АймақҚарағанды

«Жасыл ел» жасақтары жарап тұр

Жас ұрпақ еңбек нарығына бұрынғыдан мүлде басқа көзқараспен келіп жатыр. Олар үшін жоғары жалақы ғана емес, кәсіби даму, икемді жұмыс тәртібі және қоғамға пайда келтіру де маңызды. Осындай жағдайда мемлекет жүзеге асырып отырған «Жасыл ел» бағдарламасы жастардың алғашқы еңбек мектебіне айналып отыр. «Жас келсе – іске» деген қағиданы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатының маңызды бағыты ретінде үнемі атап келеді. Президенттің айтуынша, жастарды еңбекке баулу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық пайдалы іске жұмылдыру – елдің тұрақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Осы міндетті жүзеге асыруда екі онжылдықтан бері жалғасып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы мыңдаған жастың алғашқы еңбек мектебіне айналды. Биыл облысымызда да жобаға деген қызығушылық артып, маусымдық жұмысқа орналасуға ниет білдірген жастардың қатары көбейді.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Президент жастардың сапалы білім алып қана қоймай, еңбек нарығына еркін бейімделуі мен тұрақты жұмыспен қамтылуы елдің тұрақты дамуының маңызды факторы екенін бірнеше рет атап өтті. Осы міндетті іске асыруда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы маңызды рөл атқарып келеді.

Облыста биыл «Жасыл ел – 2026» еңбек маусымына қатысушыларды қабылдау сәуір айында басталды. Бағдарлама аясында жастар қалалар мен ауылдарды көгалдандыруға, қоғамдық орындарды абаттандыруға және экологиялық акцияларға қатысуда.

Бағдарламаға 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар қатысып, өңірді көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалау және экологиялық акцияларға атсалысады. Жастар табиғатты қорғауға бағытталған түрлі қоғамдық шараларға белсенді қатысады.

Бүгінгі Z ұрпағы үшін алғашқы еңбек тәжірибесі ерекше маңызды. Олар жұмыс барысында тек табыс тауып қана қоймай, ұжыммен жұмыс істеуді, жауапкершілікті, уақытты тиімді жоспарлауды және еңбек тәртібін меңгереді. Бұл дағдылар кейін тұрақты жұмысқа орналасуда үлкен артықшылық береді.

– Биыл Қарағанды қаласында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 2 мың жас маусымдық жұмыспен қамтылып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда жобаға деген қызығушылық айтарлықтай артты. Қатысуға ниет білдіретін жастар саны көбейіп, бос орындар жарияланған сәттен бастап өтінімдер қысқа уақыт ішінде толады. Қазіргі Z ұрпағы үшін жалақы маңызды болғанымен, олардың басым бөлігі алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, жаңа дағдыларды меңгеруге және ұжымда жұмыс істеуді үйренуге де ерекше мән береді. «Жасыл ел» бағдарламасы жастардың еңбекке деген жауапкершілігін қалыптастырып, тәртіпке, ұйымшылдыққа және ортақ іске үлес қосуға баулиды. Бұл олардың болашақ кәсіби өміріне берік негіз қалайды. Бағдарлама тек көгалдандыру жұмыстарымен шектелмейді. Қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, патриоттық тәрбиеге, еріктілік пен қоғамдық белсенділікті дамытуға бағытталған түрлі іс-шараларға қатысады. «Жасыл елден» еңбек жолын бастап, бүгінде әртүрлі салада тұрақты жұмыс істеп жүрген жастар аз емес, – дейді Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Рахат Райымбеков.

