Жаңалықтар

Мұғалім – ұлт келешегінің ұстасы

    Бүгінде адамзат баласы жаңа Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басып келеді. Заманауи технологиялар әлемді өзгертуде. Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. Президентіміз алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс негізгі 10 міндетті жүктеді. «Қазақстандық индустрия жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» делінген бірінші міндет тікелей «Адами капиталдың жаңа сапасы» деген жетінші міндетпен өзара байланысты.

Елбасымыз білім беру жүйесінің барлық деңгейлері заманауи ақиқат пен экономикалық қажеттіліктерге сай болуы керек екендігін атап көрсетті. Білім беру саласына өзіндік инвестициялық жобалары мен эксперттік әлеуеті бар экономиканың дербес саласы ретінде қарайтын уақыт келді.

2016-2017 жылдары әлеуметтік төлемақылар мөлшері үш рет өсті. Оның ішінде білім беру қызметкерлерінің еңбекақылары 29%-ға дейін артты. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасын табады. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты.

Президентіміздің Жолдауынан кейін екінші күні-ақ, ҚР үкіметінің отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша бейіндік мекемелерге мұғалімдердің жалақысын көбейту бойынша шаралар қолдануды тапсырды. Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1,2,5,7-сыныптарға сабақ беретін ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ал қосымша 3,6,8-сынып мұғалімдерінің жалақысын 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 30 пайызға көбейту тапсырылды. Сонымен қатар, 2018 жылы мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін анықтайтын Ұлттық біліктілік тестісінің енгізілуіне сәйкес, мұғалімдердің жалақысы жаңа жүйе бойынша біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өседі.

Сонымен қатар, Елбасы 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап балалардың ерте даму дағдыларын дамытатын бағдарламаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. ТМД елдері мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне көз жүгірте отырып, мектептегі жүктемелерді төмендету бойынша ұсыныстар енгізуді; педагогикалық кафедраларды дамыту бойынша шаралар қолдануды; білім беру саласының барлық деңгейлерінде математикалық және жаратылыстану ғылымдарын беру сапасын арттыруды; Интернет желісінде дәріс түріндегі бейнесабақтарды орналастыра отырып, сандық білім беру ресурстарын дамыту жұмыстарын жалғастыруды; мектептерді интернетпен қамтамасыз етуді; қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыруды енгізуді; барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру бойынша шаралар қолдануды міндеттеді.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мұғалімдердің жалақысын арттыру бойынша жүргізілетін есептің дайын екенін айтты.

«Жалпыұлттық жоспармен (ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша) біз сұрақтарға едәуір нақты жауаптар бере аламыз. Мен алдын ала белгіленген қаржы мөлшерін атап өттім, білім мазмұнын жаңарту мәселелерімен шұғылданатын мұғалімдердің жалақысын арттыру үшін 60-70 млрд. теңге қажет, оның барлығы есепке алынып отыр. Басқа да бағыттар бойынша нақты сандар көрсеткіші бар», – деп атап өтті ол өз сөзінде. «Бюджетті міндетті түрде нақтылап алу керек, ағымдағы жылдың бюджетін біз сәйкес қаражаттарды жергілікті атқарушы органдарға қалай жеткізу бойынша нақтылаймыз. Бұл жергілікті бюджеттерді де нақтылауды талап етеді. Бүгінгі таңда республикада бюджеттің бос қалдықтары жыл сайын бюджетті нақтылайтын көз болып табылады. Осы жолы олар Жолдауда айтылған Президент тапсырмаларын іске асыру үшін пайдаланылады», – дейді ол.

Біз бүгінгі таңда ҚР Президентінің мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру бойынша жүргізетін саясатын анық көріп отырмыз. Президент әлеуметтік даму мәселелеріне ден салды, бұл – ең алдымен педагогикалық қауымдастыққа, мұғалімдерге, тікелей қатысты мәселе. Менің әріптестерім өздеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық пен демеуге шаттанып жатыр деген ойдамын. Мұғалімнің қоғам өміріндегі ролін арттыру бала тұлғасын қалыптастырудағы қоғамның ролін арттыру деген ұғыммен пара-пар. Өйткені, дәл осы мұғалімдер еліміздің келешегі – ертеңгі күннің дәрігерлері мен инженерлерін, агрономы мен ғарышкерлерін қалыптастырады.

Міне, облыстық мәслихаттың VIII сессиясында облыс әкімі Е.Қошановтың «Білім беру жылы» деп атаған 2018 жыл да табалдырықтан аттады. Білім беру ұйымдарының инфроқұрылымдарын бекіту, күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша 5,1 млрд.теңге көлемін құрайтын масштабты бағдарламалар әзірленді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен Қарағанды және Теміртау қалаларында, Ақтоғай және Ұлытау аудандарында бес жаңа мектеп салуға қаражат бөлінді.

