Руханият

Ұлттық ойындағы ой

Жақында халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық ойындарының психологиялық астарына ғылыми тұрғыда талдау жасалған «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты еңбек жарық көрген еді. Кітапқа арналған бейне-ақпарат Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана сайтына жарияланды.

Белгілі журналист Ержан Жаубай, психолог маман Нұргүл Молдабайқызы бірігіп жазған кітап Астана қаласы, «Muqaba» баспасында басылған.

Салт-дәстүр мен ұлттық ойындар, ырым-тыйымдардың психологиялық астары ғылыми тұрғыда талданған кітапта ұлтымыздың бала тәрбиесіне ерекше мән бергені, әр салты мен әр ойынында психологиялық терең астар жатқаны нақты көрініс тапқан.

– Бұл кітаптан оқырман ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындармен танысып, олардың аты-затын, қай кезде орындалып, қалай ойналатынын біледі. Психолог маманның кітаптағы кейбір пайымы салт-дәстүрлерді ұлттық ойындарды басқа қырынан тануға, олар жөнінде жаңаша ой қорытуға түрткі болып, бұрынғы тұжырым-түйіндерді толықтыруға септігін тигізеді, – депті еңбекке пікір жазған академик Шерубай Құрманбайұлы.

Кітапқа 90-ға жуық салт-дәстүр мен 20- дан астам ұлттық ойын топтастырылған.

– Кеңес үкіметі кезінде орыс тілді аудиториямен жұмыс істеп, еліміздегі сот жүйесіндегі зорлық-зомбылық мәселелері, қылмыскерлердің психологиясымен 12 жыл айналыстым. Жаным байыз таппай, бірнеше мақала жаздым. Журналист, салт-дәстүр мен ұлттық ойындардың білгірі Ержан Жаубаймен бірге бірнеше бағдарлама дайындадық. Кітап – сол жұмыстың бір парасы ғана. Бұл аз, қазаққа төл психологиясы ауадай қажет, – дейді психолог Нұргүл Молдабайқызы.

Еңбекті Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханадан алып оқуға болады

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button