Спорт

Ұлттық спортта ұпайымыз жоғары

  13-19 мамыр аралығында Алматы қаласында ұлттық және ат спорты түрлерінен Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы чемпионаты өтті.

Аталған додаға Қарағанды облысының құрамасы да қатысып, көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сияқты спорт түрлері бойынша бақ сынады.

Еліміздің түпкір-түпкірінен келген кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтаған жарыста қарағандылықтар осалдық танытпады. Жамбы атудан көздеген нысанасын дәл атқан Талғат Омарбай облыстың мерейін асырып, жүлделі 2 орынды иеленді. Сондай-ақ, аударыспақ ұлттық ойынында Дархан Дулатұлы дараланды. Аттың тақымын қыса ұстап, білек күшін танытқан Дархан 3 орынды иемденді. Аталған қос спортшы жарыс нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына қабылданып, ендігі жерде тұтас қазақтың намысын халықаралық дәрежеде қорғауға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, ұлттық спорт ойынымыз – көкпарда Қарағанды облысының құрамасы еліміздің 16 құрамасы арасында 7 орынға табан тіреді. Көпшіліктің көңілінен шыққан облыс құрамасының «Құйын», «Сарышаян» есімді қос тұлпары көкпардан еліміздің ұлттық құрамасына қабылданды. Бұдан бөлек, «Құйын» есімді сәйгүлік көкпардағы «Үздік жекпе-жек аты» атанды. Аттың иесі, һәм бапкер Нұрлан Думанұлы дүбірді қыздырған арғымағына дән риза. Ал, ұлттық чемпионаттан аймағымыздың намысын сәтті қорғап, табыспен оралған облыс құрамасының бас бапкері Шаризат Қанатұлы спортшыларымыздың алдағы уақытта бұдан да жоғары межелерді бағындыратындығына сенім артты.

Н.СҰРШАҰЛЫ,

«Қайрат» ұлттық және ат спорты мектебінің баспасөз қызметі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button