Білім

Ұлт ұстазын бойтұмар еткен

Қарағандыда Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім ошағы бар. Мектеп əкімшілігі, ондағы мұғалімдер Ахаңның атын алуға ерте қамданғанымен, сəті кеш түседі. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп Ахаңды ұлықтап отырған қарашаңырақ ретінде қадірлі. Ал жоғарыдағы атап өткен игілікті шараларға үлес қосқан ұстаз Сəбира Күлпейісованың еңбегі зор.

Мектеп қабырғасында қырық жыл еңбек өтілі бар Сəбира Ізбасарқызы Ұлт ұстазын бойтұмары санайды. Алаш көсемі ақталып, оның асыл мұрасы əдеби айналымға түскен сəттен бастап ол Ахаңның шығармашылығына ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Қайраткерлігіне, ілім мен білім жолындағы ізденістеріне, еңбегіне ерте кезден қаныққан мұғалім мынаны мақсат етеді: «Қазақ балаларына осы Алаш қайраткерінің ізгілігін ұқтыра беру керек».

Сол мақсат үдесінде үлкен еңбек жасайды. Мектепке Ахаң атын алу үшін қалалық, облыс тық форумдар өткізуге мұрындық болады. Жылда. Түрлі конференциялар өткізеді. Мұнымен қоса, оқушыларды Ахаңның шығармашылығына бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстарына баулиды.

Биыл – Ахаң атындағы мектепке 60 жыл. Былтыр А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейлі датасында аталған білім ордасы Ұлт ұстазын лайықты ұлықтады. «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы» атты қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімдерінің үлкен форумы өтті. Сол форум аясында «Ахметтану» кабинетінің тұсауы кесілген-тін. Кабинеттің жетекшісі – Сəбира Ізбасарқызы. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының кітаптары мен еңбектері бар. Əр партаға ноутбук қойылған. Сондай-ақ, кабинетте көрсетілген QR код арқылы А.Байтұрсынұлының еңбектерімен таныса алады. Мұнымен қоса, Ахмет Байтұрсынұлының ататек шежіресі жазылған стенд ілініпті. Бұл – оқушылардың ізденісімен əзірленген. Мектеп мұғалімдері «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты қойылым да қойған болатын. Соның сценариін де Сəбира ұстаз жазған. Осының бəрінде орасан еңбегі жатыр.

– Мектебімізде 2014 жылдан бері «Ахметтану» курсы өткізіледі. Ұлы ұстаздың сан қырлы шығармаларын жетік білу үшін «Ахметтану» курсының арнайы бағдарламасы жасалған болатын. Міне, кабинет ашылғалы бері курсымызды осында өткіземіз. Бүгінгі күні педагогикалық бағытын зерттедік. Енді, экономикалық жағынан зерттеуді бастап жатырмыз. Бұл жөнінде де қайраткер тұлғаның еңбектері көп. Бұл кабинет өскелең ұрпақты зерттеушілік, шығармашылық қабілетін дамытып, қаламының ұшталуына сеп болсын деген ниетпен ашылды. Əр оқушының бойында Ахмет ғибраты болуы керек, – дейді қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Сəбира Ізбасарқызы.

Ұлағатты ұстаз Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылындағы мектепті тəмамдап, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түседі. Мұхтар Мағауин, Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Серік Əбілқаев Фатима Мұсабекова секілді үлкен ғалымдардан дəріс алады. Мəртебелі мұғалімнің өзі «Əдебиетке, ғылымға сол кісілердің тағылымы жол ашты. Менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім де – осы», – дейді.

Екінші курс оқып жүргенде Ғабиден Мұстафин шығармаларына ғылыми зерттеу жүргізіп, сыйлыққа ақын Қадір Мырза Əлінің шағын кітабын алыпты. Ескірген кітапты қолына ұстап, сонау институт қабырғасындағы студенттік шағын сағына еске алады.

Алғаш еңбек жолын Ақтоғайдың Ақши ауылындағы мектептен бастайды. «Ауыл мектебі мен үшін үлкен тəжірибе болды. Ауыл балаларына сегіз жыл білім беріп, қалаға қоныс аудардық. Бұған дейін Нығмет Нұрмақов, Əлихан Бөкейхан атындағы мектептерде де сабақ бердім. Қалаға келіп те ұстаздық тəжірибемізді əрмен қарай жетілдірдік», – дейді мұғалім. «Ең үлкен жетістігім – шəкірттерім. Белгілі журналист Төлен Тілеубай бастаған бірнеше журналистке сабақ бердім. Жылда бірнеше оқушым жоғары оқу орнына грантқа түседі».

Мектеп қабырғасында өткен қырық жыл. Аз уақыт емес. Мəртебелі мұғалім 1997 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, жақында ғана Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алды. Көп жылғы еңбегі еленген Сəбира Ізбасарқызының ізгілікті ізі осындай.

Отбасында қадірлі ана, асыл əже. Марқұм жолдасы Айтбек Қалиев те – ұзақ жыл ішкі істер органы саласына еңбегі сіңген жан. «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалі мен «Үздік милиция қызметкері» төсбелгісінің иегері. «Отағасы аманаттап кеткен бала-шағаның шаттығына кенеліп отырмын, шүкір», – дейді жаны ізгі Сəбира Ізбасарқызы.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button