Ресми

Ұлытау облысының Елтаңбасы бекітілді

Бірнеше ай бойы Ұлытау облысының Елтаңбасының үздік эскиздік жобасына байқау өткені белгілі. Өңірдің басты рәмізіне қатысты республикамыздың түпкір-түкпірінен 130-ға жуық ұсыныс түсті.

Барлық эскиздер 2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығында арнайы ұйымдастырылған көрме аясында Жезқазған тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды.

Нәтижесінде комиссия мүшелері және көрмеге келген тұрғындар ең үздік 18 эскизді таңдады.

Ұлытау облысының Елтаңбасын таңдауға өңірдің барлық тұрғындары да Instagram парақшасында танымал  «Это Жез» парақшасында дауыс беру арқылы қатысуға мүмкіндік алды. Онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған №15 нұсқа болып айқындалды.

Жеңімпаз атанған эскиздік жоба жерлесіміз, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі Шахибаден Сейіткеновтың еңбегінің нәтижесі.

Ұлытау облысының Елтаңбасы – таулардың бір түсті контурлық бейнесі. Елтаңбаның төменгі бөлігінде – «ŪLYTAU» деген жазу бар.

Түрлі-түсті бейнеде Ұлытау облысының Елтаңбасы екі түсті: қоңыр және көк. Елтаңбадағы орталық орынды Ұлытау тауларын еске түсіретін сурет алады. Алайда, таулардың бейнесі тек рельефті жаңғырту ғана емес, бұл үлкен көркемдік-эстетикалық образ; бостандықтың символы, болашаққа апаратын жол, рухани өрлеудің символы.

Төменгі жағында орналасқан «ŪLYTAU» жазуы таңбалы тас петроглифтері  стилінде бейнеленген. Бұл өз кезегінде, біздің өлкеміздің бай тарихын, халықтың бірлігі мен тұтастығының ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейді. Ғалымдар таңбалы тасты қазақ халқының алғашқы Конституциясы деп атағаны кездейсоқ емес: мұнда ру  өкілдері тастарға петроглифтер ойып, Мәңгілік бауырластықта болуға ант берген.

Осылайша, тұрғындар таңдаған Ұлытау облысының Елтаңбасы өңіріміздің ажырамас өткенін, бүгінін және болашағын байланыстырады.

Бұдан былай бұл Елтаңба Ұлытау облысының айрықша белгілерінің бірі болады. Елтаңбаның эталонын арнайы комиссия бекітті, оның құрамына аймақтағы танымал ғалымдар мен суретшілер, тарихшылар мен педагогтар, құрметті ардагерлер мен қоғам қайраткерлері енді. Комиссияның төрағасы қазақстандық суретші және сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков болды.

Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button