Руханият

Мұрадан ұлағат

Қарағанды қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай шара ұйымдастырылды. Шарада қабырғалы қаламгердің шоқтығы биік туындысы «Ақан сері» романы талданды.

Биыл «Ақан сері» романының жарық көргеніне – 45 жыл. Шараның мақсаты айқын – Ақан серінің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беру, шығарманың негізгі идеясын ашу, шығарманы талдау дағдыларын дамыту, өзінше ой түюге үйрету. Шараға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, докторант Әділ Жакулаев арнайы қатысты. №27 жалпы білім беретін мектептің оқушылары мен мұғалімдері де қатысты.

Тағылымы мол жиында романға арқау болған Ақан серінің ғұмыры мен шығармашылығы хақында баяндамалар жасалып, слайдтар көрсетілді. «Ақан сері – қазақ халқының жарық жұлдызы һәм мұзжарғышы. Қазақ музыкасын аспандатқан заңғар тұлға, біртуар перзент» деген ілкімді ойлар айтылды.

Әділ Жакулаев әдебиет деген ұғымға анықтама бере отырып, «Ақан сері» романын оқушыларға талдап берді.

– Ақан серінің бойында ақындық пен әншілік, саятшылық секілді қазаққа тән өнердің бәрі жинақталған. Оның өмірі трагедияға толы болған. Ғашығы Ақтоқтыға қолы жетпей, кейін сүйікті тұлпары Құлагердің қаскөй зұлымдардың қолынан өлтірілуі – Ақан серіге үлкен қайғы, қасірет әкелді. Романда тек Ақан серінің қасіреті емес, сонымен қатар, сол замандағы бүкіл ел басындағы қайғы, қара халыққа көрсеткен озбырлық бен зәбір, ел ішіндегі алауыз­дық көрсетілген, – деді Әділ Жакулаев.

– Мұндай шаралар ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды. Кітапхана ұжымы осындай тағылымы мен ұлағаты мол жиындарды жиі өткізеді. Айтары бар, білімді, білікті спикерлерді шақырамыз. Мектеп оқушылары мен студенттерді қызықтырып, баурап алатын тақырыптарды қозғауға тырысамыз. Ақан сері – қазақ музыкасының дәуірін жасаған дарынды композитор, әнші. Жас буын Ақан серінің кім екенін, ұлтымыздың тарихында қандай орын алатынын білсе дейміз. Ұлы тұлғалар өз деңгейінде дәріптелуі тиіс. Тарихымен, әдебиетімен, мәдениетімен терең танысамын, оқимын, ізденемін дегендерге есігіміз әрдайым ашық. Біздің негізгі миссиямыз – осы, – деді қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, №1 балаларға қызмет көрсету филиалының меңгерушісі Әсел Тезекбаева.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button