Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Жер жаһанды сері самалға өпкізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, жеті қат жер астына дейін балқытып жеткен әз Наурыз мерекесі Нұра жерінде ерекше мерекеленді.

Ұлыстың ұлы күніне арнайы жайылған мерекелік дастарқандарда қазақы дархандықтың лебі есіп тұрды. Мұнда кілең ұлттық тағамдар қойылып, мерекені тамашалауға келген қауымға тегін үлестірілді. Сонымен қатар, арнайы құрылған алты шатырда қазан-қазан палау пісіріліп, 200 литр наурыз көже мен енелер мектебінен өткен жас келіндер пісірген 100 келіден астам бауырсақ та ыстық шаймен мерекелік шараға келген меймандарға ұсынылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары халықты мерекелік концертпен құттықтады. Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Ниқанбай Омарханов Наурыз тілегін жеткізді.

Ұлттық спорт түрінен өткен ойындар көптің көңілінен шықты. Нұралықтар бұл ойындарға бір кісідей атсалысты. Орталық саябақта мықтылар кір көтеріп мықтылығын танытса, палуандар боз кілемде күш сынасты. Арқан тартысы, асық ату ойындарын жиналған қауым кезекке тұрып, қызыға ойынның көркін қыздырды.

Аудан бойынша мерекеге арналып тігілген алты қанатты он сегіз ақ орда тігілді. Бұл үйлердің іші — сыртында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге салт-дәстүрді насихаттау мақсатында табиғи материалдардан матадан жасалған, тоқыма тәсілімен жасалған, ағаштан жасалған көл өнер бұйымдары, бисерден жасалған, ағашқа күйдіру тәсілімен жасалған, қылқалам шеберлерінің ең үздік деген жұмыстары қойылды. Әсіресе, Қайнар ауылы мектеп оқушыларының «Орбұлақ» шайқасын бейнелеген тарихи макеті ерекше көз тартты. Арнайы пластелиннен жасалған, ұрыс даласы сомдалған бұл макет жайлы мектеп ұстазы Жандос Жұмабаев көрмеге келушілерге егжей-тегжейлі түсіндіріп тұрды. Тассуат мектебі оқушыларының қолдан жасаған авиомадельдері мен Байтуған ауылының ағаштан ою ойған шебері Хызырбек Серікболдың жұмысы көрермендер талғамынан шықты. Жалпы көрме ұйымдастырылған үйлер маңында салт-дәстүрдің түр-түрі көрсетіліп, мереке ажарын аша түсті.

Сонымен қатар, осы күні аудан орталығындағы қарттар үйінде мерекелік дастарқан жайылды. Аудан әкімі қарттарды арнайы құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мерекеде аудан бойынша мыңға жуық отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді. Мерекеге деп арнайы «Ойын лотереясы» ойнатылды. Мұнда теледидар, мұздатқыш камера, газплита және тағыда басқа тұрмыстық техникалар мен 500-ге тарта ұсақ ұтыстар ойнатылды.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.