Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Мүтәш СҮЛЕЙМЕНОВ

Мүтәш Сүлейменов 1921 жылғы 10 қыркүйекте Нұра ауданының бұрынғы Казгородок ауылында туған.

Қазақ орта мектебінде тоғыз кластық білім алды. 1941 жылдың мамыр айынан Нұра ауданының Чкалов атындағы колхозында есепші болып еңбек жолын бастады.

1942 жылдың 12 қаңтарында армия қатарына шақырылды. 1942 жылдың қазан айынан 49-шы Армияның 139-ші Рославск Қызыл Тулы дивизиясында, 2-ші Белорусь майданында бағыттаушы және 45 миллиметрлік зеңбірек орудиесінің командирі болды.

1944 жылы Белорусь жерінде Мүтәш Сүлейменов ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін иеленді.

Кнышин қаласы және оның маңындағы соғыста ол басқарған орудие расчеті неміс фашистерінің үш пулемет орнын және жиырмаға тарта гитлершілерді жойып, жаяу әскердің алға жылжуына мүмкіндік жасады. Осы ерлігі үшін сержант М.Сүлейменов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Ал, Польша жеріндегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін 1945 жылғы 29 маусымда І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Жеңіс күнін М.Сүлейменов Берлин маңында қарсы алды.

Соғыста үш рет жарақат алды.

1945 жылдың 25 қазанында денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылды. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Ұлы Жеңіс шеруіне қатысты.

Әскер қатарынан оралған соң 1946 жылы Нұра ауданының қазақ орта мектебіне алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде қызметке орналасты. 1987 жылға дейін үздіксіз еңбек етті.

1968 жылы Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай бітірді. «Қазақ КСР білім беру саласының озық қызметкері», «КСРО ағарту саласының озық қызметкері» атақтарына ие болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

1990 жылы 7 мамырда КСРО Президенті М.Горбачевтің Кремльдегі Ұлы Жеңістің 45 жылдығына арналған қабылдауында болды. Ұлы Жеңістің 40 және 50 жылдығына арналған Қызыл алаңдағы шерулерге қатысты.

Нұра ауданының «Чкалов», «Париж коммунасы» колхоздарында тың игеруге белсене қатысты. Зейнет демалысына шыққаннан кейін Қарағанды қаласында тұрады.

Басқа материалдар

Back to top button