Жаңалықтар

Ұлы даланың ұлы перзенті

Осынау Ұлы Даланың жықпыл-жықпылынан сыр тарқатып, жұмбағын шешкен екі адам болса, бірі – Әлкей Марғұлан. Біреу болса, ол да – Әлкей Хақанұлы! Мәңгілік елдің көнедегі рухын бүгінге, бүгінін келешекке жалғаған академиктің туғанына 115 жыл толуына орай, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Марғұлан тағылымы – мәңгілік» атты дөңгелек үстел өтті.

Абай, Әуезов, Марғұлан – ұрпаққа Алаш рухын аманаттап кеткен үш бәйтерек. «Академик емес, бұл кісі – тұтас академияның өзі» дейтін көрінеді Әуезов Әлкей жайында. Расында қазір Әлкей Марғұлан атында археологиялық институт бар. «Мен өзімді ең әуелі, өнертанушымын, одан кейін Шоқанды зерттеушімін (оған қанша жылымды арнадым), сосын ғана барып әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп есептеймін» деген екен Әлекең. «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деген ғылыми термин мен Әлкей Марғұлан есімі – егіз. Академиктің Әуезов, Сәтбаевпен жүрген шақтарын оның ең соңғы аспиранты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағындық Жауымбаев әңгімелей отыра, былай деді:

  • Ресейдің сол кездегі мен деген академиктерінің алдында Түрік тарихы туралы бір-бір жарым сағат баяндама жасаған ғұлама, ғалым адам ғой Әлекең. «Мұхтар Әуезов екеуміз бір пәтерде тұрдық» дейтін Ресейде оқып жатқанда. Халықтың ашаршылыққа ұшырап жатқан кезі ғой. Елден келетін ешқандай көмек жоқ. Сонда Мұқаң түні бойы пьеса жазып, театрларға ұсынып, соның қаламақысына оқығанын айтатын. Шығыс факультетімен қатар, қосымша екі институттың басқа да факультеттерінде оқып, үш мамандық алып шыққан Әлекең. Бітіргеннен кейін Батыс Қазақстан өңірінде болып, фольклор жағын зерттеп, үлкен ғылыми еңбектер жазды. Соғыстан кейін археология, этнография саласына кірісіп кеткен. Мен 1976 жылы ол кісімен бірге Атасу қонысын қазыстым. Сонда Әлекеңнің айтқаны: «Мен осы Арқа жерін 30 жылдан бері зерттеп келем. Оның ішінде бүгінге дейін зерттелмеген бір саласы ол – Орталық Қазақстанның ежелгі металлургиясы. Сен осыны зертте» – деді. Содан бері мен аталған саланы қаузап жүрмін.

Әлекең – керемет энциклопедист ғалым. Ақселеу Сейдімбек сынды небір әдебиетші, жазушылар көптеп келіп, білмегендерін сұрап кетіп жататынын көзім көрді. Бұл кісі екі рет қуғын-сүргінге ұшырап, сотталып кете жаздаған. Содан соң, Қаныш атамыз шақырып алып, «Әлкей, сен басқасын қойып, осы археологиямен айналыс», – деген де, 1946 жылдан бастап, таза археологияға бет бұрған. Қазіргі археологтар мен тарихшылардың барлығы бұл кісінің еңбектерінсіз қыбыр ете алмайды. Өзі де айтатын, «Сендерге бағыт бердім. Қай жерде қандай ескерткіштер жатыр, ол қай кезеңдерге жатады, осының бәрін әрі қарай тереңдетіп зерттеу – сендердің міндеттерің. Менің ғұмырым жетпеді», деп.

Сағындық Обайұлынан соң, Ә.Марғұланның інісі Мырзакәрім Хақанов, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Ә.Марғұлан атындағы Құндыкөл мектебінің директоры Мақсат Смағұлов, Қарағанды қаласындағы №53 мектеп директорының орынбасары Зәуре Жуасбаева және облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Дархан Шашенов академик мұраларына қатысты пікірлер айтып, құнды деректерімен бөлісті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button