Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қарқаралы қаласында «Ауыл – ел бесігі» атты мерекелік концерт өтті. Әр ауылдың еңбеккерлері арнайы ұйымдастырылған көрмеде өнімдерін ұсынып, ауылдың қазынасын, қолөнер бұйымдарын, берекелі дастарханын паш етті.
Салтанатты шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, шаруашылық жетекшілері, мамандар мен еңбеккерлер қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Берік Тоқмурзин аудан басшысының құттықтауын жеткізіп, еңбеккерлердің қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.
– Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың дамуы алға басып, өңірімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттер орындалуда. Бүгінде аудан бойынша 2,0 млн гектарға жуық жер көлемін ауыл шаруашылығы құрылымдары игеруде. Ауданда барлығы 924 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысса, 50-ден астамы өсімдік шаруашылығымен шұғылдануда, – деп атап өтті Берік Мұқатайұлы.
Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов ізгі тілегін білдірді.
Дерекке сүйенсек, биыл 31 мың гектар жерге дәнді-дақыл себілген. Оның 18 мың гектары – бидай, 11 мың гектары – арпа, 2 мың гектары – сұлы. Әр гектардан 10 центнерден өнім алынып, жалпы 30 мың тоннадан астам астық бастырылды.
Өнімділіктің ең жоғарғы көрсеткіші – М.Мамыраев, Ынталы, Қасым Аманжолов, Бақты және Абай ауылдық округтерінде.
Шара барысында Социалистік Еңбек Ері Сайлау Біләлов пен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Игілікова да сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Одан бөлек, бірқатар кәсіби мереке иелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымының төсбелгілерін иеленді.
Атап айтсақ, Нығмет Нұрмақов ауылы «Атамұра Табыс» ЖШС директоры Серікбол Жұмаділов Премьер-Министрдің Алғыс хатына, Ынталы ауылы «Ынта» шаруа қожалығы есепшісі Аңсаған Сүлейменова, Абай ауылы «Нұртас» шаруа қожалығы басшысы Нұржан Ермекұлы облыс әкімінің Алғыс хатына ие болса, аудан әкімінің Алғыс хаты Қасым Аманжолов ауылы «Жанатай» шаруа қожалығы басшысы Архат Ажкеновке, Темірші ауылы «Ұзақ» шаруа қожалығының басшысы Биұзақ Қабиденовке және басқа да бірқатар сала мамандарына берілді.
Бұдан бөлек, Қарқаралы аудандық ветеринария станциясының басшысы Аян Мержакупов Ауыл шаруашылығы кәсіподағы атқару комитетінің Қаулысымен «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ал, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық кәсіподағы атқару комитетінің қаулысымен Қасым Аманжолов ауылдық округінен «Төлеухан» шаруа қожалығы басшысы Ұлан Райымбековке, «Береке» шаруа қожалығы басшысы Жанқаш Тілегеновке, «Мұрагер» шаруа қожалығы басшысы Аян Жұманбаевқа, «Нұр» шаруа қожалығы басшысы Ербол Сағынбаевқа, «Саяжан» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Салықбаевқа ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды.
Шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Жәлел ШАЛҚАР,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz