Жаңалықтар

Өңірлік кәсіпкерлікке тапсырыс пен қаржы қажет

Шағын және орта бизнес – өңір экономикасының тірегі. Халықты тұрақты жұмыспен қамтудың маңызды тетігі. Алайда, кәсіпкерліктің дамуы тек жаңа нысандар ашумен немесе кәсіпкерлер санын арттырумен өлшенбейді. Бизнестің ұзақ мерзімді жұмыс істеуі үшін тұрақты тапсырыс, қолжетімді қаржы және өндірген өнімін өткізуге мүмкіндік қажет. Әсіресе, шағын кәсіпорындардың ірі сатып алуларға қатысуы мен мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануы өзекті болып отыр.

Қарағанды облысында биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірнеше бағыты қатар жүзеге асырылуда. Жеңілдетілген несие, гранттық қаржыландыру, кепілдік беру және ауылдық жерлердегі бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар кәсіпкерлердің жаңа жобаларды қолға алуына жол ашып отыр. Дегенмен, басты мәселе – бөлінген қаржының нақты экономикалық нәтижеге, ал, ашылған жұмыс орындарының тұрақты жұмыспен қамтуға ұласуы.

Сурет ЖИ

Тапсырыс – өндірістің тұрақты тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытудың маңызын айрықша атап өтті. Президент кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық тұрғыдан жаңғырту, ірі өндіріс орындарымен әріптестігін нығайту және өнімін өткізуге жағдай жасау қажеттігін көтерді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу жүйесіне шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысу мүмкіндігін кеңейтуді тапсырды. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысындағы кәсіпкерлік ахуалына назар аударсақ, шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы орны айтарлықтай. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы шілдеде өңірде шамамен 94,5 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеген. Шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін түсімдер жылдың бірінші жартыжылдығында 12,3 пайызға артқан. Дегенмен, кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюі бизнестің тұрақты дамып жатқанын толық білдірмейді. Кәсіпорынның өндірістік қуатын сақтап, қызметкерлеріне тұрақты жалақы төлеуі үшін ең алдымен өнімін өткізетін нарық қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті өндірушілерге ұзақ мерзімді тапсырыс беру – шағын бизнесті қолдаудың пәрменді құралдарының бірі.

Қарағанды облысында бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың 2026 жылғы тамызда жарияланған мәліметіне сәйкес, өңір кәсіпорындары өнім жеткізу бойынша жалпы сомасы 340 млрд теңгеге жуық ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасқан. Соның ішінде, Qarmet компаниясымен жасалған меморандум аясында облыстағы 58 кәсіпорынға 100 млрд теңгеге тапсырыс орналастыру көзделген. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша оның 65,5 млрд теңгесіне өнім жеткізілген. Бұған қоса, 338 млрд теңгеге алты офтейк-келісімшарт пен тоғыз ұзақ мерзімді келісім жасалған.  Бұл көрсеткіштер жергілікті кәсіпорындар үшін ірі өндіріс орындарымен әріптестіктің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Мәселен, тапсырыстың алдын ала белгілі болуы кәсіпкерге өндіріс көлемін жоспарлауға, шикізат сатып алуға, жабдықтарын жаңартуға және жұмысшылар санын сақтауға мүмкіндік береді. Ал, келісімшарттың ұзақ мерзімді болуы бизнестің ертеңгі күнге деген сенімін арттырады.

Нақты мысалы келтірсек, Қарағанды аяқ киім фабрикасын алуға болады. Өндірісін тоқтату қаупі туындаған кәсіпорын Karachaganak Petroleum Operating және NCOC компанияларымен жаңа келісімшарттар жасасқаннан кейін өндірістік қуаттарын қайта толық іске қосуға мүмкіндік алған. Осы ретте шағын бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейту де маңызды. Биылдан бастап қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізудің жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Қарағанды кәсіпкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тізілімге енген отандық өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануына, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысуына мүмкіндік берілетіні айтылды. Мұндай жүйе жергілікті өнім өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Алайда, сатып алу жүйесіне қатысу мүмкіндігінің болуы жеткіліксіз. Шағын кәсіпорындар үшін тендер талаптарына сай құжат әзірлеу, өнім көлемін алдын ала қамтамасыз ету, айналым қаражатын табу және төлемді уақытылы алу мәселелері де шешуші рөл атқарады. Сондықтан, кәсіпкерлер үшін сатып алу рәсімдерінің ашықтығы, қолжетімділігі және төлем мерзімдерінің сақталуы аса маңызды.

Қаржыға қолжетімділік – бизнестің тынысы

Тапсырыстың болуы кәсіпкерлік үшін қаншалықты маңызды болса, оны орындауға қажетті қаржының қолжетімділігі де соншалықты өзекті. Өйткені, шағын кәсіпорындардың басым бөлігі өндірісті кеңейту, жаңа жабдық алу немесе шикізат қорын қалыптастыру кезінде қосымша қаражатқа мұқтаж болады. Ал, банктік несие алу үшін кепіл мүлкінің жеткіліксіздігі мен жоғары пайыздық мөлшерлемелер кейбір жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіруі мүмкін.

Өңірде биыл бұл мәселені шешуге бағытталған қаржылық қолдау тетіктері іске асырылуда. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының дерегіне сүйенсек, мемлекеттік қолдау аясында несие портфелінің жалпы көлемі 57,2 млрд теңгені құрайтын 416 жоба қамтылған. Сонымен қатар, бұған дейін қолдау алған шамамен 1,7 мың жоба бойынша қаржыландыру жалғасып жатыр. Кәсіпкерлер өңдеу өнеркәсібі, сауда, туризм, ақпараттық технологиялар, көлік, денсаулық сақтау және білім беру бағыттарында қолдау алуда. «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы бойынша 146 жобаға қолдау көрсетілген.

Ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлер үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылған. Оның аясында кәсіпкерлер 200 млн теңгеге дейін қаржы ала алады. Қаражатты жабдық сатып алуға, өндірісті іске қосуға, кеңейтуге және айналым қаражатын толықтыруға жұмсаған. Бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 40 пайызы субсидияланады. Өңірде маусым айынан бері жалпы сомасы 221 млн теңгені құрайтын алты жоба қаржыландырылып, тағы 48 жоба қаралу үстінде. Қолдау алған кәсіпорындардың қатарында сүт өңдеу, құс етін өндіру, аяқ киім, металл қаптама және терезе шығаратын өндіріс орындары бар.

Бұдан бөлек, жабдықтарын жаңартуды жоспарлаған кәсіпкерлерге «Өрлеу – Лизинг» бағдарламасы ұсынылады. Ол арқылы 500 млн теңгеге дейін қаржы алып, жаңа жабдықтарды үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімде, жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен сатып алуға болады. Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Ал, кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлер «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады.

Жұмыс орны ашылғаны ғана емес, сақталғаны маңызды

Кәсіпкерлікті қолдаудың түпкі нәтижесі тек қаржы игеру немесе жаңа өндіріс орындарын іске қосумен шектелмеуі тиіс. Оның басты көрсеткіштерінің бірі – құрылған жұмыс орындарының тұрақтылығы. Өйткені, уақытша ашылған жұмыс орны ұзақ мерзімді жұмыспен қамту мәселесін шешпейді. Ал, кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуі қызметкерлердің тұрақты табыс табуына, отбасылық әл-ауқаттың артуына және жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етеді.

Бұл ретте Қарағанды облысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға да көңіл бөлінген. Биыл осы санаттағы тұрғындарға 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 1 млн 730 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру қарастырылған. Қарашадағы мәлімет бойынша, өңірде 164 адам грант иегері атанған. Байқауға 267 өтінім түскен.

Мұнда назар аударарлық бір талап бар. Грант алған кәсіпкер қаржыны иеленген күннен бастап 18 ай ішінде кемінде бір тұрақты жұмыс орнын ашуға міндетті. Сонымен қатар, екі жыл бойы әр тоқсан сайын жобаның орындалуы туралы есеп тапсырады. Дегенмен, жұмыс орындарының тұрақтылығын бағалау үшін олардың санына ғана емес, кәсіпорынның нарықтағы жағдайына, тапсырыс көлеміне, өндіріс қуатына және қаржылық орнықтылығына да назар аудару қажет. Әсіресе, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде бір өндіріс орнының жұмысы бірнеше отбасының әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан, кәсіпкерге көрсетілген қолдаудың нәтижесі жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар, бұрыннан бар жұмыс орындарының сақталуынан да көрінуі тиіс.

Кәсіпкер күткен қолдау қандай?

Жалпы, Қарағанды облысындағы биылғы көрсеткіштер кәсіпкерлікті дамыту бағытында қаржылық және нарықтық қолдау тетіктерінің қатар қалыптасып келе жатқанын байқатады. Алайда, кәсіпкерлер үшін бағдарламалардың көп болуы ғана емес, сол мүмкіндіктерді іс жүзінде пайдалану жеңілдігі маңызды. Өңірдегі қолдау құралдары мен өндірістік жобалардың жай-күйіне сүйенсек, шағын бизнеске қажетті бірнеше басымдықты атап өтуге болады. Біріншіден, жергілікті кәсіпорындарға ұзақ мерзімді және кепілді тапсырыстар қажет. Екіншіден, өндірісті кеңейтуге арналған несиелердің қолжетімді болуы, кепілдік талаптарының шағын бизнес мүмкіндігіне бейімделуі маңызды. Үшіншіден, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу рәсімдері түсінікті әрі ашық болуы керек. Ал, төртіншіден, кәсіпкерлерге өнімін сертификаттау, нарыққа шығару, жаңа технологияларды енгізу және өндірістік кооперация орнату бағытында консультациялық қолдау қажет.

Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Тапсырыс болмаса, өндірісті кеңейтудің мәні азаяды. Қаржы болмаса, бар тапсырысты орындау қиындайды. Ал, тұрақты нарық пен қаржыландыру қатар қамтамасыз етілген жағдайда ғана кәсіпорын жұмыс орындарын сақтап, жаңа мамандарды жұмысқа қабылдай алады. Сондықтан, өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың келесі кезеңінде мемлекеттік қолдаудың тиімділігін тек бөлінген қаражат пен мақұлданған жобалар саны арқылы бағалау жеткіліксіз. Оның нақты нәтижесі кәсіпорындардың өндірістік қуатының артуынан, жергілікті өнімнің нарықтағы үлесінің кеңеюінен, ұзақ мерзімді келісімшарттардың көбеюінен және тұрақты жұмыс орындарының сақталуынан көрінуі тиіс.

Қарағанды облысының өндірістік әлеуеті мұндай мүмкіндіктерге жол ашады. Ендігі міндет – сол әлеуетті жергілікті кәсіпкерлердің нақты табысына айналдыру. Өйткені, өңір экономикасының беріктігі ірі кәсіпорындардың бірлесе жұмыс істейтін шағын бизнестің де қаншалықты қуатты екенімен өлшенеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button