Жаңалықтар

Ұлт дәстүрімен – қайырымды іске

Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық шаралары аясында Қарағанды облысы Ассамблеясы өкілдері, оның ішінде, Аналар кеңесі мен қоғамдық ұйымдар, қорлар мен этномәдени бірлестіктер «Сарқыт» акциясын өткізді.

 

Абайдың Он төртінші қара сөзінде «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әртүрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді» делінген. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп, ізгі амалдарға ұмтылу – қай істің де қайырлысы.

«Қайырымдылық керуені» акциясы – қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру мен қазақстандықтардың, солардың ішінде, балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуге бағытталған жоба. Аталған акцияға сондай-ақ, облысымыздың қалалары мен аудандарындағы ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабы мен Қоғамдық келісім кеңестері, Приозерск қаласының «Үлкен жүрек», Қарағанды қаласындағы «Лучик надежды» қоғамдық қоры да қолдау білдіріп, көмекке мұқтаж отбасыларына сый қалталарын үлестірді. Жыл басы осындай игі шаралармен бастау алуда.

Ал, сарқыт – халқымыздың ежелден қалыптасқан дəстүрлерінің бірі. Бұл – əр қонаққа көрсетілетін құрмет, сый-сияпат пен алғыс белгісі. «Жақыныңа сарқыт беру – онымен қуанышты, бақытты бөлісу, қамқорлық көрсету», – дейді ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко. Ағымдағы жыл бойы өңірлердегі «Қайырымдылық керуені» аясында ай сайын осындай шаралар өтіп тұратын болады. Мәселен, ақпан – Сыбаға, наурыз – Шашу, сәуір – Асар деген атаумен өтеді. Сондай-ақ, Қамқор, Тоқымқағар, Ерулік, Жылу, Көрімдік, Бата, Бес жақсы, Кəде деген қазақтың дəстүрлеріне негізделген атаулармен ұйымдастырылмақ.

Қайырымды іске Қарағанды өңірінің аймағындағы жанашыр, ақ тілеулі Аналар кеңесі, меценаттар, жастар қанатының мүшелері, жомарттықты жанына серік еткен жандар белсене қатысуда. Әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарға тұрмысқа қажетті заттар, киім-кешектер үлестіріп, балаларды қуанышқа бөлеуде. Атап айтсақ, Сәтбаев қаласының Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Харекет» қайырымдылық қорының және қалалық Қайырымгерлер мен меценаттар клубының ұйымдастыруымен көпбалалы отбасыға салтанатты түрде пәтер кілтін табыстаған.

– Жағдайларының қиындығына қарамастан, дүниеге бала әкеліп, өмір сүруге талпынып, отбасын қызғыштай қорып жүрген бұл отбасы иелері – нағыз батырлар. Бүгін ерекше күн. Бір отбасының болса да, жабырқаған жүзіндегі мұң сейілді. Жақсылық жасауды тоқтатпайық, – деді өз лебізін білдірген Сәтбаев қаласы Қайырымгерлер мен меценаттар клубының төрайымы Меруерт Бақбергенова.

Меруерт Бақбергенова жаңа пәтер иелеріне микротолқынды пеш, ал, осы клубтың мүшесі Берік Ергенбаев жатын бөлме жиһазын сыйға тартты. Ізгі шараны жалғастырған қарқаралылықтар да аудандық «Қоғамдық келісім» кеңесінің мүшелері, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы және «Балауса» қайырымдылық қорымен бірлесе Қоянды елді мекеніндегі балалар үйіне 12 адамға арналған үлкен үстел мен балаларға базарлық сыйлады.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button