Жезқазған

Ұлттың ұлық мерекесі

    Тәуелсіздікті ұлықтау, елдіктің маңызын екшеу, туған жер тарихын құрметтеу ұғымдарын жас ұрпақтың санасына сіңіру – оларды отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа баулудың басты шарттарының бірі. Жезқазған қаласындағы орталықтандырылған  кітапханалар жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Тәуелсіздік – менің басты жыр-әнім» атты тағылымды кеш осы ұстанымды меже тұтты.

 

Ұлттың ұлық мерекесіне арналған мағыналы жиын Мемлекеттік гимнмен басталып, балғын оқырмандарға тәуелсіздік, азаттық, еркіндік ұғымдарының тарихи маңызы түсіндірілді. Кешке қатысушылардың күшімен әзірленген «Атасы мен немересі» атты тақырыпқа лайықталған сахналық көрініс көрермен көңіліне шуақ ұялатты. Сұрақ-жауап тәсілімен өткізілген танымдық ойын тартымдылығымен ерекшеленді.

Келісті кеш барысында, сондай-ақ, Тәуелсіздікті жырға қосқан танымал ақындардың өлең-жырлары оқылып, рухы биік әндер шырқалды. Егемен елдің өнегесі мол өткен жолынан мол дерек ұсынатын  кітап көрмесіне библиографиялық  шолу жасалды.

– Белгілі журналист Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім – Желтоқсан!» кітабы негізінде Желтоқсан көтерілісі туралы кең көлемді сипатта берілген мағлұматқа оқушылар зор ынтызарлық танытты, – дейді Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Динара Сексенбаева. – Бүгінгі жиынға белсенді қатысушылар қатарында №3 орта мектептің кітапханашылары мен 5-сынып оқушылары және «Ертөстік» бөбекжайының тәрбиеленушілері өз ұстаздарымен болды. Келешекте тәлімі терең осындай іс-шараларды жиірек ұйымдастыру жоспарланып отыр. Себебі, бұл жұмыстың қоғам үшін қайтарымы мол екендігі күмәнсіз.

Ахат Құрмансейітов.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button