Руханият

Ұлы Даланың Ұлытауында

Қарағанды облысы әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен жолға шығып, айналасы апталық уақытта өңірдің біршама киелі жерлерін аралап шыққан автокеруеніміздің соңғы бағыты ұлттың ұясы Ұлытауда жалғасты. Ұлы бесікті бетке алып, 25 маусым күні жолға шыққанбыз. Керуен құрамы ықшамдалған. Жаңадан қосылғандар да бар. Мәселен, тура осы Ұлытау сапарына шыққан керуен құрамына профессор Жандос Смағұловтың жолығуын жақсы ырымға баладық. Өйткені, ұзақ жолда жаныңда сөз білетін, өмірден түйгені көп ағаның жүргені ғанибет қой. Олай болса, жолдың қысқарып, әңгіменің ұзаратыны айдан анық. Сонымен…

«Ұлт ұясы – Ұлытау», «Ұлытау – ұлылар мекені», «Ұлт тұғыры – Ұлытау» секілді тіркестерді таңдайың тақылдап айту бар да, оның мәнін ұғыну бар. Сондықтан болар, тура осы үшінші бағытқа деген құлшынысым аса зор. Қарағанды шаһарынан жезді өңір – Жезқазғанға жол тарттық. Салтанатты сапарымыздың алғашқы аялдамасы – Жаңаарқа ауданы орталығынан жүз шақырым жердегі, Сарысу өзенінің бойындағы Жұбан ана кесенесі. Жолдың жақсарғаны ма, жүргізушінің ептілігі ме… Әйтеуір, әңгіменің ырғағымен қалай жеткенімізді де аңғармай қалдық.

Жұбан ананың рухына құран оқып, тарихына, салыну құрылысына көз жүгірттік. Сапар бағдарламасымен алдын-ала таныс болғандықтан, аялдап, тәу ететін қасиетті жерлердің тарихы жайлы ізденіп, тарихи деректерді санамызға түйіп алғанбыз. Күмбез ту ралы алғашқы еңбекті орыс ғалымы И.Рычков келтірген. Этнограф, ғалым Шоқан Уәлиханов 1863 жылы күмбездің суретін салып, шағын мақала жазған. Жергілікті халық кесенені «Әулие қабірі» деп атайды. Жұбан ана кесенесі республикалық маңызға ие ескерткіштердің тізіміне енген. Күмбез құрылысы шамамен Х-ХІ ғасырларда бой көтергені туралы болжам бар. Осы болжамды нақтылай түскен академик Әлкей Марғұлан ескерткіш туралы жазбасында Қыпшақтардың ортағасырлық құрылысы екендігі туралы дерек келтіреді. Әрине, біздің мақсат – көне күмбез туралы тарихшылар зерттеуін қайталау емес, салқар дала төсіндегі осындай қасиетті орындарды насихаттау әрі ұрпақ санасында жаңғырту. Ендеше, отандық туризмнің тұғырлы нысанның бірі осы күмбез болса деген ой жетегінде атқа қондық.

Күн көкжиекке еңкейген ұлы бесінде Теректі әулиеге де келіп жеттік. Бізден де басқа аялдап келіп жатқан кісілер арнайы құрбандық шалып, құран оқытып жатыр екен. Құдайы дәмнен ауыз тиіп, төбешіктерге бет алдық.

Сонау көне дәуірдің куәсі іспеттес тастың бетіне қашалып салынған бейнелер, сол дәуірдің құпиясын өз қойнауына жасырып жатқандай-ақ. Көбіне жылқы, тауешкі, түйелердің әртүрлі бейнесі. «Әулие сырғанағы» деген төбе де бар. Қазіргі таңда бұл жер – мінәжат орны. Халық емшілерінен бастап дертіне шипа іздеген жандар ниет етіп, келеді екен. Әлгінде ғана әңгімелескен бейтаныс ағаның киелі жердің қасиетін осы бала-шағамызға насихат етіп жүрміз деген сөзі осыған дәлел болса керек.

Сырлы тастың сырына үңіліп, біраз уақытқа аялдап қалыппыз. Жолдың бойына жеткен соң, іле-шала мысты қаладан қоңыраулар түсіп жатыр. Олар да бізбен дидарласуға асық. Бізде жетуге асықпыз.

