Жабының жаңа тұқымы жылқы шаруашылығын дамытуға серпін бере ме?
Сарыарқаның сайын даласы мен жылқының тағдыры ежелден егіз. Қайта бабадан жеткен бай тәжірибеге ғылымның қуаты қосылып, жылқының асыл тұқымдық қасиетін сақтап, оны жетілдірудің жаңа мүмкіндіктері ашылды. Ендігі міндет – сол еңбектің нәтижесін баянды етіп, қазақ даласының табиғатына бейімделген төл тұқымның генетикалық әлеуетін арттыру.Шет ауданындағы «Шолақ еспе» жылқы зауытында өткен ғылыми-тәжірибелік семинар осы өзекті мәселелерді арқау етті. Мұнда жарты ғасырға жуық уақыт бойы жалғасқан әулеттік тәжірибе мен заманауи ғылым тоғысып, атадан қалған асыл кәсіпті жаңа белеске көтерудің жолдары сараланды.

Қ.ЖҮНІСҰЛЫ
Атадан қалған асыл мұра
Зауыт директоры Мұрат Хасенұлының жылқы шаруашылығымен айналысып келе жатқанына жарты ғасырға жуық уақыт болыпты. Бұл кәсіптің негізін 1947 жылы әкесі Хасен қалаған. Әке жолын жалғауды мақсат еткен Мұрат Хасенұлы 1978 жылы әкесі дүниеден өткеннен кейін отбасына мұра болып қалған шаруашылықты өз қолына алып, оны одан әрі өркендетуге бел буады. Бұл жолда ағасы (әкесінің інісі) Дулат Қожамберді де қолдау көрсетіп, шаруашылықтың дамуына үлкен үлесін қосқан.

Содан бері жылқы өсіру ісі әулеттің атадан балаға жалғасқан кәсібіне, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісіне айналды. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен тынымсыз еңбектің арқасында шаруашылықтың ауқымы кеңейіп, асыл тұқымды жылқы өсіру бағытында өзіндік орны қалыптасты. Бүгінде мұнда өсірілетін жылқылар еліміздің түпкір-түпкіріне таралып, отандық жылқы шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қазір Мұрат Хасенұлының иелігінде төрт мыңнан астам жылқы бар. Биылдың өзінде мыңға жуық құлын берген. Ал, осы өңірде ағасы Дулаттың да үш мыңға жуық жылқысы бар. Қазір оның шаруашылығын ұлы Дәурен басқарып, әке кәсібін әрі қарай жалғастырып келеді. Осылайша, бір өңірдегі өзара сабақтас екі шаруашылықта жеті мыңға жуық жылқы өсіріліп отыр.
– Әкем алғашында «Маупас» және «Мескел» тұқымын өсіруден бастаған. Кейін біз «Мерген», «Миман», «Майбас» және «Сарайғыр» тұқымын өсіруді қолға алдық. Қыстың қатаң жағдайына төзімді асыл тұқымды жылқыларымыз бүгінде еліміздің түпкір-түпкіріне таралған. Сұрыптау жұмыстарына ерекше мән береміз. Әр жылқының тегін, шыққан ортасын, ұрпақтық ерекшеліктерін мұқият зерттеп, қай айғырмен шағылыстыру керектігін жан-жақты саралаймыз.
1991 жылы жылқыларымызды «Сарыарқа типі» деген атаумен сынақтан өткіздік. Кейін «Қожамберді» типін қалыптастырдық. Ендігі мақсатымыз – осы жылқы типін еліміздің барлық өңіріне кеңінен тарату. Алғашқыда аналық жылқылардың тірідей салмағы 330 келі шамасында болса, айғырларымыз 400-420 келі тартатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 540-560 келіге дейін жетті. Ең бастысы – жылқының осындай тұрақты салмағы мен сапалық қасиеттерін сақтап, тұқымдық ерекшеліктерін одан әрі жетілдіру.Айғырларды да үйірге бірден қоспаймыз. Құнан кезінде салмағы 450 келіге жеткен жылқыларды ғана айғыр ретінде іріктейді. Әкеміз ертеде «колхоздан» бастап, «совхозға» көтерілді. Одан кейін жылқы малын асылдандыру мақсатында Бетпақдала тәжірибе станциясымен бірігіп, ғылыми қызметке келді. Ғылыммен бірігіп жұмыс істегеннен кейін осындай нәтиже көріп отырмыз. Осының бәрі әкемнің арқасы. Әкемнің салып берген сара жолы. Біз сол сара жолмен жүріп келеміз, – деді зауыт иесі Мұрат Қожамберді.
