Жаңалықтар

Ұлттық идеология адасудан сақтайды

Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде Облыстық Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен деструктивті діни ағымды ұстанушыларды оңалту жұмыстарына арналған семинар өтті. Оған аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, Ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Дін істері орталықтарының қызметкерлері қатысты.

  • Жат ағыммен күрес жүргізу тақырыбына арналған оқу семинарларын жиі ұйымдастырып тұрамыз. Олар мемлекеттік қызметкерлердің, теологтардың, дін істері орталықтары мамандарының деструктивті ағым өкілдерімен жұмыс істеудегі кәсіби біліктіліктерін нығайтуға бағытталған, – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Екі күнге созылған семинарда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының аға оқытушысы Лола Шакимова дәріс оқыды. Жиын барысында радикалдық көзқарастағы азаматтарды тура жолға салу бағытындағы жұмыстарды оңтайлы жүргізу, «Жусан» операциясы арқылы соғыс аумағынан елге әкелінген әйелдер мен балаларды қоғамға бейімдеу, теріс идеологияға тойтарыс беру мәселелері талқыланды. Сарапшылардың пайымдауынша, жат ағымның белең алуына қоғамның дәстүрлі құндылықтардан алшақтап кетуі себеп болған. Яғни, ұлттық дәстүрді ұмытқандар теріс пиғылды жандардың арбауына оңай ілінеді екен. Сондықтан да, дін мәселесін ұлттық идеологиядан бөліп қарастыруға болмайды. «Деструктивті ағым өкілдерінің жолын кесіп, адасқандарды тура жолға салдық» деген Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаевтың да ойы осы сарында.

  • Қазақтың салт-дәстүрін бойларына сіңіріп, діннің дәстүрлі мақсатын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ұлытау ауданында да жат ағымды ұстанған азаматтар болған еді, қазір олардың беті бері қарап, диалогқа келе бастады. Бұл жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесі десек те болады. Мұндай семинарлардың жиі ұйымдастырылуы, біздің мамандарымыздың кәсіби біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Бағдат Тілеуліұлы.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button