Басты тақырыпЖаңалықтар

Ұлттық валюта – елдіктің нышаны

      Азат елдің бір айғағы –  ұлттық валюта. Сарапшы ғалымдар ұлттық валютаның сонау қиын-қыстау кезеңде айналымға енуі – экономикалық реформаны жедел жүргізудің бірегей шарты деп бағалайды. Теңгенің өмірге келуі – Тәуелсіздікті бекемдей түсудің екінші бір күрделі қадамы болды дейді. Экономистердің айтуынша, ұлттық валюта ел Үкіметіне де, Ұлттық банкке де тәуелсіз экономикалық, қаржылық-кредиттік саясат жүргізуге мол мүмкіндік берді.

Валюта бағамының деңгейі сыртқы саудаға, ұлттық өнімдердің әлемдік нарықтағы бәсекелестігіне, капиталдың қозғалысына, ақша айналымының қалпына және елдің бүкіл экономикасына айрықша әсер етеді. Ұлттық валютаның бағамын төмендету тауарларды экспорттауға жағдай туғызады, яғни, төлем балансының белсенділігін арттырады.  Ұлттық банк айналымға теңгені көбірек жіберу арқылы теңге бағамын төмендетуде.  Мамандар болса, қазақтың ұлттық валютасы көршілес елдердің ішінде құнды ақша екенін айтады. Орталық Азия елдері арасында  теңгенің беделі өте жоғары, бүгінгі тұғыры бір қалыпты.

1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Теңге айналымға енердің алдында, үш күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын. Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертеңінде қазақ валютасының дизайнын әзірлеген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов Англияға жол тартты. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт «ИЛ-86» ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді. Бұл жайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Ил-86» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер-жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар» деп еске алады жазбаларда.

13 қарашада барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін басты. Қа­рашаның 15-інен 20-сына дейінгі уақыт сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Ұлттық банктің облыстық басқармасы, екінші деңгейлі он екі банктің филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Бұл ұжым алты күннің ішінде 8 миллиард рубль ескі ақша қабылдапты. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 19,6 миллиард ескі рубль жинаған. 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылған.

Сол жылы 22 қарашада зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылып жатты. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай, теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюралар қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алатын деңгейде екенін мәлімдейді мәліметтер.

Әзірлеген

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button