Жаңалықтар

Ұлттық рухтың тапталмағанын қалаймын

…Тағы бір арыз – мақаласымақ «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген екен. Менің іздегенім – қазақтың рухы тапталмасын деген ниет. Ол жан тәнімен соған қарсы. Е.Жәнібеков деген «газеттегі мақалаға атты сіздер… өте дұрыс қойыпсыздар» деп қуанған екен. Шынында да «Осы жұрт Шортанбайға неге қарсы?» – делініпті. Қарсы жұрт емес-ау, қарсы кейбіреулер, рушылдықпен уланғандар. Осы араны байқау керек еді. Бұрынғы парткомның уәжіне қарағанда, Шортанбай жырау менің 5-ші бабам екен. Хәзірет Әлінің 18 ұлы болған. Соның бірі Хұсайыннан біз тарасақ, Шортекең Мұқасаннан көрінеді. Тура 1500 жыл. Шежіре бойынша тура 49-50 ата. Тоқтар қожа ұрпағы Қабанбай батырды не Қорауыл қожаны менімен 5 атадан туыстырып қоймағанына таңмын. Иранның имамы Хомениді бізбен қалайша 3 атадан туыстырмаған?..

1957 ж. Қаз.ЦК қаулысына сәйкес, өткізілген конференциясының 11 баптан тұратын шешімінің үшінші бабы түгелдей Шортанбайға арналған. Дулат, Мұрат ақындарға ептеп жеңілдік жасалса, отаршылдыққа ашық қарсы шыққан, күреске шақырған Шортанбайға оның қазақи рухы биік асыл мұрасына біржолата тыйым салынған. Орысшылдардың өшіккені – Шортанбай жырау. Сонан 164 жыл өткен соң ұлы жырауға өшіккен Е.Жәнібековіңіз. Шортанбайды өзінше даттапты. Партком ЦК-ның осы қаулысын іштей жақтап отыр. Ақ патшаға жақпаған қызыл орыс атын атауға тыйым салған ұлы жырау кімнің сойылын соғып отырғанына ойланбайтын адамға қайдан жаққан. (Арасында диссидент біз қоса кетеміз де).

Кей сорлы мені рушыл ете алмай әуре. Бүкіл шәкірті оққа байланған Қыздарбек күйші мен ізбасарларының бар мұрасы – менде. Домбыралары үйде. Қыздарбектің 140 жылдығын өткізгенде Есенқұл (совхоз директоры) марқұм «Қыздарбек сізге туыс, сол себепті зерттеген» деп жүр мыналар деді. «Ол рас. Менің 28-ші бабам Арабияда жүргенде Қыздарбектің сол кездегі апасын алыпты». Есенқұл ішегі қата күлген.

«Құба белдер» трилогиясы Жидебайдан басталады. Ол Әлтеке мен Қожа. Жидебай жаумен соғысқан. Кім дұшпанға қарсы тұрса, ол менің туысым. Жанғұтты, Байсейіт, Дүйсенбай билерді менен басқа сонау совет заманында зерттеп жазған ешкім жоқ. Олар Кенесары ханмен бірге күрескен. Сол себепті, олар менің ең жақын туысқаным.

«1931 жылы Қосдоңғал-Күйгенсайда ГПУ 27 адамды атты. Ішінде бір жасар бала да бар. Солардың көмілген жерлерін менен басқа білетін ешкім жоқ. Табанасты боп тапталады-ау» деп өкініп жүргенімде Шәкір ақсақал мен баласы Мәжіт қол ұшын берді. 2012 жылы жазда бастарына көктас қойып, ас берілді. Шәкір ақсақал Кәрсөн мен Қожа. Шәріп пен Мәжит мен үшін ең абзал туысқаным. 1984 жылы Ағыбай батырға көктас… 10 жыл іздеп, шөлдегі Итаяқ күйшінің моласын табу… Жаза берсек хикая болып кетер, осымен тоқталайық.

Арызқой «Шортанбай сөз өнерінде азды-көпті еңбек қалдырған» деп тағы да менсінбеген, басқаға шікірейе қараған. Шортанбай жыраудың:

«Бағынба қазақ орысқа,

Бағынсаң қазақ орысқа.

Күні бұрын қоштасқын,

Сары Арқа деген қонысқа», – дегені, әлде Кенесары жеңілген соң да бүкіл қазақ жерін аралап, еңсесі түскен елін жауға рухын бермеуге шақырып:

«Жалаңаш мін де жауға шап,

Ажалдан бұрын өлмессің.

Ноқталы басқа бір өлім,

Өлмейді пенде жүрмессің.

Қатын – бала қамы үшін,

Қарсы шап та мылтық құш,

Құр жабырқап жүдеме» – деп қазағын қайрағаны ұнамаған шығар. М.Мағауин «Шортанбай жырау ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын діңгегі» деп баға берген. «Білгіш» партком Мағауинге «мұның қалай?» деп неге жазбағанына мына жұрт таң қалатын шығар.

Шортанбай жырау қайтыс боларында басына мазар салмауын тапсырған «қанқұйлы заман келе жатыр. Менің жатқан жерім белгісіз болсын. Сүйегімді қорлаушылар болады» депті (Олардың бірі Шортекеңді сан-саққа жүгіртіп отырған Е.Ж. емес пе екен?..). Шортекеңнің басына барлы-жоқтыны жинап, уақытша бірдеме тұрғызған едім. Оған Жәнібеков жазғандай «өз азаматтарының» қатысы жоқ. Онысы Жәнібековтің өтірігінің келесі тарауы.