Дулат Қожамберді бүгінде сексеннің сеңгірінен асыпты. Жылқы шаруашылығын ұзақ жылдар бойы дөңгелетіп, мол тәжірибе жинақтаған ақсақал енді ата кәсіптің тізгінін ұлы Дәуренге тапсырған. Осылайша, әке жолын жалғаған ұл шаруашылықтың жұмысын одан әрі өрістетіп, асыл тұқымды жылқы басын көбейтуді көздеп отыр.
– Бұған дейін Мұрат ағаммен бірге мал өсіріп келдім. 2005 жылы маған жеке шаруа қожалық ашып, еншімді бөліп берді. Біздің мақсатымыз – ата кәсіпті жалғастыру. Көзімізді ашқалы жылқының ортасында өстік. Сондықтан, бұл кәсіп бізге таңсық емес. Керісінше, асыл тұқымды жылқының басын көбейтіп, еліміздің түпкір-түпкіріне тарату үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді «Бақытбек» шаруа қожалығының жетекшісі Дәурен Дулатұлы.
Шаруашылықтағы жылқы өсіру жұмыстары қатаң сұрыптау мен жүйелі селекцияға негізделген. Мұнда үйірге қосылатын айғырды таңдауға ерекше талап қойылады. Шаруашылық иесі айғырды құнан кезінде іріктеп, үйірге қосу үшін оның салмағы 500 келіден асуы керектігін баса айтты. Белгіленген межеге жетпеген жылқы үйірге жіберілмейді.
Жылдар бойы жүргізілген селекциялық жұмыстың нәтижесінде шаруашылықта өсірілетін жылқылардың түсіне қатысты да өзіндік ерекшелік қалыптасқан. Мұрат Хасенұлының айтуынша, мұндағы асыл тұқымды жылқылар негізінен торы, күрең, қарагер және қара-күрең түсті құлын береді. Тіпті, көк, боз немесе бурыл биелермен шағылыстырғанда да құлындарының басым бөлігі торы түсті болып келеді екен.
Қазақтың байырғы жылқы тұқымдарының бірі – жабы жылқысы. Ал, Мұғалжар жылқысы – жабы типіндегі жылқылар негізінде қалыптасқан отандық тұқым. Қожамберді әулетінің мақсаты да осы бағыттағы селекциялық жұмысты жалғастырып, Сарыарқаның табиғи-климаттық жағдайына бейімделген, өзіндік тұқымдық ерекшеліктері бар жылқы тобын қалыптастыру.
Бүгінде шаруашылықтағы жылқылар ел арасында «Қожамберді жылқысы» деген атаумен танылып келеді. Алдағы уақытта шаруашылықтың негізгі стратегиялық мақсаттарының бірі – жылқыларға өңірдің тарихи-географиялық ерекшелігін айқындайтын ортақ атау беру. Яғни, «Сарыарқа жылқысы» немесе «Арқа жылқысы» деген атаумен дербес тұқым ретінде қалыптастыру көздеп отыр.
Аталған мәселелер ғылыми-практикалық семинар барысында да кеңінен талқыланды. Жиынға жылқы шаруашылықтарының басшылары, селекционер-ғалымдар, ветеринария мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері және салаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер қатысып, ойларын ортаға салды. Әрі асыл тұқымды мал басын көбейтіп, жылқының тұқымдық және өнімділік қасиеттерін жақсарту, селекциялық жұмысты жетілдіру мәселесін талқылады.
– Семинардың басты мақсаты – «Сарыарқа» жылқысының тарихы мен қалыптасу жолын талқылап, оны одан әрі дамыту бағыттарын айқындау. Екінші міндетіміз – асыл тұқымды мал өсіріп отырған шаруашылық иелеріне жан-жақты бағыт-бағдар беру. «Жылқы өсіремін», «Тәжірибе жинақтағым келеді», «Мал басын көбейткім келеді» деген жастарға жол көрсетіп, қажетті білім мен тәжірибені бөлісу – осы семинарды ұйымдастырудағы негізгі ниетіміздің бірі.
Бүгінде шаруашылық иелерінің алдында ғылыми сүйемелдеу мен селекцияға қатысты көптеген сұрақ бар. Сондай сұрақтарға мамандар тарапынан кеңес беріледі. Үшінші маңызды мәселе – «Сарыарқа» жылқысы қауымдастығын құру. Жылқының өзіндік ерекшеліктерін сақтап, тұқымдық қасиеттерін қалыптастыру және одан әрі жетілдіру үшін жүйелі жұмыс қажет. Ал, осындай жұмысты үйлестіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыруда қауымдастықтың рөлі зор. Сонда ғана Орталық Қазақстанда жылқы шаруашылығын ғылыми негізде дамытып, ауқымды селекциялық жұмыстар жүргізу арқылы асыл тұқымды мал басын көбейте аламыз, – деді Өнімді жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры Дәурен Сыдықов.
