Ұлытау – Ұлт ұлағатының ұстыны

Мемлекет басшысының дүйім елді жалт қаратып, жалпы жұрттың санасы бір демде сілкінуіне себепкер болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – Ұлт Көшбасшысының елдік ұстаным тамырларын мейлінше тереңдете түсуге қатысты әр кезде жалықпай айтып жүрген мазмұны көшелі һәм көрегенділік сипаттағы ой-пікірлерінің бір арнаға жүйелі негізде тоғысуының көрінісі. Бұл – ұлы тарих мінберінен жер-жаһанға жария етілген ұлағатты бастама, ұлттың сертке берік зерделі азаматтарының сергектікпен күтіп жүрген сәтті кезеңі.

Рухани жаңғыру – сана-сезімдегі соны серпіліс, түбі тоқырауға жетелеуі бек мүмкін таптаурын түсініктерден арылу. Өз көкейімізде бой көтерген пайымға сүйене сөйлесек, ұлттық құндылықтардың қадірі мен қасиетін терең бағамдауға батыл бет бұру. Сол арқылы, ұлттық бітім-болмыстың жасампаздық жолындағы дара даңғылына түсу. Елбасы ертеңгі күндері ел болып жұмыла атқаруға кірісетін әрекеттердің маңызы мен мәнін «…Біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп баршаға түсінікті түрде дәйектеп берді.

Айрықша бір атап өтерлік жайт – мақаланың қоғамдық пікірлердің толассыз тасқынын туындатқаны және олардың бірыңғай жағымды мағынада өрбігендігі. Соның бәрі келер күндердің бағдарламалық құжаты есебінде қабылданған мақаланың маңыздылығы, онда қозғалған мәселелердің өзектілігі мен өміршеңдігі күмәнсіз мойындалғанын айғақтаса керек. Тіпті, әдетте, жоғары мемлекеттік билік тарапынан қолға алынатын бастамалардың астарынан мін іздеуге құлықты болып тұратын бәзбір белсенді азаматтардың тарапынан қапысыз қолдау табуы, олардың ортақ мүдделі іске үлес қосуға ынталылық танытуы көңілге қуаныш ұялатады.

Иә, Елбасының өз сөзіне сүйенсек, «әлемде бағыты әлі бұлыңғыр жаңа тарихи кезең басталды». Сауалы мен сынағы аса мол кезеңнің кедергілерін еркін еңсеру, тыңнан жол тауып, тығырықтан қысылмай шығу – ел алдында тұрған еңселі міндеттердің бірегейі. Нұрсұлтан Әбішұлы осы мақсатқа жету жолдарын екшеу барысында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» дей келіп, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген ой түйеді.

Сындарлы шақта бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы секілді рухани жаңғыру бағытындағы басты қажеттіліктерді жіпке тізгендей даралап көрсеткен Ұлт Көшбасшысы жуыр маңдағы міндеттер ауқымын да айқындап берді. Мақаладағы әр тараудың, әр сөйлем мен әр сөздің астарында ел ертеңін кемелдендіру мен ұлт рухының асқақтауын мұрат тұтқан парасат пайымдары жатыр. «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» дегені – соның тұжырымды айғағы.

Өз мақаласында елдік ұғымын ерекше ескерген Елбасы «Туған жер» бағдарла­масын қолға алуды ұсынды. Аталған бағдарламаның жалпыұлттық патриотизмнің на­­ғыз өзегіне айналарын тілге тиек етті. «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген түйін жасады. Бұдан бөлек «…ха­­лықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз к ерек» деді. Оған шүбәсіз қол жеткізу мақсатында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы болуы» қажеттілігіне назар аударды.

«Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ» дейді одан әрі Елбасы «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды». Терең түйсініп, байыпты бағамдай білген адам үшін бұл – барды бағалау мен солардың қауымға қажетті артықшылықтарын сараптай әрі санаға сіңіре отырып, болашаққа нық қадам жасаудың жарқын үлгісі. Оның астарында елдік мәселесінен тысқары, «Мәңгілік Ел» идеясын баянды ету ұстанымы жатқаны айдан анық.

Әрине, Ақтамберді жырау айтқандай, «Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін…». Халықтың басындағы бүгінгі бақытын баянды ету – ұлы мұрат. Елбасының қалың елі – қазағының мүддесі үшін ниеттенген бұл талпынысы – тағылымы терең, аса құптарлық іс. Өйткені, кез келген теріс пиғылды әрекеттерге «…өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз». Ауқымды жоба аясындағы сол құндылықтардың бірегейі ретінде Ұлы Дала Еліндегі киелі өңірлердің баға жетпес ерекшеліктерінің ескерілуі – көңілге қонымды, кімнің де болсын жүрегіне жылылық ұялатар ұстаным.

Ұлттың тарихи шежіресінен бастау алатын киелі өңірлердің қатарында Елбасы мақаласында Арқа төсіндегі қарт Ұлытау мен оның төріндегі жәдігерлер кешені де аталады. Алмағайып кезеңдерде халықтың басын біріктіріп, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығаруға» үндеген қастерлі өлке елдің рухани қажетін өтеуге әлі де ғасырлар бойы қызмет ете берері хақ. Бұл – хандарды ақ киізге көтеріп, билік тізгінін берген, қара қылды қақ жарған билер төрелік айтқан, бабалардың рухын ұштап, жігерін қайраған, баталы баһадүрлер қол бастап, қас дұшпанға қарсы аттанған, елдікті ұлықтау тұрғысындағы тарихи шешімдер шығарылып, бәтуалар жасалған қасиетті мекен. Сондықтан, жаһандану үдерістері дендей енген қазіргі күндері Ұлт бесігі – Ұлытау өзінің тарихи миссиясын жаңаша сипатта атқарып, елдің рухани жаңғыруына селкеусіз себесін бола алары күмәнсіз. Өйткені, ол – ұлт ұлағатының ұстыны. Тарихи таным биігінен қарағанда, қазақтың қанына сіңген қастерлі құндылықтары жинақталған, өнегесінің өрнегі айшықты өңір.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.