РуханиятҰлытау

Ұлытауда екінші рет «Көкмайса» этнофестивалі өтті

Маусымның 14 мен 16 аралығында Ұлытау ауылында екінші мәрте «Көкмайса» этнофестивалі өтті. Шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен, алыс және жақын шет елдерден келген қатысушылар мен қонақтар қатысты.

Фестивальдің бірінші күнінде Ұлытау ауылының мәдениет үйінде «Едіге тау – ескі жұрт ескерткіші» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференциядан соң қонақтар үшін Едіге тауына сапар ұйымдастырылды. Түскі астан соң дәстүрлі және ақындардың әндері байқауының іріктеу кезеңі өтті. Кешкі уақытта жастар үшін «Алтыбақан әндері» мерекесі ұйымдастырылды. Мұнда жастар алтыбақанда тербеліп, қазақ халық әндерін орындады.

15 маусымда «Көкмайса» этнофестивалі театрландырылған көрініспен ашылды. Дәл осы күні қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптар, садақ ату, қатын күрес, аударыспақ, теңге алу, асау үйрету секілді ұлттық сайыстар ұйымдастырылды. Кешке сахнада ән орындаушылар байқауының ақтық сайысына шыққандар өнер көрсетті. Соңында жиналған қауым назарына гала концерт ұсынылды.

Фестивальдің соңғы күнінде қонақтар мен қатысушылар үшін Ұлытау тауларына экскурсия ұйымдастырылды. Тау бөктерінде атпен серуендеді қонақтар. Бұл күні сондай-ақ, көкпар, қыз қуу, аламан бәйге өтіп, фестивальдің жабылу салтанаты өтті.

«Көкмайса» этнофестивалін ұйымдастырудың басты мақсаты – Ұлытау ауданының туристік әлеуетін жоғарылату. Бұл шет елдік қонақтарды қазақ халқының тарихымен және мәдениетімен таныстырудың жақсы және көрнекті мүмкіндігі.

«Көкмайса» этнофестивалі алғаш рет 2018 жылы Жезқазғаннан 160 шақырым қашықтықта Ұлытау маңындағы Кененбай көлінің жанында өткен еді. Ол «Терісаққан көктемі» этнофестивалінің бір бөлігі болып табылады. Аталмыш шарада шет ел азаматтары танымалдылыққа ие болып, ЮНЕСКО және ИСЕСКО (Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Ислам ұйымы) беделді халықаралық ұйымдарының назарын аударған.

Басқа материалдар

Back to top button