Руханият

Ұлыстың ұлы күнін қалай ұлықтап жүрміз?

Ұлыстың ұлы күні қазақ үшін ұлттық мәндегі қастерлі мейрам екенін айтудай-ақ айтып келеміз. Айтылуы керек те! Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр сұхбатында, мінберлерде айшықтауы бекер емес. Президент Наурыз мерекесі ұлттық жадымызды, болмысымызды жаңғыртуға сеп болатынын алға тартады. Біздіңше, оң пікір. Өйткені, өзінің өзегінен, күретамырынан ажырап, жаһандануға жұтылып кеткен және енді ғана азуға іліккен ұлттар баршылық. Солардың қатарынан табылмас үшін, іске көшкен абзал. Барымыз бен жоғымызды түгендеп, маңайымызға көз тастап, етек-жеңімізді жинайтын уақыт келді (келгелі қашан).

Бүгінде Наурыз мейрамының қадір-қасиетіне жете алып отырмыз ба? Белімізді буып, білегімізді сыбанып алып, бос айқай, бос ұранға, науқаншылдыққа ұрынып кеткен жоқпыз ба? Осы сауалдардың жауабын білу үшін ұлыстың ұлы күні қарсаңында обыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті өңірдің зиялы қауымын жинап, дөңгелек үстел өткізген еді. Наурыз албарында пікірталас жүріп, толғамды ойлар айтылды. Дөңгелек үстелімізге актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков пен қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова және айтыскер ақын, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбай Жұмағұлов, облыстық мәслихаттың депутаты, Дүниежүзі «қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башай, облыстық әкімдік қызметкері, Қазақ күнтізбесінің авторы» Нұржан Сұршаұлы қатысқан еді. Қатарда газетіміздің бас редакторы Ерсін Мұсабеков те бар. Үстел басында айтылған әңгімені қаз қалпында түсіруге тырыстық.

– Төрт құбыласы түгел ұлттық идеологияны қалыптастыруға Наурыз мейрамы ауадай қажет. Бұны кейінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан сұхбатынан аңдағандай болдық. Бір ғана қазақтың емес, тұтас Түркі дүниесінің жаңа жылы Наурызды өз биігіне шығаруымыз тиіс деп жатырмыз. Қалай шығармақ керек?

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ.

Әр заманның өз тілі бар

– Расында, бұл – өте өзекті мәселе болып тұр. Себебі, тәуелсіздік алғанымыз­ға отыз жылдан асып барады. Отыз жыл бойы осы ұлық мейрамның қадір-қасиетін толықтай түсінбей келеміз. Қайда барсаң, тұсау кесуді, қыз ұзатуды, бесіктегі сол бая­ғы тыштыманы сахналап жатады.

Жыл сайын бір сценарий. Сахналық көріністен аса алмай қалдық. Ал, Наурыз мейрамы қазақтың өз болмысы ғой. Ойдан шығарылған ештеңе жоқ. Наурыз­да атқарылатын дәстүрлер мен салттар, амалдар, барлығы дерлік қазақтың қайырымды, кең пейілді жұрт екенін айшықтап тұрады. Сонымен қатар, табиғат анаға мейіріммен қарайтын да үлкен қасиеті бар. Бір ғана көрісу күнінде қаншама ғиб­рат жатыр. Жиені нағашысымен, келіні енесімен, көршісі көршісімен, ағайын ағайынмен көріседі. Сақтап жүрген өкпе-реніштері болса, сол күні кеңдік танытады. Қарым-қатынастарын жаңа парақтан бастайды. Сол себепті, Наурызға жәй ғана мереке деп емес, ұлттық бренд деп қарағанымыз абзалырақ. Тіпті, Түркі жұртына ортақ мейрам. Осы мереке арқылы бауырлас жұрттармен арадағы байланысты нығайтуымыз тиіс. Келешек ұрпаққа осының бәрін дер кезінде дәріптеп, түсіндірмесе болмайды. Олар ертең мына ұлысқа ие болып қалады ғой. Оларды қайта-қайта қаңқалары темірден құралған жасанды киіз үйге сүйрей берудің қажеті шамалы. Бәрін музей қылып тастағанбыз. Байқасаңыздар, өз дәстүріміз өзімізге экзотика болып барады. Бауырсағымызды жеп, наурыз көжемізді ішіп, жөнімізге жөнелеміз. Қарын қампайса болғаны. Асқазанның қамын ойлата бергенше, сол жастарға салт-дәстүрімізді мейілінше насихаттап, тәрбиелеу – жөн іс. Сонымен қатар, бір сценарийді жыл сайын қайталай бермей, Наурызды бүгінгі күнге лайықтап алуымыз тиіс. Әр уақыттың, заманның өз тілі бар. Сол тілге көшпесек, икемделмесек, бәрі бекер. Дабырлап жүретін уақыт өтіп кеткен.

