Руханият

Мағжанның маңғаз жыры маздаған кеш

Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Мағжан жыры мәңгілік» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өтті.

Кеш ақын шығармалары арқылы оқушыларды әдебиетке қызықтыруды, отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздеді.

Кешке Республикалық әдеби «Қасым» журналының бас редакторы, Серік Сағынтай, «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Меруерт Серікбайқызы, «Bolashaq» академиясы «Машина жасау колледжінің» студенттері, №2 «Білім-Инновация» лицей-интернатының және «М.Жұмабаев атындағы №39 Гимназияның» оқушылары қатысты.

Серік Сағынтай мырза, өзіндік қолтаңбасы бар, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлеңімен азаттықты ұрпаққа аманат етіп қалдырған ақынның Алаш қозғалысының қайраткері ретіндегі тұлғасына ой жүгіртіп, оқырмандарды қызықты әңгімесімен баурап алды. М.Жұмабаевтың қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орны, әлеуметтік қызметі және оның саяси-қоғамдық қызметі туралы кеңінен әңгімеледі.

Меруерт Серікбайқызы ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, Мағжан поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлігі мен ойшылдығы жайында ой қозғады. Саналы ғұмырын еліне, жеріне арнаған ержүрек Баян Қасаболатұлына арналған «Батыр Баян» поэмасы жайында сыр шертті.

Кеш «Мен жастарға сенемін» өлеңін М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның 9 «А» сынып оқушысы Ә.Айданбек, №2 «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары М.Тен ақынның «Жазғы жолда», А.Жақсыберген «Сағындым», Е. Әбдікеш «Анама» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ал, «Bolashaq» академиясының студенттері М.Әужан «Түркістан», А.Жұрағат «Туған жер», О.Айкенже «Пайғамбар» өлеңдерін жатқа оқып, кештің шырайын келтірді.

Оқырмандар назарына ақынның шығармашылығына арналған «Қазақ поэзиясының хас шебері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button