Тұқымы асыл тозбайды
Семинар аясында қатысушылар «Шолақ еспе» жылқы зауытындағы асыл тұқымды жылқыларын жақыннан көріп, олардың дене бітімі мен салмақ көрсеткіштерін бағамдады. Осы тұста Дәурен Сыдықов жылқылардың сыртқы пішініне, дене өлшемдеріне, типтік ерекшеліктері мен асыл тұқымдық қасиеттеріне тоқталып, шаруашылықта жүргізіліп жатқан селекциялық жұмыстардың нәтижесін түсіндірді.
Көпшілік назарына 2013 жылы туған, көпшілікке танымал әйгілі «85» атты айғыр әкелініп, таразыға тартты. Нәтижесінде, бұл айғырдың салмағы 600 келіден асып кетті.
Асыл тұқымды жылқылардың жаясының пішіні тұқымына және өсіру бағытына қарай әртүрлі болады. Арқа мен сауыр тұсына бұлшықет жақсы жиналғанда, жаясының үстіңгі бөлігі дөңгеленіп, толымды көрінеді. Ал, бұл айғырдың ерекшелігі – салмағы осындай деңгейге жетсе де, дене бітімінің өзіндік сипатын сақтауы. Жаясы төмен қарай сәл еңкіштеу болғанымен, бұлшықеттері жақсы дамыған, тегіс, тығыз әрі жұмыр пішінді. Мұндай белгілер жылқының дене бітімін бағалауда маңызды, – деді Дәурен Сыдықов.
Бұдан кейін қатысушылар назарына 2020 жылы туған, алты жастағы «Маупас» тұқымына жататын айғыр ұсынылды. Көпшілік алдында таразыға тартылған жылқының салмағы 530 келіден асты. Бұл айғыр – кезінде аты шыққан Күрең айғырдың тұқымы. Таныстыру барысында шаруашылық иесі аталған тұқымның ерекшеліктеріне тоқталып, оның әсіресе бие сауып, қымыз өндірумен айналысатын шаруашылықтар үшін тиімді екенін атап өтті. Жылқының жуас мінезі, үйірінен ұзап кетпей, биелерін жинақы ұстауы шаруашылық жұмысын жеңілдетіп, мал бағуда қолайлы екен.
Аталған ғылыми-танымдық семинарға Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылынан «Ақылбек Айыртау» шаруа қожалығының иесі Совет Жангелдин де арнайы келген. Өзі 2009 жылы зейнетке шыққаннан кейін жылқы шаруашылығына ден қойып, мал басын көбейтуді мақсат етіпті. Бүгінде сан емес, тұқым сапасын жақсартуға басымдық беріп отыр.
Шаруашылығын алғаш қолға алған жылдары әр өңірдегі қожалықтардан айғыр алып, үйір жасақтайды. Кейін мал басын асылдандыруға бет бұрып, Ақтөбеден алты асыл тұқымды айғыр алдыртқан. Ал, осыдан бір жарым жыл бұрын Мұрат Қожамбердімен танысып, одан да айғыр сатып алып, үйірге қосады. Содан бері жылқысының тұқымы көбейіп, шаруашылығының сапалық көрсеткіші де жақсара түсіпті.
– Осы семинарға арнайы келіп, тағы да бес-алты бас құнан сатып алуды көздеп отырмын. Оларды келесі жылдың көктемінде үйірге айғыр ретінде қосамыз. Бүгінде еліміздегі мал шаруашылығының маңызды міндеттерінің бірі – қолдағы түліктің тұқымдық сапасын жақсарту. Қыстың қақаған аязына төтеп беріп, жаздың аптап ыстығына шыдайтын жылқы тұқымдарының бірі – Қожамберді жылқысы. Сондықтан, жылқы шаруашылығын қолға алуға ниетті жастарға осы қожалықтан бие де, айғыр да сатып алуға кеңес беремін.
Өзім ауданға қарасты Қызылжар станциясынанмын. Әу баста жылқы өсіруді осы станциядан бастадық. Кейін мал басы көбейіп, жайылым қажеттілігі артқан соң көршілес Түгіскен ауылынан жер алып, шаруашылық ауқымын кеңейттік. Қожамберді жылқысын өсіре бастағалы бері мал басының саны ғана емес, сапасы да едәуір жақсарды, – деді Совет Жангелдин.
