БілімЖаңалықтар

Білімнің сапасын жаңа экономика талап етеді

Елдің экономикалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен адами капиталдың сапасына байланысты. Оны қалыптастыратын негізгі күш – білім мен ғылым. Мемлекет басшысының Жолдауында ғылым, инженерия және жасанды интеллект салаларына басымдық берілуі де осы міндеттен туындайды. Бұл бағытта Қарағанды облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, мектептерді заманауи зертханалармен жабдықтау және цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет – оқушыға тек теориялық білім беріп қана қоймай, оның сыни ойлау, зерттеу және технологиялық дағдыларын дамыту. Әсіресе, ғылым мен инженерияға қызығушылықты мектеп қабырғасынан қалыптастыру маңызды.

Қарағанды облысында бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылуда. Тәуелсіздік жылдарында өңірде 85 жаңа білім беру нысаны, оның ішінде 56 мектеп салынған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 7 100 оқушыға арналған 10 білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, соңғы жылдары облыстағы 1 500 білім беру нысанында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда облыс мектептерінің 93 пайызы физика, химия, биология және STEM пәндерін оқытуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, ғылыми ізденіске бейімделуіне мүмкіндік береді.

Жаңа экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі – цифрлық технологиялар. Білім беру жүйесінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану уақыт талабына айналды. Қарағанды облысында да осы бағыттағы бастамалар қолға алынған. 2026 жылғы тамыз конференциясында педагогтер мен мектептерге арналған ROQED AI жасанды интеллект көмекшісін енгізу мәселесі таныстырылды. Платформа мұғалімдерге тапсырмаларды тексеруге, сабақ жоспарларын әзірлеуге және оқу материалдарын таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар, күрделі тақырыптарды түсіндіруге арналған 3D-модельдер мен виртуалды зертханаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Білім сапасын бақылау мақсатында «Білімал» платформасында мектепішілік бақылаудың арнайы модулі де әзірленген. Ол оқу орындарындағы анықталған мәселелерді тіркеп қана қоймай, оларды шешу мерзімдерін бақылауға және жауапты мамандарға автоматты түрде хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Жаңа модуль оқу жылы барысында облыстың 30 мектебінде сынақтан өткен. Алдағы уақытта оны өңірдегі барлық мектепке енгізу жоспарланған.

Жолдаудағы ғылым мен инженерияға басымдық беру міндеті кәсіптік-техникалық білім беру жүйесімен де тығыз байланысты. Себебі жаңа экономиканың дамуы үшін тек жоғары білімді мамандар емес, нақты өндірістік дағдыларды меңгерген білікті жұмысшылар да қажет. Қарағанды облысында бүгінде 49 колледж жұмыс істейді. Онда 33 мыңнан астам студент білім алады. Кәсіптік даярлықтың сапасын арттыру мақсатында дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Қазіргі уақытта бұл бағыт 37 оқу орнында жүзеге асырылып, оған 464 кәсіпорын қатысады. Нәтижесінде 8 мыңнан астам студент өндіріс орындарында тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруде.

Білім сапасын арттыру туралы сөз болғанда, қала мен ауыл мектептері арасындағы мүмкіндіктер айырмашылығын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Әр баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі – басты талаптардың бірі. 2026-2027 оқу жылында Қарағанды облысындағы 420 мектепте 176 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде ауылдық елді мекендердегі мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, интернет қолжетімділігін қамтамасыз ету және заманауи оқу құралдарымен жабдықтау маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Жолдауда айқындалған ғылым, инженерия және жасанды интеллект бағыттарын дамыту міндеті Қарағанды облысының білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Заманауи мектеп, білікті педагог, технологиялық сауатты ұрпақ және өндіріспен тығыз байланысқан кәсіптік білім – жаңа экономиканың берік негізі. Ал бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі бүгінгі оқушының ертеңгі еңбек нарығында қаншалықты бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасатынын айқындайды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button