Мектепте де жағдай оңып тұрған жоқ. Наурыз келсе болғаны, мұғалімдер қара орман оқушыға сол баяғы киіз үй, бесік, бәйге, көкпар туралы айта береді. Әлгі директордың тапсырмасы орындалса болғаны. Наурыз аяқталған соң, бәрі жайына қалады. Кімді алдағымыз кеп жүр?! Айналайындар-ай, соның бәрі өмірде іске асуы тиіс. Дәріс оқи бермей, қолынан іс келетін қолөнер шеберін алдыртып, бірдеңе үйретіңдер. Жыл бойы үйретілуі тиіс. Қаршадай қыздар бесіктің жабдықтарын жасауды, құрақ құрауды, тігін тігуді үйреніп шықсын. Ол ертең сол білгенін өз баласына үйретеді. Ұрпақ сабақтастығы осыдан басталады. Мысалы, кішкентай ғана аралда күн кешіп жатқан жапондар сакура ағашы гүлдегенде ұлттық киімдерімен көшеге шығып, бір-біріне сәлемдеседі. Сол арқылы маңайына жағымды көңіл күйінің самалын таратады. Президент, немесе, пәленше айтты екен деп шықпайды көшеге. Олардың санасына әбден бекіген. Айтпасаң да істейді. Ал, біздікі ше?! Құр ұран мен алашапқын.

Мысалы, менің бала кезімдегі Наурыз­ды айтып берейін. Көрісу күнінде бізді таңғы сағат жетіде оятып алатын. Сосын ата-әжеміздің үйіне бата алып кел деп жіберетін. Біз соған үйренгенбіз. Ата-­әжеміз бізге тәттісін беріп, әбден тоятынбыз. Сосын батасын естіп, ойнақтап қайтушы едік. Міне, тәрбие дегеніміз. Көрісу күнінің тағы бір маңыздылығын айтайын. Ағайын қыста бір-бірімен жиі қатынаса алмайды. Қыста біреуі сырқаттанып қалуы мүмкін, немесе, басқа да жайттар орын алуы ықтимал. Міне, хабар-ошарсыз қалған ағайын бір-бірінің жағдайын сұрасады. Сол арқылы бауырмалдықтарын көрсетеді. Адамгершілікке тәрбиелеу дегеніңіз – осы! Қарағандыда да осыны жаңғыртуымыз тиіс. Орталық саябақтың аумағы кең. Сол жерге киіз үйді тік те, дастарханыңды жайнатып қой. Күнделікті күйбең тірліктің салдарынан аралары суып бара жатқан жұрт сол жерде көріссін. Әнін тыңдасын, сырлассын. Қазір подъездегі жастарыңыз амандасуға жарамайды. Қасыңнан өте шығады. Басқасы басқа, көршілердің сәлеміне зар боласың. Тек мерекеде ғана емес, жәй күндері де көңіл сұрас. Шаруасы шығып жатса, қолғабыс жаса. Бұл – ұлтымызды өзгеден даралап тұратын ұлы қасиет. Жас ұрпақ бұдан қашпайды. Мысалы, мен қазақ мектебінде оқитын немеремді үйге алып кету үшін барсам, қасындағы достары жүгіріп келіп амандасады. Яғни, тәрбиелеуге болады деген сөз. Тек өзіміз құнттамай жүрміз. Орыс мектебінде оқитын қазақ балаларының жағдайы мүлде басқа. Соған қынжыламын. Балаларымызды мұғалімдер тәрбиелесін деп әбден құбылып кеткенбіз. Жоқ, әр ата-ана өз баласын өзі тәрбиелеуі тиіс. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» депті дана халық. Балаң өзіңнен бұрын ұлтыңа керек екенін ескерген жөн. Ұлттық тәрбиеден, қасиеттен ажыраған ұрпақтан не қайыр?!

