Жаңалықтар

Әліпби: құқық, ғылым, тарих

    заставка 1Қазақ әліпбиінің жаңа графикаға көшуі жөніндегі құқықтық ниет республика заңнамасында әуел бастан көзделген болатын.

1990 жылдың 25 қазанында Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияны Қазақстан халқы «қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып» қабылдайтынын мәлімдеген.

1991 жылдың 16 желтоқсанында конституциялық заң арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсiздiгi жарияланды.

Заңның 18-бабында «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады» деп жазылған.

1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Конституцияның 7-бабының 1-бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бекітілді.

Ғылым пайдасын прагматикалық тұрғыдан дұрыс пайымдаған Абайдың басқа ұлт- ұлыстың тілін игеруде «Қазақтың халық қатарына қосылуының қамын жейік» – деген ойы Конституцияның: «дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып» деген құқықтық жолдарында көрініс тапты.

Қазақ жазуының латын графикасына көшуінің ғылыми һәм тарихи негізін анықтауда қазақтың тағы бір дана ұлы Шоқан Уәлихановтың пікірін еске сала кеткен жөн болар.

Шоқан 1864 жылдың 28 ақпанында Омбы қаласынан жазған «Сот реформасы туралы жазбасында» ойланарлық сөз қалдырыпты: «Біздің халық әдебиетке бай және де ол поэзиялық қасиеттерден құр алақан емес. Қазақ әдебиеті шығыстан гөрі үндігерман эпосына өте жақын».

Бізге бүкіл үндігерман эпосын адақтап шығу міндет емес, тек Шоқан пікірін дәл жеткізу үшін тірек ретінде «Нибелунгтер» ( Das Nibelungen Lied) туралы жырын алайық. Негізгі кейіпкер ақсүйек, текті тұқымнан шыққан, махаббат майданын таңдаған түркі ұланы Еділ патша. Исландық – Атли, латындық Итиль – Аттилио-Атилла, немістік – Этцель Ботлунгұлы.

«Нибелунг» жырында Атилла патша Бургундия корольдігінен шыққан марқұм Зигфердтің жесірі айдай сұлу, күндей көркем Кримхильданы алуға көне Киевтен аттанған, сосын Венадағы 17 күнге ұласқан Атилла мен Кримхильданың үйлену тойында күйеу жігіттің қасына ерген абадан ерлердің шыққан тек-тайпасы аталады: «русы, греки, валах, поляк, печенег». Осындағы «валах-walachen» римдіктердің жанама лақаб аты, ен- таңбасы. Славяндар латындарды «Волоховъ», «Влах» депті. Орыстың арғы атасы славяндар Рим қыспағына шыдамай Македония, Фракия, Иллириядан ауып көшкен. 1865 жылғы еңбегінде орыс ғалымы И.Срезневский IX ғасырдағы Храбріге сілтеме жасап славяндардың латын әліпбиін пайдаланғанын жазады. Жүре келе, грек әліпбиі негізінде кириллица мен глаголицаны ойлап шығарып, славян тіліне ыңғайлаған.

Жаңағы «печенег» түбі түркі, ежелден Киев тұрғыны, бұл қала түркінің талай ұрпағы есте жоқ ескіден бері мекені. Орыстың «Игорь полкі туралы Сөзде» Киев кінәзі Святослав «жасырын жорыққа аттанған» делінетін Игорьден хабар алар кісі іздейді: «Көрінбейді көзіме, Берік билік, алпауыт, қолы қалың, Бауырым Ярославль, Черниговтік білгілер, Мықты, Татран, Қаңлы, Қыпшақ, Барын, Ел бөрі (олъберы), Қайда ерлер жалаң төс, құр қол, қонышта тек пышағы, Аламандап жау жеңген, Атайман-сойлы ұрпағы, Атағы шыққан арғыдан».

Жырдағы (олъберы), Ырғыз-Жайық арасындағы Андараз қыпшақтар (ішкі қыпшақтар) іргесін көтерген Елбөрі хандығына қатысы бар тұқым. Түркі нәсілі әлемнің төрт бұрышын түгелдей жайлағаны туралы дерек небір елдің сөзінде жүр.

Мысалы, Скандинавия мен Помераниядан келгендерді орыстар «Варяг», «Волот» деп атаса керек. Соңғы «Волот» Әнес Сарай жазған Солтүстік Қытайдың Шаньси провинциясындағы «цзиху – булоци» – болаттан қару соғатын теміршілер. Біздің ойымызша, «болат» термині «ерік-жігер, іс әрекет» ұғымының таңбасы. «Болат» – қайтпас қайсар, мықты, іскер. Осы мағынада «болат» сөзі Абайда бар: «Мен-дағы көп есіттім жастын, назын, Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың? «Боламын» мен жүргенде болат қайтып, Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім».

«Волот» сөзінен «Воланд», «Роланд» атаулары тарайды. Бұл есімдердегі «анд» Білге қаған ұстынындағы «Анда ордадағы адамдар түгел қашып кеткен» және «анда қыпшақтардағы» термин «андаға» жақын.

