Бас тақырып

Магомед Адиев: «Біз кез-келген құрама үшін лайықты қарсылас екенімізді көрсеттік»

Көптен бері күткен ойын қас-қағым сәтте өте шықты. Шынайы эмоция. Қобалжу. Бұл ойында бәрі де бар. Өткен жолы отандастарымыз даттарды 3:2 есебімен тізе бүктіргенде бөркімізді аспанға атқан едік. Содан бері ұлттық құрама ойыншыларына үлкен сенім артып, тарихи нәтиженің болатынын күттік. Келесі кезеңге – бір саты қалды. Өткен жолы Словения құрамасын өз алаңымызда қабылдағанда қарымымызды көрсеткен едік. Жеңуге болады. Бар болғаны аяққа түскен допты сезініп, қақпаға дәл бағыттау. Тіпті, бұның алдында қарсыластарымыз Дания құрамасынан жеңіліп те қалған еді. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Әрі үлкен мотивация еді…

Өкінішке қарай, біздің жігіттер қарсыластарынан айласын асыра алмады. Ойынды көрдік. Жұрт бағасын берді. Жеңілгенімізбен, жігіттердің көп тәжірибе жинағанын көріп, бір қуанып қалдық. Тіпті, Қазақ футболы тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижені тіркеді. Қуан, қазақ футболының жанкүйерлері! Қуан!

Суреттер: ҚФФ

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы ойындары аяқталды. «Н» тобына түскен отандастарымыз керемет нәтиже тіркеді. Бұған дейін Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде бес мәрте өнер көрсетсе, бәрінде төртінші сатыдан әрі аса алмаған еді. Бұл жолы қазақ футболшылары мәртебемізді асырып, кіл мықтылармен иық тірестірді.

Бұған дейін Словения, Дания құрамасымен кездесіп, даттардан айласын асыра алмаған еді. Ал, Данияның жеңісі біз үшін, яғни, қазақстандықтар үшін Еуропа чемпионатына өтуге орайлы сәт. Жеңіске жеткен даттар ұпай айырмашылығымен көш басына шықты. Ал, бір ұпай айырмашылығымен тұрған Словения мен Қазақстан құрамасы келесі кезеңнің жолдамасын сарапқа салатын болды. Жеңген команда өтіп, жеңілгені қалады. Демек, бізге келесі кезеңге өту үшін тек – жеңіс қажет.

Шешуші ойынға құрама команданың сапынан Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев, Бахтиёр Зайнутдинов сынды тәжірибелі ойыншылар алған жарақатына байланысты алаңға шықпады. Дегенмен, сенім артып отырған ойыншыларымыз ойнамаса да, негізгі құрам көрермендерге, жалпы футбол жанкүйерлеріне керемет эмоция сыйлай алды.

Ойын басталысымен алаң иелері допқа иелік ету жағынан алдына жан салмады. Тіпті, қақпаға да соққы бағыттап, бұрыштамадан да допты ойынға қосып үлгерді. Қақпашы Игорь Шацкий сан мәрте қауіпті соққылардың бетін қайтарды. Алайда, 41-ші минутта қорғаушы Ян Вороговский қақпа алдында қателікке бой алдырып, алаң иелеріне айып соққысын алып берді. Неміс лигасында доп теуіп жүрген словениялық Беньямин Шешко 11 метрлік айып добын орындап, мүмкіндікті мүлт жібермеді. Өкінішке қарай, қақпашы Игорь Шацкий бұл жолы шабуылға тосқауыл бола алмады. Есеп – 1:0. Осылайша, ойынның бірінші бөлігі де тәмам.

Екінші таймда отандастарымыздың қарқыны күшейе түсті. Ойынның басталғаны сол еді, 47-ші минутта қақпашы Игорь Шацкийдің ойынға қосқан добын отандастарымыз оң қапталмен өрбітті. Доп шабуылшы Максим Самородовтың аяғына түскенде қапталдағы қорғаушыларды қапы қалдырып, ортадағы әріптесі Рамазан Оразовқа пас асырды. Ал, Рамазан «маған да керегі осы» дегендей, жылдамдықпен келген допқа аяғын тосып, қақпаға енгізді. Ия, мұндай соққыны словениялық аты-шулы қақпашы Ян Облак күтпесе керек. Көз алдында доп қақпасына еніп кетті.

Бұл – отандастарымыз үшін тағы бір – мүмкіндік. Таразы басын теңестірді. Яғни, бәрі басынан басталды. Осы сәттен бастап отандастарымыздың шабуылы жиіледі. Барынша мүмкіндікті пайдаланды. Алайда, 86-шы минутта гол жіберіп алды. Словениялық жартылай қорғаушы Беньямин Вербич оң қапталдағы қорғаушылардан айласын асырып, қақпаның алыс бұрышын көздеген. Ия, мүлт кетпеді. Көздегені нысанаға дөп тиді. Осылайша, қарсыластар өз алаңында жеңіске жетіп, Еуропа чемпионатына жолдама иеленді.

– Барлығына алғысымды айтамын. Жігіттер керемет ойын көрсетті. Ойын алдында киім ауыстыратын бөлмеде оларға «Сендер – батырсыңдар. Барлық жанкүйерлерді ұлтына қарамай басын қостыңдар. Қазір барлығы ұлттық құрамаға жанкүйер болып жүр. Бізден олар үлкен нәтиже күтті. Бәрің осы сәттен ләззат ала біліңдер» дегенмін. Жанкүйерлер тарапынан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Ал, мен жігіттерге ешқандай кінә арта алмаймын. Бәрі барын салып ойнады. Соның нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отырмыз. Керісінше, біз кез-келген құрама үшін лайықты қарсылас екенімізді көрсеттік. Ал, бұл – үлкен жетістік. Қазір бізді қарсыластарымыз жоғары бағалайды, – деп пікірін білдірді Бас бапкер Магомед Адиев.

Бұл топта Дания құрамасы көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыда Словения құрамасы. Өкіншке қарай, отандастарымыз келесі кезеңге бір елі жетпей, жарыс жолын аяқтады. Қазір отандастарымыздың қоржынында 18 ұпай. Финляндия құрамасының қоржынында да дәл осындай ұпай. Бірақ, Қазақстан құрамасы турнир кестесінде ІІІ орынмен тәмамдады. Бірақ, фин футболшылары бізбен ұпай санымен тең болғанымен, доп айырмашылығымен біздің алдымызда тұр.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button