Жаңалықтар

Маңызды міндеттер талқыланды

    Бұған дейін жұмыс сапарымен Ақтоғай, Шет аудандарын аралап келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ қаңтарда облыс орталығындағы екі мекемеде болды. Алғашқысы – ауыл шаруашылығы басқармасы болса, келесісі – Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты.

Халық қалаулысы осы жолы ауыл шаруашылығы мамандары мен ұстаздар қауымына Елбасының жаңа Жолдауынан туындайтын негізгі мәселелерді түсіндірді. Ауыл шаруашылығы басқармасындағы кездесуінде депутат «Кеше мен Шет ауданындағы Ақадыр кентінен әрі орналасқан бір шаруа қожалығын көрдім. Әлі шам жоқ. Оған шамды кім тартып береді? Ешкім тартып бермейді. Тек қана баламалы энергияны қолдануымыз керек. Осында ауыл шаруашылығы саласының мамандары отырсыздар ғой, бүгінгі таңда шаруа қожалықтарына әлі де болса, көп нәрсе жетіспей отыр деген сөз ғой?», – деді.

Сондай-ақ, Рысқали Қалиақпарұлы ауыл шаруашылығы мамандарына Елбасының Жолдауында көрсетілген агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мәселесіндегі ақылды технологияларға тоқталды. Яғни, еккен тұқымды көп қаражат жұмсамай жинау мәселесі. Техникаларды, тыңайтқыштарды тиімді қолдана білу. «Осындай жаңа технологияларды игерген сайын көптеген адамдар жұмыссыз қала бастайды. Сондықтан, оларды дер кезінде заман талабына сай техника тетігін меңгеруге оқыту жағы да осы Жолдаудан туған міндеттер», – деді депутат.

Қарағанды облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев өз кезегінде депутатқа мынадай ұсыныс жолдады: «Қоршаған ортаны ластайтын – бірінші санатты кәсіпорындар. Сондықтан, Экологиялық кодексте жергілікті атқарушы биліктің құзыретіне бірінші категориядағы үлкен кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарын қадағалауға мүмкіншілік берілсе».

Бұдан кейін түс ауа Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында болған халық қалаулысы арнайы кабинеттер мен білім ошағының жетістіктерін көріп, оқу бағдарламасында үш тілді қатар қолданысқа енгізіп отырғанын біліп, қуанып қалды. Әсіресе, биология кабинетіндегі озық құралдар тіптен керемет. Мектеп-интернаттың бірінші қабатын аралап болған соң, осындағы ұстаздар қауымына Елбасының Жолдауы жайында айтса, бұл жерден де бір ұсыныс арқалап қайтты. Осы жолғы Жолдауда біліктілігі жоғары, соған орай қолында сертификаты бар мұғалімдердің айлығы өсетіні белгілі болды. Ал, бұл мектептегі ұстаздардың дені сондай біліктілігі жоғары мұғалімдер. Бірақ, қолдарында сертификаты жоқ. «Олардың айлығы қалай болады екен?» деген сауал. «Орайымен шешіледі бұл да», – деді депутат.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button