Мәйекті мекен

Шойыны шоғырланған тоғыз жолдың торабына 1936 жылы табан тіреген Мойынтыны осылай әспеттесек, шындықтан шалғай кетпейміз. Облыс орталығынан төрт жүз шақырымдай жырақта жатса да, қатынас қиындық келтірген емес: Шу, Балқаш, Қарағандыға қарай отарба күндіз-түні толассыз ағылып жатыр. Одан әрі қайда барамын десең, патша көңілің біледі…

Мойынтыда тұратын еңбекке жарамды жеті жүзден астам адамның әрбір онының жетеуі нәпақасын теміржолдан тауып жүр. Кентке қарасты “Ақбұлақ” ауылы мен 11 шаруа қожалығындағы күннің қабағына қараған қауым малдан артылмайды. Теміржол мен малдан артылып жатса, іргеде “Бапы” кен орны тағы тұр.

Негізі “Бапы” 1940 жылдан бері белгілі. 1963-1964 және 1974-1977 жылдары кен қорына болжам жасалған. 2005-2006 жылы жан-жақты геологиялық-барлау жұмысы жүргізілген. Теңгермелі кен қоры мен темір: тиісінше – 43,8 және 12,4 миллион тонна. Бұл ашық әдіспен ширек ғасыр еңбектенуге еркін жетеді.

Жобаны жүзеге асыру 2007 жылы қолға алынды, 10,5 миллиард теңге инвестиция салынды. Кен орнын игеру кезінде көп іс атқарылды: электр байланысы желісі тартылды, вахталық поселке, жол, тағы басқа өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды. 2010 жылы маусымда байыту фабрикасы қатарға қосылды.

Мойынтының маңайында тарихи маңызы зор елеулі ескерткіш те бар. Соның бірі — “Шұнақ шұңқыры”, тереңдігі 400 метрдей көрінеді. 1977 жылы арнайы келіп, зерттеп зерделеген Мәскеу мемлекеттік университетінің бір топ оқымыстысы: “аспан әлемінен түскен алып дене опырып кеткен” деген қорытындыға келіпті.

Оның ертегі еншілес ықылым заманның жоралғысы ғой” десең, онда осы уақытпен ұштасып жатқан оқиғаға ойысайық. Қазақта “Ақжолтай батыр” атанған кім екенін көпшілік біледі. Ол – Кенесарының сенімді серігі Ағыбай. Сол оғлан Мойынтының батысындағы “Таятқан-Шұнақта” мәңгілік мекен тапқан.

Осы өңірдің өткеніне ой жүгіртсең, құлағыңа қоңыр домбыраның шанағынан шыққан күйдің күмбірі келеді. Тегін емес! Әрі күйші, әрі қобызшы Итаяқты елдің бәрі біле бермес, бірақ, оның талантты шәкірті, шертпе күйдің шебері Қыздарбек күйші екінің біріне етене таныс екені анық. Мазары Мойынтының маңында.

Ал, Қыздарбек күйшінің ізбасары Әбікен Хасеновті таныстырып жату тіпті артық. Өткен ғасырдың алтыншы онжылдығының аяғында өмірден озды. “Былтыр күйші бабаның 125 жылдығын атап өттік. “Күй-керуен” атты керемет кеш ұйымдастырдық. Ас беріп, аруағына құран бағыштадық”, – дейді кент әкімі Саяхат Тұрабеков.

Айтсақ артық болмас, кент әкімі – Ақадырдың тумасы. Әкесі Жаманқұл – байланыс, анасы Тоқаш шойынжол саласында еңбек еткен. Орта мектепті Мойынтыда тәмамдаған тоғыз баланың кенжесі ата-анасына қарайлап, ауылдан ұзай қоймаған. Отын-энергетика кешенінде шыңдалып, осыдан екі жарым жыл бұрын жергілікті биліктің бишігін ұстаған.

  • Кентте мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, байланыс торабы, тойхана, 8 азықтүлік және 4 киім-кешек дүкені халыққа қызмет көрсетеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алған жеке кәсіпкер Мағираш Серікова наубайхана ашты. Тағы бірнеше іскер азамат жанар-жағармай бекеті мен тойхана салу қамында жүр. Өз басым тазалық пен тәртіпке көп көңіл бөлемін, – дейді әкім.

Содан да шығар, кентте сенбілік ұйымшылдықпен өтеді. Оған барлық мекеме мен тұрғындар белсене қатысады. Теміржол және бюджеттік мекеме жанындағы қоршаудың жөнделіп, 300 үйдің әктеліп-сырлануы мен 400 ауланың тазартылуы соған дәлел. Арнайы техника бөлініп, 300 тоннадай күл-қоқыс шығарылды.

Арнаулы бағдарлама аясында мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлуге сенатор Рысқали Әбдікеровтің септігі тиіп, ұзақ уақыт алаңдатып келген ауызсу мәселесі шешімін тауыпты. Алпыс шақты жекеменшік үй қазірдің өзінде ішке су тартып, жеке әжетқұдық (септик) орнатып тастапты.

Әрине, шешімін күткен әлеуметтік мәселе әлі бар. Оны кент әкімімен кездесу кезінде аңғардық. Мәселен, жаңа балабақшаның құжаты рәсімделуде. Сосын ескі интернат ғимаратын жөндеп, спортзал жабдықтау ойда бар. Әкім үшін ең күрделі мәселе – кенттің ішкі жолын жөндеп, асфальт төсеу және жиегіне қоршау қою. Оған қаражат – тапшы, қол – қысқа…

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

ШЕТ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.