Әлі күнге дейін ата-бабамызбен мақтанамыз. «Пәленшеміз пәленше болған, сондай-ақ, мұндай-ақ болған» деп көпіреміз-ай кеп. Мақтанатындай не істеп жатырмыз?

Жастарымыз Батысқа жаппай еліктеуде. Өзіміздің дүние танымымыз өзгеріске түсуде. Жас ұрпақты тәрбиелеу үшін Наурыз мейрамының қадір-қасиетін арттыру – зор маңызға ие.

Майра ӘБДІРАХМАНОВА.

Наурызды дұрыс насихаттай алмай отырмыз

Қаңтармен басталатын Жаңа жылды бәріміз күтеміз. Мұны қоғам қабылдап қойған. Неге? Өйткені, сол Жаңа жылдың көңілге қонымды, ұнамды іс-шаралары бар.

Сол көңілге қонымды тұсын айтайын. Мысалы, үйіңіздегі кішкентай бүлдіршіндер Аяз ата мен оның немересін асыға күтеді. Түрлі сыйлыққа, тәттіге толы қызыл қоржынын күтеді. Сыйлық аламыз деп мәз болады. Меніңше, Наурыз мейрамында да балаларға сыйлық берілуі тиіс. Сонда ғана балаңыз Ұлыстың ұлы күніне қуанбақ. Міне, осы бір маңызды деталь ескерілсе екен.

Наурыз мерекесін өзіміз сүйкімсіз қылып алдық. Сол күні түрлі мекемелерді, кәсіпкерлерді киіз үй құруға, соның ішіне дастархан жаюға мәжбүрлейміз. Іс жүзінде сол киіз үйге ешкім емін-еркін кіре алмайды. Халық наразы боп қайтады. Жиналған жұртты ренжітіп аламыз. Шамалыдан кейін наурыз көже мен бауырсақтарды тарата бастадық. Соның өзінде тізімге сүйендік. Тізімге ілікпесеңіз, сізге Наурыздан сарқыт жоқ. Елді бөліп-жарып тастағанымыз өтірік емес. Саябаққа жиналған адамдардың дастарханды талап жатқанына да куә болып жүрміз. Сыртынан қарап тұрсаңыз, халқымыз аш секілді. Сол көрініске қарап тұрып қынжыламыз. Меніңше, Наурыздың насихаты басқа деңгейге көшуі тиіс.

Қазіргі қазақ зиялылары, тарихшы ғалымдары өткенімізді дәріптеудің тың форматын ойлап тапса, дұрыс болар еді. Наурыз тек киіз үй аралап, ішіп, жеу емес екенін ұғындырса екен.

Наурыз – діни мереке емес. Наурыз – табиғаттың жаңаруы. Осындай мейрамы бар ата-бабаларымыздың даналығына таң қаласың. Ал, 1 қаңтарда бүкіл әлем тек атқарған істерін қорытындылайды. Мұнда ешқандай да жаңаруды, ұлттық көзқарасты көріп тұрғаным жоқ.

Қазақта жайлауға шығу деген болған. Халықтың ықыласын осы ұлық мейрамға аударғымыз келсе, жайлауға киіз тігіп, жұртты сонда шақырайық. Қаланың күйбеңінен шаршағандар сөзсіз барады деген сенімдемін. Бұл – туризм саласында жүрген кәсіпкерлерге де тиімді.