Санаулы сағаттан соң, Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне келіп жеттік. Алдымыздан шашу шашып, ықыласпен қарсы алды. Мұражайдың құнды жәдігер-мұраларымен археолог Ғабдол Әуезов таныстырып болған соң, дөңгелек үстелге жайғастық. «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің Жезқазған өңірі бойынша өкілі Амангелді Қайратұлы сөз бастап, «Ұлы Дала Елі» атты керуенімізге сәттілік тіледі. Келесі сөзді керуеніміздің басшылары алып, экспедициямыздың мақсат-міндеттерімен таныстырды.

Жезқазған қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы Зинаида Чумакова, музей директоры Раушан Оңқосынқызы сөз сөйлеп, отырыстың мәнін ашты. Музей басшылығы «Ұлытау және Ұлт» атты журналын сыйға тартты. Мұражай алдында естелік суретке түсіп, арқа-жарқа боп тарқастық.

Сәтбаев қаласындағы Достық үйінде дәл кешегідей отырыс көрініс тапты. Келелі жиыннан кейін, Жезді өңіріне жол тартық.

Күн төбеге көтерілген соң, «Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихи музейіне» келіп аялдадық. Мұражай есігіне енбес бұрын, Темірғали Аршабеков ағамыз біраз уақыт жоғалтатынымызды ескерткен болатын. Зейпін Қазанбае ва бастаған мұражай ұжымы қарсы алып, экскурсиямызды ашық аспан астындағы экспозициядан бастап кеттік.

Мұражай ішіндегі тарихи дүниелерді тамсана тамашаладық. Музей негізін қалаған Мәкен Төрегелдин ағамыздың кабинетімен таныстық. Тас ошақтан басталған құнды тарихи жәдіргерлер осында дерсің. Әбден танысып болған соң, мұражай ұжымымен аудиторияда отырыс өткіздік. Аз-кем сұхбат құрдық. Экспедицияның жүйелі жобаларын, мақсатын сөз еттік. Музей басшысы Зейпін Қазанбаева экспедиция мүшелеріне Мәкен Төрегелдиннің «Мәңгілік мұра» кітабын тарту етіп, отырыстың сәнін келтірді.

Алғыс білдіріп, Жездіден Ұлытауға ат басын бұрдық.

Талдысай өзенінің Жезді өзеніне құяр сағасында орналасқан көне шаһар Басқамырға аялдадық. Темірғали Аршабеков ағамыз қала тарихымен егжей-тегжейлі таныстырып, көп кідірмей жолға шықтық.

 Ұлытаудың құшағына кіре сала, тарихынан сыр ұғайық деген ниетпен «Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайына» тоқтадық. Мұражайға түбегейлі шолу жасап, музей ұжымымен кездесу өткіздік. Темірғали Аршабеков ағамыз мұражайға «Кенесары жорығы ізімен» атты тарихи кітабын естелікке қалдырды.

Ендігі алда тарихи орындар – Алаша хан, Жошы хан кесенелері. Жер апшысын қуырып, дала шаңын көкке өрлетіп келеміз. Кесенелерге жеткенше тарихын жол бойы баяндап берді Темірғали ағамыз.

Алаша хан мазары төрт бұрышты етіп, қызыл кірпіштен қаланған. Сыртқы көрінісіне тоқталсақ, түрлі кескінді өрнекпен көркемделіп, кіреберіс беті шығыс кілемінің суретімен безендірілген.

Жошы хан күмбезі 1228 жылы тұрғызылған деген болжам бар. Күмбез порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Тарихи тұлғаларымызға дұға бағыштап, сапарды әрмен қарай жалғап келеміз.

Домбауыл, Дүзен кесенелеріне соғып, сәулет құрылысымен таныс болдық. Дүзен кесенесі Алаша хан мен Жошы хан күмбезі үлгісінде салынған екен. Ал, Домбауыл кесенесі – кірпіштен салынған ортағасырлық ірі құрылыстардың бірі. Аңыз бойынша, кесене ұлы сазгер әрі жауынгер Домбауыл құрметіне салынған деседі.

Тамыры тереңде жатқан тарихимәдени орындармен жіті танысып, елге қарай бет алдық. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен үлкен аманат арқалаған керуен елге қайтты. Салмақты сапардың соңғы бағыты да тәмам.

Ұлы мұраны ұлықтап жүрген «Ұлы Дала Елі» керуені өз мәресіне жетті! Олжамыз – орасан. Тербеп жазар, терлеп жазар сүйекті дүниеге жүк боларлық материал бар. Ол – болашақтың еншісіндегі міндет.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Орталық Қазақстан»

Қарағанды – Жезқазған – Сәтбаев – Ұлытау – Қарағанды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button