Басты тақырыпҚарағанды

«М-8» магистралі: үнем мен үде

    Облыс орталығы – Қарағанды қаласында биылғы жылы жүргізілген жөндеу жұмыстарының ауқымды болғанын тұрғындар жақсы білсе керек. Шаһардың шырайы кіріп, әлеуметтік нысандар әрлене түсті. Жолдар жөнделіп, көше-көшенің көркіне көрік қосылды.

    Ілкімді істерді қолға алуға мемлекеттік бағдарламалардың сеп болғаны бар. Соның бірі – «Нұрлы жол».

Аталмыш бағдарлама арқылы Қарағанды қаласында өткен жылдары да бірқатар жұмыстар жүргізілген. Мәселен, былтыр «Теплотранзит Караганда» ЖШС «Нұрлы жол» есебінен 2 миллиард теңгеге төрт жылу желісін қалпына келтірген. Нәтижесінде, жылу шығындары 8,8 пайызға төмендеген. Тұрғындар сапалы жылумен қамтылған.

Александр АКИШИН,

«Теплотранзит Караганда» ЖШС бас инженерінің орынбасары:

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Қарағанды қаласында қыруар шаруалар атқарылуда.

Үстіміздегі жылы «М-8» магистралдық желісінің учаскесін қайта жөндеу жүргізілді. Сол арқылы Пришахтинскідегі тұтынушылар мен Шахтерское кентінің нысандарын жылумен қамтамасыз ету жұмысының сапасы артты.

Жылу беру нысандарын қайта жабдықтау 8,4 мың Гегакалорий жылуды үнемдеуге мүмкіндік береді. 27 және 29 шағын аудандар мен Құрылысшылар даңғылы бойындағы 135 көппәтерлі тұрғын үйді, сондай-ақ, 17 әлеуметтік нысанды сапалы жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Яғни, Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғырту тұжырымдамасын жүзеге асыруға мұрындық болуда.

Алдағы жылы да тозығы жеткен жылу желілерін жаңарту, автожолдарды жөндеуге байланысты қажетті жұмыстарды атқару көзделіп отыр.

Жалпы, «ЖЭО-3» ауданынан Пришахтинск шағын ауданына дейін «М-8» жылу магистралінің жалпы ұзақтығы 10 шақырымнан асады. Екі желінің әрбірінің диаметрі – 630 мм.

Бюджеттік бағдарламалар жоспарының өзгеруіне байланысты, 2015-2016 жылдары жұмыстар жүргізілмеген. Ал, биыл қалған екі желідегі құбырды (3,7 шақырым) қайта жабдықтау жұмыстарын аяқтау мақсатында, республикалық және облыстық бюджеттерден 1,5 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінген.

Қала әкімдігі тұрғындарды жылумен қамту үшін аталған жұмыстарды қарқынды жүргізу жөнінде тапсырма берген. Және бұл мәселе шаһар басшылығының жіті назарында.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button