Басты тақырыпРуханият

Әлкейдің соңғы шәкірті

         Сағындық ағамыз академик Әлкей МАРҒҰЛАННЫҢ соңғы аспиранты – отандық тарихқа өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Әлкей бабамыз Алаш археология ғылымының әулиесі болса, Сағындық ЖАУЫМБАЕВ қазіргі Қарағанды облысы археологиясының атасындай. Қазақстандағы қола дәуірінің тарихын екі-үш ғасырға шегерген ғалымның 70 жылдығына орай ҚарМУ-дың тарих факультетінде «Отандық тарих пен археологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық конференция өтті.

Сағындық аға кандидаттық диссертациясын Әлкей Марғұланнан қорғаған екен. Әлкей атамыздың сонда шәкіртіне сыйлаған құндыз құлақшыны бүгінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Оны Сағындық ағаның осы мұражайда істейтін шәкірттері 70 жылдығына тарту ретінде тарих факультетінде ұйымдастырған көрмеге қойып, содан қызықтап, қайран қалдық. Алашқа ортақ Әлекең! Оның соңғы шәкірті Сағындық аға болса, бұл кісінің бір шәкірті – Қарқаралыдан Алтын адамды табушы Арман Бейсенов. Бұлар барда Алаштың рухы өлмейді. Олай деуімізге бір себеп, Сағындық Жауымбаевтың қазақ тарихына әкелген жаңалығын қараңыз. біздің жыл санауымызға дейін басталатын қазақ тарихындағы қола дәуірінің мәдениетін бұл кісі үш жүз жылға кейін шегеріп, тереңдеткен ғалым. Ғалымның ол жаңалығын естіген жапондық археолог ғалым Мураками Сағындық Ұбайұлын сонау Жапониядан Қазақстанға іздеп келіпті. Осында, яғни, Қарқаралыдағы Кент тауында орналасқан Алат қорымынан Сәкең тапқан темір балқытатын  металургиялық пешті көрген оның екі көзі төрт болған. Ерте қола дәуірінің мәдениетіне тән әлгі пеш Қазақ жерінде өмір сүрген ежелгі тайпалардың өнертуындысы. Сағындық Жауымбаев осы жаңалығы арқылы тарихта Қазақ даласында қорытылған қола – әлемде алғаш балқытылған қолалардың біріне жататындығын дәлелдеп шыққан және оны бұл жерлерді мекендеуші тайпалар еуропалықтардан ІІ-ІІІ ғасыр бұрын балқытып, игерген болуы мүмкін… Ол дәлелге көзі жеткен әлгі жапондық ғалым Сағындық ағаны 2015 жылы Жапонияда өткен археологтардың халықаралық симпозиумына шақырып ала жөнелген. Онда біздің Сағындық ағамыз баяндама жасап, Сәкеңнің еңбегін жапондықтармен бірге басқа ел ғалымдары да мойындауға мәжбүр болған. Ерте қола дәуіріне жататын мұндай мыс қорытатын пеш дүние жүзінде Қазақстаннан басқа Израиль мен Палестина жерінен ғана табылса керек. Және бұл жаңалыққа қызыққан «АрселорМиттал Теміртау» басшылары әлгі металл балқытатын пешті қайта қалпына келтіріп, темір балқытып көрген. Сонда шығарған альбомдары күні бүгінге дейін таптырмас жаңалық.

Әлгі Мураками атты жапон оқымыстысы қола дәуірінің тарихы біз біліп жүрген уақыттан да әріге кететінін 25 жыл бойы зерттеп, дәлелдеумен болған көрінеді. Нүктесін Қазақстанға келіп, Әлкей Марғұланның соңғы шәкірті Сағындық Ұбайұлы арқылы қойған. Осындай тарихи жаңалық ашқан Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры, Орталық Қазақстанның алдыңғы қатарлы археологы Сағындық ағаның 70 жылдығының құрметіне ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз мәнінде өтті. Қазақстанның түпкір-түпкірінен археолог ғалымдар келіп, баяндамалар жасады. Археология мен отандық тарихтың көкейкесті мәселелері талқыға түсті. Сонымен қатар, ғалымның 70 жылдық мерейтойы құрметіне тарих факультетінен Сағындық Жауымбаев кабинеті ашылып, төменгі қабатта көрме қойылды. Кабинетке Әлкей Қаһанұлынан бастап, Сағындық Ұбайұлы араласқан қазақстанның және шетел археологтарының суреттері мен мерейтой иесінің жеке кітапханасынан алынған түрлі кітаптар қойылған.

Халықаралық конференция материалдары негізінде шыққан жинақтың құндылығы өз алдына бөлек әңгіме. Қазақстан археологтары мен шетел ғалымдарының материалдары топтастырылған жинақ болашақ археологтардың олжасы болар деген үміттеміз. Одан да құнды олжамыз – профессордың өмірі мен шығармашалық жолынан сыр шертетін «Жауымбаев Сағындық Убайұлы: ұстаз, ғалым, тұлға» атты кітап. Онда археологтың ғылыми мақалалары мен жетістіктері, өмірбаяны, тағы басқа құнды дүниелер топтастырылған. Аталған кітапты тарих факультеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығы «Өнегелі өмір» сериясымен шығарып отыр.

Ұлы тарих кеңістігін кеше, бүгін, ертең деп қарастырсақ, Әлекеңдерден кейін Алаш тарихына қадаған Сағындық ағаның да алтын түймесі бар. Ол – өркениет бастауында тұрған жапондықтардың өзі мойындаған Қазақ даласын мекендеген ежелгі тайпалардың металургиялық пеші. Алаш тарихының көшін мыңжылдыққа тереңдеткен алтын күйме іспетті. Уақыт өткен сайын жалтырап, сәуле шашқан қалпымен мәңгілік уақыт кеңістігіне ене берсе керек. Еуропаны жаулаған Ғұндардың ұлы жорығынан туған халықтардың қоныс аударуы сияқты, тарихтағы бетбұрыс енді осындай жаңалықтардан басталса керек. Оның бастауында Әлекеңнің алдын көрген бастаған Сағындық Ұбайұлы сынды тұлғалар тұр!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button