Жаңалықтар

Ұлт бірлігі – ұлы байлық

Ынтымағы тұрмысына ырыс берген, татулығы бірлігіне тыныс берген біртұтас елдің ортақ мерекесі Нұра жерінде сән салтанатымен мерекеленді.
«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған мыңнан астам аудан орталығының тұрғыны тіліне, дініне ұлтына қарамастан бір-біріне құрмет көрсетіп, шеруге шығып, мерекенің маңыздылығын айшықтай түсті. Сәкен Сейфуллин алаңынан бастау алған шеру Тәуелсіздік саябағында салтанат құрды. Мерекелік шеруде еліміздің жаһандану жолында Елбасының сындарлы саясатының жемісі: «Мәңгілік Ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Бір шаңырақ астында – Ұлттар достастығы», «Астана – 20», ҚР Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы, «Нұра ауданына 90 жыл», «Бұқар жыраудың 350 жылдығы» ұрандарын айдарлаған мағыналы шеруге қатысушылыр өз тақырыптарына сай өнерін ортаға салды.
– Нұрлы нұра жеріндегі қырыққа жуық ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті береке мен бірлікте болып, тілін, салт-дәстүрін және мәдениетін асқақтатқаны жүрегімізге жыр, жанарымызға нұр сыйлайды. Көп ұлтты ауданымыздың барлық ұлты мен ұлысы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ел экономикасын дамытуда, әлеуетін арттыруда аянбай еңбек етіп жүр. Табыстың тайқазанын қайнатып жүрген еңбек ерлерінің ішінде басқа ұлт өкілдерінің еңбегі шексіз,– деп атап өтті салтанатты шарада Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов.
Мерекеде Тассуат және Заречное ауылдарының орыс және украин ұлтының орталықтары ұлттық тағамдарын паш еткен мерекелік дастарқанды арнайы құрылған киіз үйлерде жайды. Мерекеге сай орталық кітапхана кітаптар көрмесін ұйымдастырды. Сонымен қатар, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ұсынысы мен Нұра ауданы әкімінің қолдауымен «Ашық мемлекет» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар жәрмеңкесі өтті. Мұндағы мақсат Елбасы тапсырмасына сай мемлекеттік қызметті цифрландыру жолдарын халыққа насихаттау. «Татулық – достықтың киелі бесігі» атауымен ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама ауданда мекендейтін қырыққа жуық ұлт өкілдерінің ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін дәріптеді.
Мерекелік шара соңы спорттық ойындарға ұласып, мықты спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button