Ақжал кентіндегі «Жантөре» шаруа қожалығының иесі Сәкен Сембеков те «Шолақ Еспе» зауытымен ұзақ жылдан бері әріптестік байланыс орнатқандардың бірі. 2011 жылдан бері Мұрат Қожамбердіден жыл сайын екі-үш айғырдан алып, өз үйіріне қосады екен.
– Мұрат ағамызбен 2011 жылдан бері таныспыз. Содан бері одан 41 айғыр сатып алыппын. Біздің шаруашылықтың негізгі бағыты – ет өндіру. Қожамберді жылқыларының айғырларын үйірге қосқалы бері малдың еттілігі артып, салмағы едәуір өсті. Биелерден алынатын малдың таза ет шығымы 280 келіге жетсе, еркек жылқылардың көрсеткіші 300 келіден асады.Бұл жылқының өзіндік ерекшеліктері көп. Айғырлары үйірді шашыратпай, өзіне бағындырып ұстайды. Тіпті, бір жылқышының жұмысын атқара алады десем, артық айтқандық емес. Жаздың аптап ыстығына да, қыстың қақаған аязына да төзімді. Ең бастысы, қыста қоңын жоғалтпайды. Өзім бір үйірге 23 басқа дейін бие қосамын. Соның нәтижесінде жыл сайын 21-22 құлын алып отырмыз, – дейді Сәкен Сембеков.
Киікті ауылының тумасы, шаруа қожалықтың иесі Сағынтай Баянтаев та Мұрат Қожамбердімен арадағы сыйластығы жайында сөз қозғады. Жылқы шаруашылығына ден қойып, мал басын көбейтуіне ақыл-кеңесі мен ақ батасының да септігі тиген көрінеді.
– Жылқы шаруашылығымен 1995 жылдан бері айналысып келемін. Әуелде бір бас жылқыдан бастап, біртіндеп мал басын көбейттім. Көрші тұрғандықтан, Мұрат ағамызбен де жақын араластық. Ақыл сұрап, кеңесін алып жүрдік. Сол жылдары Мұрат ағам маған «Жылқың өссін», «Жылқың мыңға жетсін» деп ақ батасын беріп, астымa бір ат мінгізген-тін. Сол жылқыдан тараған түлік бүгінде көбейіп, шаруашылығымның негізіне айналды.Соңғы 10 жыл бойы Мұрат ағамызбен жылқы алмастырып, қан жаңарту жұмысын жүргізіп келеміз. Ағамыздың жылқы шаруашылығына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінде жастардың басын қосып, осындай ауқымды жиын өткізуінің өзі – біз үшін үлкен тәжірибе. Тәжірибе алмасып, асыл тұқымды жылқы өсірудің қыр-сырын үйренуге бізге жол ашып отыр, – дейді Сағынтай Баянтаев.
Кәрім Мыңбаев атындағы ауылдық округтің әкімі Абсамат Копенов те сөз алып, шаруа қожалығының ауыл өміріндегі орны мен оның иесінің ел игілігі жолындағы еңбегіне тоқталды.
– «Шолақ еспе» шаруа қожалығы ауылдан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Қыстаққа қатынауды жеңілдету мақсатында Мұрат Қожамберді өз қаражаты есебінен жол салды. Шаруашылықта төрт түлік малдың барлығы өсіріледі. Алдағы уақытта қой тұқымын асылдандыруды да қолға алуды жоспарлап отыр. Дегенмен, бүгінде негізгі басымдық «Мұғалжар» жылқы тұқымын өсіріп, асылдандыруға берілген.Мұрат Қожамберді жеке кәсіпкер ретінде ауылға көп көмегін тигізіп келеді. Қандай да бір мәселе туындаса, қол ұшын созуға әрдайым дайын. Ауылмен арадағы байланысы да жақсы жолға қойылған. Мұндай азаматтардың елдімекеннің дамуына қосып отырған үлесі зор, – деді Абсамат Егінбайұлы.
Қысқасы, шаруашылықтың табысты болуы мал басын көбейтумен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – тұқым сапасын жақсартып, жүйелі селекциялық жұмыс жүргізу. Мұрат Қожамберді негізін қалаған шаруашылықтың тәжірибесі осыны аңғартады. Ал, мұндай семинарлар тәжірибе алмасып, озық тәсілдерді өндіріске енгізуге зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы



