Жаңалықтар

Ұлытауда құрылыс – қарқынды

Ұлытау ауданының 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына сәйкес, құрылыс жұмыстарының көлемін 3 200,0 млн. теңгеге орындау жоспарланған. Құрылыстың жалпы көлемі – 7 684 шаршы метр.

«Тұрғын үйлерді пайдалануға беру» нысаналы индикаторы бойынша 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында Ұлытау ауданында 8379 шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға қабылданған (өткен жылғы кезеңге – 418,5%). Оның ішінде, тұрғын үй салушылармен, яғни, Ұлытау ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы жеке тұлғалар актілеріне сәйкес, орындалғаны – 1085 шаршы метр (өткен жылмен салыстырғанда – 54,2 процент). Тамыздағы деректер бойынша жалпы аумағы 1085 шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, қаңтар айында – 3 тұрғын үй (313 м2), ақпан айында – 2 тұрғын үй (202 м2), наурыз айында – 2 тұрғын үй (122 м2), сәуір айында – 3 тұрғын үй (335 м2), мамыр айында 1 тұрғын үй (112 м2) пайдалануға қабылданған.

Бүгінгі күні Ұлытау селосының орталығы үлкен құрылыс алаңына айналған. Жамбыл және Тайжан көшелерінде 2 және 3 қабатты бес үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Атап айтқанда Жамбыл көшесінде жалпы ауданы 2 073,8 шаршы болатын 24 пәтерлі 3 қабатты үй және Тайжан көшесіндегі әрқайсының аумағы 994,0 шаршы метр болатын 2 қабатты 16 пәтерлік екі үй мен әрқайсының аумағы 497,0 шаршы метр болатын 2 қабатты, 8 пәтерлі 2 үй аудан жұртшылығын баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге елеулі септігін тигізбек. Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында, осы салынып жатқан тұрғын үйлерден 1-3 бөлмелі 72 пәтер сатып алу көзделген. Сондай-ақ, бюджеттік қаражаттар есебінен сатып алу арқылы және Ұлытау ауданының кент және ауылдық округтеріндегі жекеменшік қаражатына тұрғын үй салушы азаматтардың есебінен баспана мәселесін оңтайлы шешу жоспарлануда. Бұл ретте, 2021 жылға арналған аудандық бюджеттен Ұлытау селосында алғашқы нарықтан 24 пәтерді сатып алуға 364 791,0 мың теңге қаражат бөлінді.

Сонымен қатар ауданда «Жұмыспен қамтудың 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасын» іске асыру шеңберінде 2020 жылы 3 жоба басталды. Оның бірі – Қарсақбай кентіндегі 100 көрерменге арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені. Жұмыс мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін қолдану арқылы конкурс жариялаудан басталды. Конкурс қорытындысымен Мердігер ұйым – «Караганда Строй Конструкция» ЖШС жеңімпаз болды. Жобаның шарттық құны 440 635,6 мың теңгені құрайды. Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы 31 қыркүйек.

Ал, Жезді кентіндегі 160 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы бойынша да мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін қолдану арқылы «Караганда Строй Конструкция» ЖШС 393 717,1 мың тенгеге жеңімпаз болып анықталды. Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы қыркүйек айы.

Үшінші жоба – «Ұлытау селосында кәріз тазалағыш ғимараттардың құрылысы» бойынша 2-кезеңі іске асырылуда. Мердігер ұйым «Еңбек-Қарағанды» РМК-мен жасалған келісімшартқа сәйкес, жобаның құны 520,0 млн.теңгені құрайды. Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы 31 желтоқсан.

Сонымен қатар жыл соңына дейін «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының Сапар орталығы мен Этноауылдың құрылысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының тартылатын тораптарының құрылысы жобасы мен аудан орталығындағы Өлкетану мұражайының құрылысы жобасын да аяқтап, ғимараттарды іске қосу көзделуде.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button