Жаңалықтар

Ұлттар достығы дәріптелген күн

Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуді Саран қаласының тұрғындары Жамбыл көшесінен бастады. Қала тұрғындары, құрметті азаматтар, қалалық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, жастар, спортшылар, кәсіпорындар, ұйымдар мен мекеме қызметкерлерінен құралған «Бейбітшілік маршы» атты мерекелік шеру сапында бес мың адам болды.

Саран қаласы – қазақстандықтардың достығының жарқын үлгісі іспетті. Шынында да, бұл жерде жетпістен астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүрсе, әр түрлі этномәдени бірлестіктер де қаншама. «Жас отау», «Ақ шаңырақ», «Россиянка», «Якташылар», «Видергебурт» неміс орталығының филиалы қаладағы, сондай-ақ, өңірдегі тұрақтылықты, бейбітшілікті және келісімді нығайтуға айтарлықтай үлес қосумен қатар, өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін, тілін, дәстүрін жаңғырту мен сақтауда бірқатар шаралар атқаруда. Ал, бұл күні ұлты өзге болса да, тілегі бір қазақстандықтар бір шерудің бойында бас қосып, бірліктің жарқын үлгісін жер-жаһанға тағы да бір мәрте паш етті.
Гүл шоқтары мен түрлі-түсті әуе шарларын ұстаған, мереке тұжырымдамасына сай әр түрлі ұран сөздерді айтып, би билеп, домбыра шертіп, баянда ойнаған шерушілер бес колоннаға бөлініп жүрді.
Бірінші колоннаның алдында әртүрлі ұлт өкілдері шаңырақ пен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нышаны – қыран құс салынған транспорантты алып жүрді. Оларға әр түрлі жалау ұстаған, отыз спортшыдан құралған велосипедшілер ілессе, колоннаның бірінші қатарын қала әкімі, қалалық мәслихат хатшысы, құрметті азаматтар, қоғамдық кеңес мүшелері, сот, прокуратура, еңбек ардагерлері, жауынгер интернационалистер, қарулы күштер, тыл еңбеккерлері, депутаттар бастады.
Үш жүзден аса адамнан тұратын екінші колонна қаладағы 15 ұлттық мәдениет өкілдерінен құралса, 1500 адамнан тұратын үшінші колонна сапында ірі және шағын кәсіпорындар болды. Ал, қаладағы білім беру ұйымдарының өкілдері төртінші колоннаны құрады. Спортшылар да шеруден тыс қалған жоқ. Бесінші колоннаны жасақтаған да қала абыройын асқақтатып жүрген солар болды. 500 адамды қамтыған соңғы колоннаның да сәні мен салтанаты ерекше болды. Себебі, жетістіктерінің белгісі – медаль асынғандардың дені жастар мен мектеп оқушылары.
Шеру орталық алаңдағы Мәдениет үйіне дейін жалғасып, осы жерде ұлттық мәдениет фестиваліне, көпшілік серуенге, концерттік бағдарламаға және мерекелік саудаға ұласты. Мәдениет үйінің екі қапталына орналасқан «Мерекелік дастарқан» аспаздық жәрмеңкесі әр түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарын ұсынса, сайыста бақтарын сынағысы келгендер шахматтан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан, үстел теннисінен, қазақтың ұлттық ойыны асық атудан жарыстарға қатысты. Аула клубтарының арасында «Көңілді старт» жарысы өтсе, футболдан қыздар арасында блиц-турнир де болды.
«Біз – бір халықпыз, біз – бір елміз!» атты қалалық мерекелік концерт қалалық хореография ұжымы, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» хореографиялық ұжымының орындауындағы «Халықтар достығы» композициясымен ашылды.
Ал, қала әкімі бір шаңырақ астындағы көпұлтты Саран халқын мерекемен құттықтады.
Ержан ТЕМІРХАНОВ, Саран қаласының әкімі:
– Құрметті қала тұрғындары! Барлықтарыңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасының көреген саясатының арқасында әр түрлі ұлт өкілдері бейбітшілікте әрі келісімде бір шаңырақ астында өмір сүруде. Бірлесе отырып, барлығы ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып келеді. Еліміз көркейе берсін!
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері – «Әуен» ансамблі музыкалық құттықтау жолдап, сахнада әр ұлт өкілдерінің әндерін шырқады.
Бұл күні қаладағы әр ұлт өкілдері де өздерінің ұлттық өнерлерін паш етті. «Амадеус» би ансамблі қазақша «Ояту» биін билеп, домбырашылар «Ерке сылқым» мен «Кероғлы» күйін шертті. Ал, «Ивушка» орыс ұлттық аспаптарының оркестрі ұлттық әндерден попурри орындап, жиналғандардың көңілін көтерді.
Ертеңгі күніне сенімді, өздерінің ұлттық мәдениеттерін дамыта отырып, кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдыруды мақсат еткен, солай бола тұра, қазақ елін көркейтуде бір мақсатқа жұмылған белорус халқының өкілдері де мерекеге жиналғандарға ұлттық билерін арнады. Сондай-ақ, қазақтың «Жорға» биі мен «Хаз йоари» шешен диаспорасының қатысушылары орындаған «Лезгинка» да мерекелік көңіл күй сыйлады. Қазақстан тарихында өзіндік орны бар корей және өзбек диаспорасының өкілдері мерекелік эстафетаны жалғастырса, өзіндік тарихы мен мәдениеті бар татар ұлтының да өнерін тамашалады жиналғандар. Украин және еврей ұлтының өкілдері де мерекелік шарадан тыс қалған жоқ.
Бұл күн – сарандықтардың есінде Қазақстан халқының бірлігі күні ғана емес, бір шаңырақ астында бейбіт, әрі тату-тәтті өмір сүретін әр түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық болмыстарының бір арнаға тоғысқан күні ретінде қалды.

САРАН қаласы.
Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button