІҢ шаңырағына барды.

Қонақтарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған Зейнолла ақсақалдың қуанышын аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов пен аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев та бөлісті. Юржан Асанұлы ардагерге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.

– Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Бүгінгі жарқын да бейбіт күніміз – сол кезде басқыншыға қарсы күресте жан беріп, жанқиярлығын көрсеткен аға ұрпақтың ерлігінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың күркірі алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешкен батырларымыздың есімі ешқашан ұмытылмасы анық. Боздақтардың есімін ұлықтап, ортамызда жүрген ардагерлерімізге құрмет көрсету – біздің, бүгінгі ұрпақтың борышы. Сондықтан, елімізде ардагерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аталған істен Жаңаарқа ауданы да шет қалған емес, – деді Юржан Асанұлы.

Сондай-ақ, бұл күні аудан әкімі тыл ардагерлерін де назардан тыс қалдырмады. Хамзе Сәтжанов пен Жаролла Шайхин ақсақалдардың да үйіне барып құттықтап, сый-сияпат жасады.

Өз тілшімізден.