«Локомотив» спорт кешенінде жазғы лагер ашылады
10 шілдеден бастап «Локомотив» спорт кешенінің базасында тегін балалар лагері жұмыс істейді. Мұнда әлеуметтік осал топтағы балалар мен басқа да санаттағы балаларға бір айға тегін демалуға жолдама беріледі.
Аталмыш лагерге 160-тан астам бала шақыртылады деп жоспарлануда. Балалар үшін спорттық және ойын-сауық іс-шаралар, танымал спортшылар мен спорт мектептерінің жаттықтырушыларының қатысуымен шеберлік сыныптары өткізілмек. Квест пен экскурсиялар, жорықтар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, балалар бассейн мен спорт залдарына тегін бара алады.
– Бұрын лагерь болған. Бірақ, бір маусымда әрі кетсе 40 бала ғана қатысқан. Қазір біз косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Шығармашылық шеберханалар, тренингтер мен түрлі шаралар өтетін екі кабинет аштық. Балаларды күніне 5 мезгіл тамақтандыратын асхана бар. Ал, лагердің жұмыс уақыты таңғы 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Қала бюджеті есебінен оған апта сайын 40 бала мен жасөспірім қатысады. Лагерьде тек Сұрыптау кентінен емес, қаланың басқа аудандарынан да балалар демала алады, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz