«Ұлытауша үй бөлу — 2»

Былтыр 3-қарашада «Орталықтың» оқырмандары назарына «Ұлытауша үй бөлу» деген мақала ұсындық. Талай тамыр-таныс телефон шалды, біраз бейтаныс редакцияға хат жолдады: біздің білетініміз бергі жағы екен, жазғанымызды былай қойып, үй бөлудегі бұған дейінгі бірсыпыра былықты тілге тиек етіпті.

Жергілікті биліктен ресми жауап күтіп жүргенде аудан әкімінің орынбасары Б.Байжантаев Facebook әлеуметтік желісінде мемлекеттік қызметкердің этикасына жатпайтын жазба жариялап, мақала авторының ар-намысына тиетін орынсыз сөздің айтылуына себеп болды. Сорақысы сол, әлгі не басы, не аяғы жоқ жазбасын редакцияның электрондық почтасына да жөнелтіпті.

Facebook әлеуметтік желісінде жұртқа жөн-жосықсыз ақыл айтқан Бағдат Байжантаев жазбасында: «…менің үй алуыма келетін болсақ, мен қызметтік үйді «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру жөніндегі комиссиясының» төрағасы ретінде емес, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 24-бабы, 1-тармағына сәйкес ауданға келген маман тұрғын үймен қамтамасыз етілуге міндетті болғандықтан, мемлекеттік қызметкер ретінде қызметтік тұрғын үй алып отырмын» депті.

«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі болса әңгіме басқа, ал, карьера қуып келген мемқызметкерге оңды-солды қызметтік коттедж таратқан Ұлытаудан басқа ауданды естімеппін. Содан, «бәлкім бізге беймәлім бірдеңе бар шығар» деген дүдәмалмен, додаға түскен он коттеджге қатысты нақты деректер сұрап, оның ішінде Б.Байжантаевты қызметке тағайындау кезінде жасалған еңбек шартының көшірмесі де бар, сол кездегі аудан басшысы Берік Әбдіғалиұлының атына 2020 жылы 9-қаңтарда хат жолдадық. Сол жылы 28-желтоқсанда Б.Байжантаев пен Б.Есназаров дайындаған, аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Оспанов қол қойған жауап алдық. Бірақ, Б.Байжантаевқа қатысты бір ауыз сөз таппадық.

1995 жылы 26-желтоқсанда ҚР Президентінің Заң күші бар Мемлекеттік қызмет туралы Жарлығы шықты. Бұл — мемлекеттік қызметке арнайы арналған бірінші нормативтік-құқықтық акт. Ол кейін қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңмен (1999 жылы 23-шілдеде қабылданып, 2000 жылы 1-қаңтарда күшіне енген) және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңдармен одан әрі дамытылды. Иә, алғашқы Заңның 24-бабы 1-тармағында «Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі» деп көрсетілген.

Ал, жоғарыдағы Заңның күшін жойып, 2015 жылы 23-қарашада қабылданған және 2016 жылы 1-қаңтардан қолданысқа енген жаңасында 24-бап «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен жасалатын еңбек шарттары» деп аталады. Осы Заңға «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мансаптық жоспарлау» деген 24- 1-бап енгізілген. Алайда, биыл 11-қаңтарда өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде бұл бап алынып қалған. Сонда 2018 жылғы 19-наурыздан Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары болып істеп келе жатқан Б.Байжантаевқа қызметтік коттедж қандай құжатқа негізделіп берілген?

Биыл 19-наурызда Б.Байжантаевты қызметке тағайындау кезінде жасалған еңбек шартының көшірмесін сұрап Ұлытау ауданының әкімі С.Медебаевқа тағы хат жолдадық. 26-наурызда хабарласқанда: «Қолыма тимеді» деп, қайта жіберуді өтінді. Айтқанын істедік. Келісімшарттың көшірмесіне кеше қолымыз әрең жетті. 2015 жылғы 23-қарашадағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның негізінде жасалған келісімшартта баспанаға байланысты бап таппадық. Ал, негізге алынған Заңның жайын жоғарыда айттық. Сонда, Б.Байжантаев «ауданға келген маман тұрғын үймен қамтамасыз етілуге міндетті» дегенді қайдан шығарып жүр?

***

Мақсұт Оспанов — аудан әкімі жоқта оның міндетін атқаратын орынбасар. Әсіресе, сайлауалды дайындық науқаны кезінде, сосын бұрынғы әкім Берік Әбдіғалиұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланып кеткеннен кейін «екі тізгін, бір шылбыр» қолға еркін тиді. Соның буы ма, әлде басқа ойы болды ма, жаңа әкімнің келуіне он шақты күн қалғанда, М.Оспанов биыл 20-қаңтарда туған бауыры Мұқтарды аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы етіп тағайындау жөніндегі өкімге қол қойып жіберді. Сол күні оны әкім аппараты мен жұртшылыққа таныстырды. Ал, әкім аппаратының жетекшісі Д.Жұманов әлеуметтік желіде айқайлатып ақпарат таратты.

Осындай байланыс құралын ойлап тапқан Марк Цукербергке мың алғыс! Шулаған ел әлеуметтік желіні жарып жібере жаздады. Қазіргі адамның азаматтық белсенділігі өз алдына, саяси сауаттылығы да сорлы емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен тапсырмасына сәйкес жақын туыстар бір мекеме мен құрылымда жұмыс істеуіне болмайтынын, «Мемлекеттік қызмет» пен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңдарды, мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін алға тартып, «ағайындылар амалын» тығырыққа тіреді. Бұқараның беталысын байқаған М.Оспанов бір жұмадан кейін амалсыздан өкімін өзгертті.

Мен жоғарыдағы мақалада былай деп жаздым: «…үй берілген тізімнің басында аудан әкімінің орынбасары М.Оспановтың әкесі Сәрсембай ақсақал тұр. «Апатты жағдайдағы» баспанасын аудан әкімдігінде қызмет істейтін қызы Қымбатқа қалдырып, жаңа коттеджге кіріп алған». Бұған Б.Байжантаев әлеуметтік желіде былай деп жауап қайтарды: «…«жалғыз үйі апатты жағдайдағылар» тізімінде тұрған Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген Сәрсенбай ақсақалға баласы әкімнің орынбасары болғандықтан емес, ҚР «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 11-бабы, 1-тармағына сәйкес берілген». Дұрыс-ақ! Біз де «баласы әкімнің орынбасары болғасын алды» деп отырған жоқпыз.

Бірақ, «Сәрсенбай ақсақалдың апатты жағдайдағы ескі үйі бос тұр. Ал, қызы Қымбат Сәрсенбай ақсақалмен бірге тұрып жатыр» дегені қып-қызыл өтірік. Жас баласы бар Қымбат жуырда қайын жұртына қоныс аударғанға дейін сол үйде тұрды. Таяуда бұрын ақсақалмен бірге тұрып келген баласы Асқар бала-шағасымен сонда көшіп барды. Осы жағы түсініксіз?!

P.S. Есіме қазақтың «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» деген қанатты сөзі түсіп отыр. Төрағалығын пайдаланып тізеге басып, комиссияның кейбір мүшесі қарсы болғанына қарамастан он коттеджді бөліске салған Б.Байжантаев құтылып, өзіне жүктелген лауазымдық міндетін толық орындамағаны үшін аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік Әбілов тәртіптік жазаға тартылып, аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Оспановтың 2019 жылғы 16 қазандағы өкімімен оған ескерту жасалды. Туған бауырын басшылық қызметке тағайындау туралы өкім шығарған аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Оспанов құтылып, аудан әкімі аппаратының жетекшісі Думан Жұманов таяуда қызметімен қоштасты. Аудан әкімдігіне соңғы сауал: 2018 жылдың желтоқсанынан құжатсыз коттеджде тұратындар жал ақысын, жер мен жылжымайтын мүлік салығын қалай төлеп келеді?

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ ауданы.