Жаңалықтар

Ұлы Дала ұлылығын паш еткен

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы көкірегі ояу, көзі ашық кез келген адамды бейжай қалдырмасы анық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президентіміз жас мемлекеттің аяғынан тік тұрып, қалыптасып кетуі үшін елдің әлеуметтік-тұрмыстық, саясиэкономикалық саласын басты назарда ұстағаны белгілі. Міне, содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті.

Ел еңсесін көтеріп, етек-жеңін жинап, дамыған отыз елдің қатарында болу сияқты асыл мұраттар жолына шыққан сәтінде «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеялары халқымызды рухани тұрғыдан қанаттандырып, бір серпілткені рас. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей» ғасырлар қойнауында қалған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыша бастадық.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жоғарыда келтірілген ізгі мұраттарды одан сайын жандандырып, жалғастыра түсері сөзсіз. Бұл туралы Мемлекет басшысының өзі де қорытынды сөзінде «Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты. Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп жақсы айтып өткен.

Мақаланың құндылығы Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт өлшеміндегі адамзаттық өркениеттің алғашқы бастауларын біз мекен етіп отырған Ұлы Дала топырағымен байланыстыра қарауы дер едік. Елбасымыз саралап берген Ұлы Даланың жеті қыры, көшпелі дала өркениетін дөп басып, саралап берген. Салт атқа мінген дала перзенті құсбегілік, аңшылық саяткерлігімен ғана емес, сондай-ақ оның қара жердің қазынасын да тани білген қасиеті, ілім-білімнен хабары мол болғанын меңзейді. Үстіне алтыннан сауыт киген, қолына болаттан қылыш ұстаған бабаларымыз ежелгі металлургия өнерін білгендігі ақиқат.

Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір пікірлері мақаланың мазмұнын ғана емес, мақсатынан да біршама хабардар етіп тұрғандай:

«Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».

Әрине, бұл – Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын оқығандағы алғашқы әсеріміз. Мақаланың өзектілігі, рухани қажеттілігі әр адамның санасына ой салары сөзсіз.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button