Жаңалықтар

Ұлытауда – меценаттар форумы

      Ұлытау ауданында Мемлекет басшысы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туың тік!» бағыты аясында «Туып өскен өлкем менің» атты мектеп меценаттарының форумы өтті. Ұлтжанды азаматтардың ұлағатты ұстанымдарын кең тұрғыда жариялап, өзгелерге өнеге етуді мұрат тұтқан салмақты жиынға аудан әкімі Әнуар ОМАР қатысып, игі бастаманың өзектілігі мен маңыздылығы хақында ой толғады.   
Туған өлкенің жасампаздық сипатта жаңғыруына, әсіресе, ауылдардағы білім беру ошақтарының тынысы кеңейіп, мүмкіндіктерінің арта түсуіне мүдделілік танытқан жомарт пейілді азаматтарға алғаусыз алғысын айтқан аудан басшысы олардың қатары уақыт санап ұлғая түсеріне сенім білдірді. Сонымен қатар, кезінде өзін білім нәрімен сусындатқан №1 Ұлытау орта мектебінің оқу үлгерімі ең үздік оқушысы мен өнерге ерекше қабілеті бар оқушысына өз қалтасынан әкесі Серікбай Омарұлы атындағы әрқайсысы 50 мың теңгеден жыл сайын дәстүрлі түрде беріліп тұратын екі шәкіртақы тағайындайтынын, анасы Кәмила Исламқызы атындағы дәл осындай көлемдегі шәкіртақылар өзінің қолына орта білім туралы аттестат ұстатқан №8 Егінді орта мектебінің екі оқушысына да берілетінін мәлімдеді.
Форум барысында аудан аумағындағы кенттер мен селолық округтердегі 15 орта мектепке, сол оқу ошақтарының оқушыларына көмек көрсеткен және жәрдем жасауға шынайы пейіл бұрып отырған 25 меценаттың есімдері аталды. Төңірегіне ізгілік нұрын сепкен дархан пейілді азаматтар сахна төріне шақырылып, бұқараның ізеті мен құрметі көрсетілді, естелік сыйлықтар тапсырылды. Олардың тарапынан бөлінген, сондай-ақ, бөлінуі қарастырылған қаражаттың жиынтық сомасы 5 млн. 600 мың теңгеден асып жығылғанын айта кету артықшылық етпейді.
Туған өлкесіне іңкәрлігін нақты істерімен айғақтаған меценаттар алуан түрлі салада қызмет атқарады. Арасында Астана, Алматы, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тұратын, есімдері елге етене мәлім азаматтар да бар. Олардың қатарында кәсіптерін ілгері бастырып, тірлік нәпақасын туған жерден тауып жүрген жігіттер мен қыздар да жетіп артылады.
Мектептерге көрсетілген көмек түр­­лері – сан алуан. Дәлірек айтсақ, ізгі ниетті әрекеттер пән кабинеттерін жабдықтау, аз қамтамасыз етілген отбасылары балаларына киім-кешек пен оқу құралдарын алып беру, теледидар қондырғыларын орнату, компьютер және принтерлермен қамтамасыз ету, музыкалық және спорттық құрал-жабдықтарын бөлу, сынып бөлмелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу, жылу құбырларын ауыстыру секілді шаруалармен сипатталады. Мектепішілік іс-шараларды қаржыландыру, ұлт-аспаптары оркестріне қамқорлық жасау, шәкіртақы тағайындау, сыртқары жерлерде өтетін байқауларға қатысушылардың жолсапар шығынын көтеру сияқты шырайлы істер де солардың қатарында.
Форум жұмысын қорытындылаған аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов жарасымды жиынды жыл сайын өткізіп тұру жоспарға енгізілгенін атап өтті.
Арнайы ұйымдастырылған көрмеге оқушылардың қолынан шыққан робот техникалары мен қолөнер бұйымдары қойылды.

Ахат Құрмансейітов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button