Бүгінгі таңда ауылдық педагогтардың қалалық әріптестері сияқты кәсіби дамуы үшін барлық мүмкіндіктері бар екені қуантады, ол үшін барлық жағдайлар жасалған, атап айтар болсақ, сертификатталған мұғалімдердің біліктілік арттыру курстары, жаңартылған білім мазмұны, үштілділік, пәндерді ағылшын тілінде жүргізудің тілдік құзыреттілігі, критериалды бағалау жүйесін енгізуде мектеп координаторларын дайындау, оқушыларды халықаралық зерттеулерге дайындау бойынша және басқа да біліктілік арттыру курстары. Ауылдық жерде мектептің болуы ауылдық аймақта тұратын адамдардың өміріндегі аса маңызды саяси аспект болып табылады. Ауылдық жерде мектептің болуы – мемлекеттің адамдар өмірінде болу фактісі.

Біздің балаларымыздың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруде. Нәтижесінде біздің барлық түлектеріміз өз елінде және жаһанды әлемде өмір сүруге және жұмыс істеуге қажетті деңгейде үш тілді меңгеріп шығады. Міне, сонда ғана нағыз азаматтық қоғам пайда болады.

Мен оқытудың мазмұндылығы үйлесімді түрде заманауи техникалық сүйемелдеумен толықтырылып отыру керек деп есептеймін. Елбасымыз сандық білім беру ресурстарын дамыту жұмыстарын жалғастыру маңыздылығын айта отырып, мектептерді кең жолақты Интернет желісіне қосу және бейнеқұрылғылармен жабдықтау істерін жүргізуді талап етті. Бұл, әсіресе, ауыл мектептері үшін өзекті. Облысымыздың барлық аймақтарында оқу пәндері бойынша, сонымен қатар, қосымша білім беру бағыттары бойынша он-лайн режиміндегі шеберлік сыныптар трансляцияланады. Білім беру саласының барлық деңгейлерінде математикалық және жаратылыстану ғылымдарының берілу сапасын арттыру жастарды жаңа технологиялық құрылысқа дайындаудың маңызды шарты болып табылады.

Біздің облысымызда орта мектептердің үздік мұғалімдерінің бейнесабақтары мен бейнедәрістерін он-лайн режимінде өткізу тәжірибеге айналды. Шалғайдағы ауыл мектептері мұғалімдерінің көрсетуге ұсынған сабақтар санының артуы да бізді қуантады.

Ауыл мектептері мұғалімдерімен бірге Педагогикалық шеберлік орталығының (директоры О.Сурначева), облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының (директоры Г.Қожахметова), «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты (директоры С.Мұқанова), Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі (директоры Р.Якупов) жоғары білікті мамандары бір диалогтік алаңда болады.

Бүгінгі таңда оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімнің оқытуға деген ұстанымын белсенді түрде өзгертуді жалғастыру керек, құрылымды диалог құру үшін, жаңа жағдайда өзара нәтижелі түрде әрекеттесу үшін мектептің, қауымдастықтың және ата-аналардың күш-жігерін жұмылдыра түсу қажет.

Ұлттың әлеуетін арттыру біздің мәдениетіміз бен идеологиямыздың әрі қарай дамуын талап етеді. «Рухани жаңғырудың» мәні де осында.

Құрметті жерлестер, мен, мұғалім ретінде және облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Қарағанды облысының педагогикалық қызметкерлері қоғамымыздың идеалы болатын, өз тарихын, тілін, мәдениетін жақсы білетін, сонымен қатар шет тілдерін меңгерген, озық және жаһанды көзқарасы қалыптасқан түлекті тәрбиелеп шығаруға ұмтылады деп сеніммен айта аламын.

Атқарар жұмыс көп. Бірақ, қолымыздан бәрі келеді. Биліктің атқарушы және заңнамалық салалары, құқық қорғау жүйелері, әлеуметтік институттар мен қауымдастықтар, ҮЕҰ «Нұр Отан» партиясының басшылығымен ел Президентінің Жолдауын түсіндіру бойынша жүргізілетін кең масштабты жұмысқа барша жұртты атсалыстыру керек. Өйткені, біздің барлық бастамаларымызға көрсетілген жалпыхалықтық демеудің маңызы аса зор.

Айман ТҮКБАЕВА,

Қарағанды облыстық

мәслихатының депутаты,

«Нұр Отан» партиясының «Білім беру» бағыты бойынша сайлауалды платформасының аймақтық

кураторы,

Ақтоғай ауданы Шашубай кентінің «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы Тірек мектебі

(ресурстық орталық)»

КММ директоры.

Сурет интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button