Ұлт ұясының ұлағаты

Елордада тұратын баспагер-журналист бауырыммен ілкіде бір тілдесе қалғанда «Тарихи тақырыпта көлемді дүниелер жазып жүрген, қарымды қаламгер санатындағы бір ағамыздың «Ұлытау Қазақстанның қай аумағында?» – деген сауалын естіп, талып қала жаздадым», – дегені бар. Абыз Абайдың «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалмажан…», – дейтіні осындайдан шығар-ау… Қалайша бас шайқамайсың, қалайша бармағыңды тістемейсің?!

Дәл осы тұрғыдан алғанда ақиқаттың ажарын енгізіп, шындықтың шырайын шығаруды ойласақ, парасаттың парқын терең зерделегіміз келсе, Ұлт ұясы – Ұлытаудың ұлағатын ұғынуға айрықша ден қоюымыз керек-ақ. Оның астарында кеңдігі мен кемелдігі кімді болсын, таң қалдырып, тамсандырардай қатпары қалың Ұлы Дала философиясының тәлімдері жатыр. Ұлы Дала философиясы – ақ пен қараның, асқақтық пен аласаның, тереңдік пен таяздықтың, мейірім мен өшпенділіктің, елжандылық пен өзімшілдіктің, өмір керуеніндегі адамзат баласына тән тағы да басқа осытектес көптеген қарамақайшылықтардың ара-жігін ашып, салмақтап берер таразы. Тек, танып-біл, танып-біл де қалағаныңша қажетіңе жарат!.. Сонда адам ретінде, азамат ретінде ұтарың хақ, ұтылмасың кәміл!..

Ұлт бесігінің өзгеше бітімде өрілген ұлағаты – сарқылмас байлық, түгесілмес қазына. Ұлытаудың тарихы – өз басынан қилы замандарды өткерсе де, асқақ рухы иілмеген, керісінше, шарболаттай шыңдала түскен баһадүр бабалардың танымы мен тағылымын айғақтайтын, көне дәуірлердің тұңғиығынан шежірелі сыр шертетін, шерлі һәм тамырлы тарих.

 Ұлттың табиғи болмыс-жаратылысын бағамдауға, ұлағатты ұстанымдарын ұлықтауға, тарихын тануға шама-шарқынша талпыныс жасау – әр азамат үшін қастерлі қажеттілік, қалаберді, перзенттік парыз. Мұны кейінгі жас буын – өскелең ұрпақ өкілдеріне насихаттау қажет шығар, ал ақылы толысқан, санасы сергек жандарды «Сен солай еткенің жөн», – деп үгіттеудің қажеті шамалы. Өйткені, өзінің басын өзі қадірлеуге, сол арқылы жалпы қоғамдағы лайықты орнын айқындауға пейілді кез келген қоғам мүшесі осынау қажеттілікті жан-тәнімен түйсініп, бағалы бағдар ретінде қабылдауы тиіс. Біздің пайымдауда бұл – әріден салсақ, қастерлі құндылықтарды құлдыратпаудың, беріден тартсақ, әркімнің өзіндік таным-өресін бұрынғыдан да биіктете түсуінің ең төте, қарапайым әрі тиімді жолы.

 «Ойды ой қозғайды, сөзді сөз түртеді». Бұдан біршама уақыт бұрын Ұлытауда өткен республикалық деңгейдегі бір жиын үстінде көрнекті ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай ағамыз «Ұлытауы бар ел бақытты! Біз енді Ұлытаудың биік шыңына «Ұлт ұстыны» ескерткішін орнатуымыз керек», – деп бастама көтерген еді. Ұранға бергісіз сол бастама күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қазіргі жаһандану дәуірінде қалың қауымды елдікке үндейтін дәл сондай еңселі ескерткіштің «мен мұндалап» тұруы – аса маңызды.

Шүкіршілік! Тәуелсіздік – тұғырлы, мемлекет – мерейлі. Ендеше, ертеңгі күнге артар үміт – зор, үкілі үміттің ақталарына сенім – мол. Сол сенімді ұлтжанды ақын жырының жалқы шумағы былайша айғақтайды:

«Біздерде терең тәлім – түп-тамыр бар,

Дей алмайды ешкім де:

«Сырттан үлгі ал!».

Ұлтын, жұртын ұятқа қалдырмайды,

Ұлытаудан ұлағат ұққан ұлдар!».

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

«Ortalyq Qazaqstan» газеті
Бас редакторының орынбасары