Наурызды тойлау жаңа деңгейге көтерілуі үшін кәсіпкерлерге, халық арасындағы қолы ашық азматтарға жүгінген дұрыс шығар. Олар ұлттық тағамдарды, бұйымдарды жәрмеңкеге қойып, арзан бағамен саудаласа, халыққа жағуы әбден мүмкін. Өйткені, қандай да бір затты оңды-солды тегін тарататын уақыт емес. Бұл шара кәсіпкерге де, халыққа да тиімді деп ойлаймын. Мысалы, Наурыз дорба дегенді жасап, саудаға шығаруға болады ғой. Ұлттық мерекенің бренд тауарына айналса, керемет емес пе? Ішіне құрт, майыңды, ірімшігіңді сал. Көңілге қонымды.

Тағы бір маңызды мәселе. Наурыз күні өзге этнос өкілдерін де шараларға толықтай араластыруымыз керек деп ойлаймын. Олар да осы байтақ Қазақстанның бір бөлшегі ғой. Біз шапанымызды киіп, киіз үйімізге соларды қонаққа шақырамыз. Бұлай болмайды. Олар да қазақтың дәстүрімен тыныстасын. Көршісін, досын, маңайындағы жақсы адамдарын қонақ қылсын.

Наурыз кезінде Қыдыр атамыз сыйлық таратып жүреді. Қыдыр ата дорба сүйрепті, елге сыйлық таратыпты дегенді қай атамыздан естідік. Қыдыр атадан ел бата, медет сұрайды. Ол әлгі мұрыны мен беті қызыл, немересін ерткен Батыстың Аяз атасы емес. Осыны доғаруымыз тиіс. Әйтпесе, Қыдыр ата мен аяз атаның айырмасы болмай кетті.

Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ.

Киімнің ұлттық стилі өзі-ақ қалыптасып кетейін деп тұр

Кейінде бір мәселені талқылау үшін сұхбат құруды, жиын өткізуді әдетке айналдырып алғандаймыз. Сөзіміз өте көп. Бірақ, іске келгенде не істерімізді білмей, абдырап қалатынымыз жасырын емес. Наурызды өз биігіне көтеруіміз тиіс деп жатырмыз.

Негізінде, барлығы отбасынан басталуы тиіс. Балаға Наурыз туралы әкімдік емес, біз емес, үйдегі әке-шеше, ата мен әже айтқаны дұрыс. Бала үйден сіңірсін осы сөздің бәрін. Ұлттық киім, ұлттық стиль деп жатырмыз. Елге сіз өзіне ұнамайтын сол баяғы Қытайдан келетін сапсыз шапанды, тақияны ки деп айта алмайсыз. Бүгінде ұлттық киімді заман талабына сай етіп пішіп жатқан кәсіпкерлер көп. Соларға қолдау көрсетейік. Жап-жақсы қазақы оюмен сәнделген пиджактар, күнделікті жүріс-тұрысқа ыңғайлы күзгі, көктемгі шапандар біз айтпасақ та сәнге айналып келеді. Біз тек жарнамасына, насихатына көмектесіп жіберсек болғаны, киімнің ұлттық стилі өзі-ақ қалыптасып кетейін деп тұр.

Тағы бір маңызды мәселе: Арқада наурыз айында әлі қар жатады. Тіпті, боран соғып та кетеді. Көңіл күйіміздің жақсы болуы ауа райына да байланысты. Осыны да ескерсек.

Эстрадамызда патриоттық әндерге басымдық беруіміз тиіс. Жастардың рухын ояту – бүгінгінің басты міндеті болып тұрғаны жасырын емес. Наурызда халық әндеріне, күйлеріне, патриоттық әндерге басымдық берсек.

Сосын, Наурызда бәрін киіз үйге тықпалағанды қою керек. Жалпы халықтық сипат алуы үшін, сауда үйлерінде, мәдени мекемелерде ұлық мейрамның иісі шықсын. Міне, айтып отырған халық әндеріміз, күйлеріміз осындай жерлерде шырқалсын. Хоккейге, футболға барсаң да, жалпы бүкіл ғимаратта Наурыздың атмосферасы сезілсін. Қымыз сататындар көп бүгінде. Соларға субсидия бөлейік арнайы. Ауқымын кеңейтсін. Жұрт жаппай қымыз ішсін, құртын, сары майын жесін.