Биыл «Жасыл ел» жобасы Қарағанды облысында жаңа форматта жүзеге асырылып жатыр. Бұрын еңбек жасақтары негізінен жазғы маусымда ғана жұмыс істесе, енді жоба жыл бойы ұйымдастырылатын форматқа көшуде. Бұл жастарды жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтіп, қатысушылар санын арттыруға жол ашып отыр. Жобаға іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастарға басымдық беріледі. Сондай-ақ, биыл алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жастардың қатысуына ерекше көңіл бөлініп, инклюзивті бағыт кеңейтілді. Бұл мемлекеттік бағдарламаның әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтіп, жастарға тең мүмкіндік беру қағидатын іске асыруға ықпал етіп отыр.

Тағы бір жаңашылдық – қатысушыларды қабылдау үдерісі толықтай цифрландырылды. Өтінімдер электронды форматта қабылданып, кезек автоматты түрде қалыптастырылады. Жастар GreenMap цифрлық жүйесі арқылы ағаштар мен жасыл желектердің есебін жүргізуді, олардың жай-күйін тіркеуді меңгереді. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, жастардың цифрлық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарлама барысында жастар тек абаттандыру жұмыстарына қатысып қоймай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы экологиялық акцияларға, командалық тренингтерге және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған іс-шараларға да тартылады. Бұл олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, еңбекпен қатар көшбасшылық және коммуникациялық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

– Биыл Қарағанды облысында «Жасыл ел» еңбек жасақтарына қатысатын 14-15 жастағы жасөспірімдер айына 85 мың теңге, ал 16-34 жас аралығындағы жастар 127 мың теңгеге дейін жалақы алады. Еңбекақысы жұмыс уақытына және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес төленеді. Бұл жастардың өз еңбегімен алғашқы табысын тауып, қаржылық жауапкершілікті сезінуіне мүмкіндік береді. Жоба қатысушылары еңбек шартымен рәсімделіп, заңнамаға сәйкес әлеуметтік аударымдармен қамтылады, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.

Қазіргі еңбек нарығында дипломнан бұрын практикалық тәжірибе мен кәсіби машық бағаланады. Мемлекеттік бағдарламалардың басты артықшылығы – жастардың еңбек жолын жеңілдетіп, жұмыс беруші мен жас маман арасындағы алғашқы байланысты қалыптастыруында. Қатысушылар тарапынан жұмыс маусымын ұзарту, жастар санын көбейту және осындай жобаларды жыл бойы ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар жиі айтылады. Бұл бастамалар бағдарламаны одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, «Жасыл ел» – жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоғамға пайдалы әрі белсенді тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды жоба.

– Биыл алғаш рет «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып жатырмын. Бастапқыда жазғы демалыста табыс тауып, бос уақытымды тиімді өткізуді ойладым. Бірақ жұмыс барысында бұл жобаның маңызы әлдеқайда кең екенін түсіндім. Мұнда еңбек тәртібін сақтауды, уақытты бағалауды, ұжыммен бірлесіп жұмыс істеуді үйрендік. Әртүрлі жастармен танысып, жаңа достар таптым. Жетекшілеріміз қауіпсіздік ережелерін сақтауды, жауапкершілікпен жұмыс істеуді үнемі түсіндіріп отырады. Еңбегімізге лайықты жалақы алып жатқанымыз да – біз үшін үлкен қолдау. Бұл – өз еңбегіммен тапқан алғашқы табысым. Болашақта қай салада жұмыс істесем де, осы бағдарламада алған тәжірибе мен қалыптасқан еңбек дағдылары маған көмектесетініне сенімдімін, – деді «Жасыл ел» бағдарламасының қатысушысы Акбар Мұқашев

Жастарды еңбекке баулу тек экономикалық емес, тәрбиелік маңызға да ие. Қоғамдық жұмысқа араласқан жас өз өңіріне жауапкершілікпен қарап, табиғатты қорғауға және туған жердің дамуына үлес қосуға ұмтылады. Бұл – Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытымен де үндес.

Осы бағыттағы тағы бір тиімді жоба – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарын аяқтаған түлектер өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатады. Көп жағдайда жастар тәжірибесі аяқталған соң тұрақты қызметке орналасып жатады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button