Жаңалықтар

Ұлттық құндылық тұғыры

Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тарихымызды танып-бағалауда тағы бір бағдар көрсетті. Қазіргі Қазақстанда екі түрлі бағыттағы өркениетті құру бағдарламасы бар. Біріншісі архаистік санадан нәр алады. Келесі бағдарлама тұлғалық мәдениетті заман талаптарына сай инновациялық қоғамды қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңыздылығын айтудағы идеясының жалғасы. Қазіргі жаһандану, өркениеттік даму заманында электрондық жүйелер қандай рөл атқарса, қазақ елі үшін ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тарихты жаңғыртудың маңызы зор. Қазақ халқы үш ғасыр бойы Ресей үкіметінің отарында болып, түпкілікті архетиптік мәдениетінен ажырап қалды. Тарихты білуге, дәріптеуге деген қажеттілік бүгінгі таңның басты тақырыбы.

Елбасы ат үстінде жүрген көшпенділердің атқа міну мәдениетін ұлы дала елінен тарағанын, батырлар заманының ең танымал эмблемасы, атты әскердің пайда болуында көшпенділердің рөлін орынды жеткізген. «Қазақ» ұғымы ХІІ ғасырда қыпшақ сөздігінде қолданыла бастады. Ол «еркін, кезбе, дербес халық» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы ежелден көшпенді тұрмыста өмір сүрді. Табиғатпен біртұтас байланысқан қазақ дүниетанымының қалыптасуында жылқыны жеті қазынаның бірі санап, оны киелі деп есептеп жыл қайыруда жетінші орын берген. Төрт түлік малдың пайдасы. Еті – жесең тамақ, сүті – ішсең сусын, жүні – кисең киім, терісі – байлық, сүйегі, мүйізі – тұтынсаң бұйым, мінсең – көлік. Мал өсіруге аса қолайлы Қазақстан жерін малсыз елестету мүмкін емес. Жапанда жалғыз келе жатқан жолаушыны қолдап, жебейтін Қызыр пайғамбар аттың сауырында отырады деп жорылады. Көшпенді халықтың маңызы зор болғандықтан, жылқыға байланысты салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар өте көп.

Мемлекет басшысы металлургия мәселесін тереңнен бастады. Ерте заманнан әр бір ұлттың өзінше өмір сүру қалыбы, тұрмыс-тұрқы, әдет-ғұрыптық өзгешелігі болған. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты деп атап өтті. Металл өндірудің негізгі отаны, ежелгі замандағы ошақтары Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтары болған. Дала өркениеті технологиялық дамудың негізін өте ерте заманнан меңгеріп үлгерген.

Президентіміз Ұлы Дала дүниетанымындағы болмысын ашатын маңызды құндылық ретінде аң стилін айта кетіп, оның әлемдік өнердегі биік белестердің бірі ретінде көрсетті. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқтық емес. Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсететінін баса айтып кетті. Көне архетиптерді білу қазіргі этномәдениеттегі көріністерін айқындауда маңызды. Дәстүр жалғастығын қолөнерден жиі аңғаруға болады. Мысалы, Ш.Уәлиханов қырғыз халқында өздерінің шығу тегін бұғы анадан, яғни мүйізді бәйбішеден таралды деген миф бар екендігін айтып өтеді. Осындай дәстүр сонау сақ-ғұн заманынан бері «аң стилі» көркем-мәдени формасында сақталып келеді. Этнографиялық тағы бір параллель келтірейік: «Хун әйелдері жіп иіріп, киім тоқыған, өрмек тоқып алаша, кілем және басқа төсеніш сияқты әшекейлі заттар жасаған. Олардың қолөнерінде, кілемдері мен алашаларында да түрлі аңдардың суреттері мен бейнелері толып жатыр. Сондай-ақ олардың кілемдері мен киіздерінде адамның бейнелері де көп жасалған. Ал алашалар мен киіз үй басқұрларында әртүрлі ою-өрнектер өте көп. Сол оюлардың көпшілігі – әлі күнге дейін қазақ өнерінде үзілмей жалғасын тауып келе жатқан қалған «қошқар мүйіз» оюы мен өрнектері».

Елбасы өз мақаласында қазақ жері, Алтай өңірін күллі түркі әлемінің бесігі деп бағалады. Түркі мәдениеті қала мәдениетінің дамуында, көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналды. Қазақстанның саяси және мәдени өмірінде түркі дүниетанымының маңызы зор. Қазақ халқы ата-тегін «түбіміз түрік» деп түркілермен байланыстырады. Ұлы жібек жолы және басқа да мәдени коммуникациялық жүйелер арқылы ілкі түркілер мен түркілер Батыс пен Шығыстың арасында дәнекерлік қызмет атқарды, олардың сұхбаты себепкер болды. Нұрсұлтан Назарбаев мәдениаралық, экономикалық, саяси байланысты жүзеге асыруды Ұлы Жібек жолы арқылы қайта жаңғыртқан болатын. Оның айтуынша, бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.

Сонымен, Ұлт көшбасшысы ұлттық тәуелсіздік идеологиясы жолында рухани жаңғыруымыздың бір тармағы ретінде тарихымызды тануды, халқымызға тән болған ең ынтық сезім және ділдік түсініктердің жинақталған көрінісі болуы керек екендігін тағы бір мәрте айтып өтті. Әсіресе, қазіргі өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын халықтың жеңіп, пайдалы ескі мен жаңаның ара қатынасындағы мұрагерлікті орнықтырудағы орны өз алдына. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ХХІ ғасырдағы басты даму жолын белгілеген өзінің стратегиялық бағдарламалары мен жолдауларында халқымыздың рухани жаңару процесінің егемендікпен келген рухани бостандық, ұлттық дүниетаным мен тарихтағы дербес танымдардың қалыптасуы нәтижесінде болғанын атайды.

Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ,

 Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button