«Ұлытау жыршысы»

    Кенші, белгілі журналист-ақын, аудармашы, зерделі зерттеуші, өмір жолымен қоса, шығармашылық ізденісі де негізінен Ұлытау-Жезқазған өңірімен тікелей байланысты болып, кейінгі ұрпаққа өлкетану тақырыбындағы «Ұлы Даланың Ұлытауы» атты қос томдық жинақ пен «Ұлытау» тарихи-танымдық кітабын қалдырған, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Қуаныш АХМЕТОВТІҢ туғанына 70 жыл толуына орай, Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген жинақ осылай аталады.

%d2%b1%d0%bb%d1%8b%d1%82%d0%b0%d1%83-%d0%b6%d1%8b%d1%80%d1%88%d1%8b%d1%81%d1%8b

    Жинақтың құрастырушысы және жауапты редакторы – қарымды қаламгердің рухани бауыры, журналист-баспагер, «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіт. Ал, жарық көруіне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған – көзі тірі кезінде өзі қызмет істеген «Фолиант» баспасының директоры, халықаралық деңгейдегі танымал баспагер Нұрлан Исабеков.

    Жинақтың алғашқы бөліміне дарынды ақын, майталман журналист әрі қоғамға тарихи-танымдық зерттеулерімен танылған Қуаныш Ахметовтің негізінен Ұлытау өңіріне қатысты танымдық мәні зор бір топ таңдаулы туындылары топтастырылған. Екінші бөлімінде жарық дүниеден ертерек баз кешкен талант иесінің шығармашылық келбетін әр қырынан арқау еткен және азаматтық ажарын айқындап, адами бітім-болмысын айшықтаған мақалалар мен естеліктер, арнаулар мен лебіздер, жүрекжарды толғаныстар жинақталып берілген.

    Кітаптың тұсаукесер рәсімі Елордада «Фолиант» баспасының ұйымдастыруы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген «Eurasian Book Fair – 2016» атты Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Көрме орталығында өткізілді. Тұсаукесерге танымал өнер және мәдениет қайраткерлері, көрнекті қаламгерлер, жалпы кітапсүйер әлеумет қатысты.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.