«Мәңгілік Ел» Монументі – той тәбәрігі

Кеншілер қаласы Сәтбаевта бағалы бастамалармен айшықталған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы талапқа сай деңгейде аталып өтілді. Мерекелік бағдарламалар аясындағы іс-шаралардың барлығы мерзім кезеңіне сай жаңашыл сипаттағы болмысымен ерекшеленді. Солардың ішінде, әсіресе, «Мәңгілік Ел» Монументінің салтанатты жағдайда ашылуы жұртшылық көңілінде айрықша шуақты әсер қалдырды.

Тарихи сәтті тамашалау рәсіміне жиылған жұртшылықты қала әкімі Асқар Ыдырысов ақжарыла құттықтады. Мемлекет басшысының мақсатты ұстанымынан бастау алып, асқақтай бой көтерген Монумент ел келешегінің келісті келбетін әспеттейтінін атап өтті. Қала басшысы сондай-ақ, алдағы уақытта еңселі нысан бой көтерген Комаров көшесіне «Мәңгілік Ел» атауы берілетінін мәлімдеді.

Театрландырылған қойылым барысында Ұлтты бір шаңырақ астына ұйыстыра білген Абылай ханның қазақтың Ұлы үш биімен кеңес құрып, қасірет кешкен халықтың болашағы хақында ой тоқайластыруы өте нанымды әрі әсерлі суреттелді.

Қаланың ажарын жағымды мазмұнда арттыра түскен нысанның сәулетшісі – Александр Чжан, суретші-безендірушілері – Дәулет Ізбасаров пен Мәдіхан Қалмаханов, жобаның жетекшісі – Айдархан Қалмаханов. Сырт келбеті аса көркем композицияның кіндік белінде ырзық-несібенің молшылығы мен қазақтың қонақжай пейілінің бұлжымас символы – тайқазан орнатылған.

Шаһардың Орталық алаңына бюджеттік мекемелер мен «Қазақмыс» корпорациясы жағалай тіккен ақшаңқан киіз үйлер мен олардың төңірегінде жұртшылық ұлттық тағамдар – наурыз көже мен ыстық бауырсақтан өз қалауынша дәм ауыз тиіп жатты. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілімдері ұйымдастырылып, ел назарына тартымды концерттік бағдарламалар ұсынылды. Бұқара қауым сондай-ақ, зергерлік-қолданбалы өнер туындылары, «Жасыл» технология жетістіктері және Жезқазған кен орындарының игерілу тарихы туралы көрмелерді де қызыға тамашалады.

Достық үйі шаңырағының астында өткен ізгі ниетті іс-шара да мызғымас бауырластық пен содан бастау алатын шынайы шаттықтың шырайлы көрінісіне айналды. Этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері дархан пейілмен даладай кең дастарқандарын жайып, аппақ тілектердің ағыны арнасынан асты. Алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың билері биленіп, әндері әуеледі.

Мерейлі мейрам бағдарламасына орай өткізілген спорттық бәсекелер де жанкүйер қауымды молынан жинады.

СӘТБАЕВ қаласы.

Ахат Құрмансейітов.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.