Мақсаты биік Нұрдәулет

   Жаңаарқа ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шапағатын көрген жастар баршылық. Солардың бірі – Нұрдәулет КӘДІРБЕКОВ.

Жастайынан әншілікке бейімі бар ол осы бағыт бойынша білім алып, туған жеріне қызмет етуді көздепті. Арманына жетіп, Қарағанды қаласындағы Тәттімбет өнер колледжіне оқуға түседі. Оқуда жүріп, түрлі байқауларда топ жарған жас жігіт бітірген соң туған жеріне келіп, жас жеткіншектерді ән өнеріне баулуға бел буады.

Бұл мақсатына жетуде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы көп көмегін тигізді. Атасу кентіндегі өнер мектебіне жұмысқа орналасып, мемлекеттік бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізді.

Нұрдәулеттің өнер мектебінде қызмет еткеніне бүгінде екі жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде біраз шәкірт тәрбиелеп, еңбегінің жемісін де көруде. Оқушылары облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындарға ие болып, ауданның абыройын асқақтатып жүр.

Еңбекқор жас қазір аудан орталығындағы «Арай» дамыту орталығында да балаларға вокалдан сабақ беруде. Бұл орталық балаларды өнердің әр бағыты бойынша тәрбиелеумен қатар, инклюзивті білім беру бағытында да жұмыс жасайды,

Өнерімен жұртқа танылған Нұрдәулеттің болашаққа түзген жоспары көп. Қарағанды мемлекеттік университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша сырттай білім алуда. Келешекте осы салада да қызмет етуді көздеген ұстаз шетелде білім алу туралы ойы барын да жасырмады.

Индира АСАМИДАНОВА,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.