Жолдау – 2026

Ел дамуындағы негізгі бағыттар айшықтала түсті

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген міндеттер еліміздің дамуында ғылымның, сапалы білімнің және заманауи технологиялардың маңызы арта түскенін көрсетеді. Бүгінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ғылыми әлеуетімен, кәсіби мамандар даярлау сапасымен және жаңа технологияларды тиімді пайдалану мүмкіндігімен тығыз байланысты.

Сурет Ақордадан

Қазіргі кезеңде университеттердің міндеті тек білім берумен шектелмейді. Жоғары оқу орындары ғылыми жаңалықтардың қалыптасуына, инновациялық бастамалардың дамуына және олардың нақты өмірде қолданылуына ықпал етуі қажет. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріспен ұштастыру, жас ғалымдарды қолдау және білім мен ғылымның байланысын нығайту – елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды шарттары.

Жасанды интеллектінің дамуы жоғары білім беру жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Ендігі міндет – цифрлық технологияларды меңгерген, сыни тұрғыдан бағалап, жауапкершілікпен қолдана алатын мамандар даярлау. Жасанды интеллект оқытушының немесе зерттеушінің орнын алмастырмай, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, ақпаратты талдауға және тың шешімдер табуға көмектесуі керек. Бұл ретте академиялық адалдықты, ақпараттың шынайылығын және дербес деректердің қауіпсіздігін сақтау айрықша маңызды.

Мемлекеттік басқаруды цифрландыру мен артық рәсімдерді қысқарту мәселелері де өзекті. Технологияларды тиімді енгізу басқару сапасын арттырып, уақыт пен ресурсты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Алайда кез келген цифрлық өзгеріс кәсіби жауапкершілікпен және заң үстемдігі қағидаттарымен қатар жүруге тиіс. Әсіресе жасанды интеллектіні қолдану жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғау, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қабылданатын шешімдердің жауапкершілігін айқындау маңызды.

Ғылым, білім, жасанды интеллект және құқықтық мәдениет – ел дамуының өзара сабақтас бағыттары. Олардың үйлесімді дамуы қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан университеттердің басты міндеті – білімді ұрпақ тәрбиелеу, ғылыми ізденісті қолдау және жаңа технологияларды қоғам игілігіне бағыттай алатын мамандар даярлау. Еліміздің болашағы ғылымға сүйенген, білімді бағалайтын және заңды құрметтейтін ұрпақтың қолында.

Мадина УМУРКУЛОВА
Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасының м.а.
Академиялық мәселелер бойынша проректор

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button