Әдебиет
Ұлықбек
Әмірлікті айырбастап ғылымға,
Төреліктің тағын теуіп тастадың.
Қиял құсын ұшырдың да Қырымға,
Оймен шолдың Самарқанның аспанын.
Фархад сынды сыбанып ап білекті,
Канал тарттың алыс аспан төріне.
Тас-талқан ғып надандықты, түнекті,
Жұлдыз болып тудың өлке көгіне.
Бағалауға жетпей сені ақылы,
Қатал заман қанша торын құрмады?!
Арандатты-ау аңдып жүріп ақыры,
Бруноша болдың ғылым құрбаны.
Өтті, міне, содан бері бес ғасыр,
Ізсіз кетті тарихтан да талайлар.
Тұр жарқырап ақ алмастай бейне асыл
Сен тұрғызған минареттер, сарайлар…
О, Ұлықбек, өлген жоқсың, тірісің,
Біздерменен бір саптасың, сапар бір.
Орта Азия ғылымының Күнісің,
Коперникпен ізгі есімің қатар тұр!
Бүркіт ЫСҚАҚ.