Меруеш БАШАЙ.

Науқаншылдықтан тыйылсақ

Қазақты қазақ етіп сақтап келген дәстүрі мен әдебі екені белгілі. Сондықтан, дәстүр мен әдепті насихаттауда науқаншылдықтан тиылсақ. Наурыздың шарапаты осындайда керек. Бір сөзбен айтқанда, Наурызды өз биігіне шығару үшін жаңа тұжырымдама қабылдап, нақты іске көшкен жөн. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде мәдениет саласындағылар мен мұғалімдер ұлттық киім кисе, нұр үстіне нұр болар еді. Талап қойылса, тіпті, керемет. Айтпай мырза айтып отырған заманауи үлгідегі шапандарды, комзолдарды жаппай қолданысқа енгізуміз тиіс. Ол үшін қолөнершілерге қолдау көрсетейік. Саудаға шығарсын өнімдерін. Ұлттық құндылықтың сақталуына да, өзінің әлеуметтік жағдайына да қызмет етпек.

«Дәстүр» деген орталықты аштым. Іргедегі қырғыз ағайындар жаппай шапан тігіп, саудалауда. Ал, бізде ше? Қаншама қазақтың қолынан іс келетін әйелдері жұмыссыз отыр. Соларды жұмыспен қамтиық. Үйде баласын бағып отырып та іс тігуге болады ғой. Табиғи жүннен тоқылған табиғи таза киім-кешектер ұлттың денсаулығына да пайдалы екенін ескерейік.

Нұржан СҰРШАҰЛЫ.

 

Бүгінгі қазақ қоғамына ақсақалдар жетіспей тұр

Бір ғана Наурыз мейрамын айтамыз деп біршама өзекті тақырыптарды қозғап жібердік. Бүгінгі қазақ қоғамына ақсақалдар жетіспей тұр. Наурызды өз биігіне шығару үшін миллиондап қаржы жұмсау­дың қажеті шамалы. Егер жас ұрпақтың санасында ұлттық тәрбие болмаса, миллиардтардың да пайдасы болмайды. Түрлі идеяларды айтып отырмыз. Баланың жүрегінде ұлтқа деген махаббаттың оты жанбаса, сағаттап отырып идеяларды тізудің де қайыры жоқ. Ұлт мүддесі жолындағы жұмыстар ешқандай айқай, ұрансыз шындап атқарыла бастаған күні Наурыз өз-өзімен ұлттық дәрежеге көтеріледі деген сенімдемін.

Түйін

Халқымыз 70 жылдай Кеңес үкіметінің идеялогиясымен өмір сүрді. Кеңес үкіметі идеялогиясының бір мықтылығы: олар өздеріне ыңғайлы жүйені, дүние танымды адамға мектеп кезінен сіңіргені белгілі. Мысалы, бәрін жаппай пионер қылды. «Ленин – біздің бабамыз» деп сайратты да қойды. Наурыздың да қадір-қасиетін, бағасын жас ұрпаққа мектеп кезінен сіңіру керек секілді. Бұл пікірді жоғарыда Майра Әбдірахманованың сөзінен таптық. Біздіңше, жөн сөз. «Елу жылда ел жаңа» дейді біздің жұрт. Мектеп қабырғасындағы балаларға Ұлыстың ұлы күнін тиісінше насихаттай алсақ, келешекте ұлық мейрамымызды солар өз биігіне шығарады деген ой түйдік. Ал, дөңгелек үстелімізде айтылған пікірлер, көтерілген мәселелер ескерілсе, біршама жыртығымыз жамалады деген үміт жоқ емес. Сол баяғы науқаншылдығымызға басып, бір жылда бір келетін көктемнің осы бір айынан дабырлап өте шықпасақ болғаны.

Модератор Ерік НАРЫН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button