Біз Шортанбай «қазақтың бас идеологы» деппіз. Мұндай мәтінді қай жерден іздеп тапты екен. Академик Т.Кәкішев пен С.Қирабаев: «Шортанбай аса ірі идеолог» деп баға берген. Ал, ф.ғ. докторы Б.Омаров «Шортан бай жырау түркі жұртының тұғырлы тұлғасы» деп бағаласа, Ж.Қашқынов «патриот ақын» дейді. Оларды да жамандай кету есіне келмеді ме екен?..

Жанғұтты «Кәмелдің Шортанбайын (көрдіңдер ме, қазақтың Шортанбайы деуге тілі келмейді, орыстың оқуы сүйегіне сіңген ғой) паналатқан т.б елдің бәрі біледі» депті жазғыш. Ал, осы өтірікші ел білетінді білмейді, не білгісі келмейді. Кімді қай жерде қашан туғызу өз қолында. 1993 жылы Шортекеңнің 175 жыл мерейтойын өткізгенде қарт журналист, талай жылдар аудандық газеттің редакторы болған, өмірін газет босағасында өткізген Зәбирә Әлікеев, сексенге іліккен Ж.Төкенов, Шортекеңнің жиені Мәди ақсақал ұлы жыраудың осы жерде, мына Қатпар тауында туғанын дәлелдеп айтады. Жыраудың 200 жылдығы қарсаңында режиссер Қалила Омаров деректі фильм түсірді (деректі фильм қолда бар). Шортанбайдың әкесі Қанайдың осы маңдағы қазір Қанай бұлағы аталған жерде егін еккені, қазған арығының ізін көрсеткен сол ауыл әкімі Әбдіраш Мұқашовтың дәлелін еске алғысы жоқ.

2020 жылы ABAI.TV арнасы тағы да Шортанбайға байланысты деректі фильм түсірді. Сонда бүгінде 80-ге келген Қойшыбай ақсақал, арамызда жүрген Кәдір Тәңірбергенов ақсақал өздерінің сол Қанай бұлағының маңында туып өскенін Шортанбайдың әкесі Қанайдың барлық іс-әрекетін баяндайды. Тіпті, Қанайдың үлкен ағасының осы жерде моласы барын да айтады.

Ал, Жәнібеков деген жалғаншының мұндайды естіп-көргісі жоқ. Қайтсін. Іштарлық не дегізбейді. Тіпті, Шортанбаймен замандас Жанғұтты би 1873 жыл өлді деп дауласудан бір тайынбайды. Ал, Мәшһүр Жүсіп Жанғұтты «1888 жыл 81 жасында өлген» деп жазғаны бұлар үшін дым емес.

Шортанбай «сарт» екен деп облысқа телефон соғатындар да осылар. Шежіре бойынша Шортанбайға жақын қожалар Мұхтар Әуезов, Қалтай Мұхаммеджанов, Күдері ақын. («Күдері деген ақын жоқ, оны К.Жүністегі ойдан тапқан» деп жазғанына кім, не айтар?) сонда мына Жәнібеков ұлы Мұхтарды, Қалтайды да «Сарт» жасағаны қазақтың намысына тиеді дегенді бұл пақырыныз ойламайды да. Осысы үшін жазаға тартар азамат бар ма?..

Е.Жәнібеков өзін-өзі мақтап баққан екен. Не деген «сіңірген» еңбек. Алатаудай. Алған наградалары бармыс. Әлі де болса…

Иә, 1931 жылы мына Күйген сайда Көдебек деген белсенді «сендерге совет үкіметінің оғы жалко» деп 11 адамды бірінен соң бірін қойып, бір оқпен атқан екен. Оқ алты адамнан өтіп, жетіншіге қадалып қалыпты. Сол Көдебекке ГПУ «Герой» деген атақ берген. (Көдебекті көзім көрді, іздеп барып сөйлестім)

Мына жалақор Жәнібеков «Суворов» па, әлде «железный…», бірдеме сұрап жүргендей екен. Тура Көдебек белсенді еске түседі.

Бізді «арызқой» депті. Шортанбай жыраудың мәселесін айтып, сол кездегі әкім Р.Әбдікеровке 45 адам қол қойып өтініш түсірген едік. Сол өтінішке осы Е.Жәнібеков те «Шортанбай ұлы тұлға ғой» деп қол қойған еді. Өтініштің екінші данасы қолымызда бар. Құбылғыш Жәнібеков енді Шортекеңе қарсы боп шыға келді. Чеховтың Хамелеоны. Сонда өзінің де «арызқой» болғаны да.

Бұл жалғандағы жалғаншы аудан әкімі алдында біз «Қойдым» деп уәде берді дегізген екен. Ал, біз «Мен қазақтың намысына бас тіккен адаммын. Шортанбай ұлттың рухы. Онан мені еш уақытта да кім болса да бас тартқыза алмайды» дегенімді әкім айтып бере алады.

Шортанбай жырауды орысшылар ХХ ғасыр бойы жамандады. Бәрібір оның есімі ұлтын сүйер жұрттың есінде қалды. Ол өзінің әсерлі жырларымен қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт халқын отаршылдыққа қарсы күреске шақырды. Оның жырларында ұлттың рухы жатыр. Сол ұлы рухты кейбіреулер таптағысы келеді. Ал, мен ұлттық рухтың тапталмағанын қалаймын.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы, этнограф.

Басқа материалдар

Back to top button