Банту тілінде «nda» – құрсақ. Ол халықта «Құрсақтан егіз едік қой» – дегендей бір ана тектен тараған жұртты «enda» деп атаған. Эвондо халқы «nda» терминімен «үй» ұғымын береді. Бұл арада «үй» ұғымы мекен, тұрақ, баспана емес, туыстық қарым-қатынасты анықтайтын құқықтық мағынаға ие, яғни – отбасы, шаңырақ. Тіл – қарым-қатынас құралы, сөз – заң, құқықтық реттеуші. Абайда «үй» ұғымы тіпті кең: «Шырақтар, ынталардың «менікі» де, Тән құмарын іздейсің күні-түнде. Әділеттік, арлылық, махаббатпен – Үй жолдасың қабірден әрі өткенде».

Абай «Үй жолдасың» деп ғалами үйге оралуды, адами ғылымның ғалами ғылымға еруін, бағынуын меңзеуде. Тура жолға түсіп, жөнге көшудің реті, бітім, байлауы. Жанның түп иеге оралуы: «Мекен берген, халық қылған ол ләмәкан, Түп иесін көксемей бола ма екен? Және оған қайтпақсың, оны ойламай, Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» Абайдың жаңағы «ғалами үй» туралы ойын қазақтың «ындын» сөзіне мағыналас ағылшынның «and» – рух сөзі де растайды.

Біз тілге тиек қылған «nda» термині қазақтың «қарындас» ұғымында тұр. «Қарындас» құқықтық құрама термин, үш ұғымнан тұрады: «қар» – қандық туыс; «ынд» – құрсақтық туыс; «ас» – сүйектік туыс. Ер жігіттің үш жұрты. Өз елі, нағашысы, қайын жұрт. Оған енді «құданда» терминін қосыңыз. Кезінде қазақтың ақсүйектері Русьпен де, жоңғармен де «құд анда»- болған.

Осы іспеттес «Қасқыр ана асыраған екі бала» аңызы өмір ұғымын көркем жеткізетін көне бейне. Мағынасы: «Адал сүт емген». Тектілік. Көк ұлдары. Шыңғыс хан мен Жұмаһа анда болулары заңды-тың: «Тең адам анда, текті ауыл құда». Фульбе халқында «еndam» – ана сүті, байлаушы, келісім белгісі.

Ғалым Шоқан Шығыс пен Батыстың арғы туыстық, ағайындық байланысы туралы біліп айтқан. Бірер ғана сөз барлайық. «Вёлунде» жырында «Ульвдалир» – қасқыр далаңы. «Ульв» – бөрі. Қазақ «ит- құс» дейді, қасқыр – «ұлыма». Ұлыма – ульв. Қытайда»: «фули», қазақта «бөрі». «Үр енде» – ит; «Ішпес-жеместің малы үрендеге бұйырсын». «Енде» – тіршілік иесі.

Әліпбиге қатысты қысқа шолудың өзі адам баласының әуел баста тілі, ділі, діні бір тектес екенін байқатады. Тек қана әліпби емес сонымен қатар барлық сюжеттердің де өте ұқсас болып келетіні шын. Ұқсастық негізі – жаратылыс заңында.

Ғалым Мұқтар Әуезовтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» талдауын тыңдалық: «Ана құрсағында жатқан балалар «белқұда», «ежеқабыл» деген шарт батамен қосылуға міндетті болады. Қарабай қанша әлек салып арпалысқанымен, батаны бұзуға дәрменсіз. Себебі, бата екеудің арасында, екі атаның туар өмір алдында бірігіп отырып жасаған байлауы болатын».

Біз келтірген тұста М.Әуезов еш нәрсеге бағынбайтын, тәуелсіз, еркін, егемен, адам санасынан тыс өмір құқығын таза, дара күйінде алып шықты.

Рим заңында әке құқығы өте зор және тым шексіз еді. «Ру» – шыққан тегін белгілесе, «отбасы» – бір әкеге тиесілі, тән екендігін бекітуші. Әке – отағасы. Отбасы мүшелерінің өмірі мен өлімін өзі шешкен. Тым қатыгез болса да, жеке отбасының бәсекелес ортада өмір сүруі үшін қажет. «Еңлік-Кебектеде» аға билер өмір заңын, ата салтын таза сақтау үшін айтысты. Адам міндеті: өсу, өну, өркендеу. Кемел келісіммен. Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек. Жаратылыс заңы осы бір қисынымен қызықты-ақ.

Абай өмір заңын нақтылай түседі: «Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы». Сөз – заң. Тәңір жазуы. Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз. Тек ести біл. Айтқандай қылып бірдіретұғын құдіретін сезе біл. Анығырақ сезде, ақылмен сыз. Танып таңбала, қиыннан қиыстыр әліпбиіңді.

Қиыннан қиыстырар ер даналарының бір тобы ежелгі билер болатын. Билер айтысы қазақ сияқты Римде де өмір сүріпті. Екі халықтың заң жасаудағы көне әдет-ғұрпын С.Мұқанов «Халық мұрасында» салыстыра баяндайды: «Шешендер айтысында тіл өнері асқандардың атағы шығып, солардың сөздерінен біздің «Жеті жарғы» сияқты «Он екі жүйе» (кесте, біздің дәуірімізге дейінгі V-ғ) аталған заң құралған. Кейін бұл заң мемлекеттік правоға, ресми заңға негіз – «Римское право» аталып кеткен.»

Ескі сөздің шебері С.Мұқанов «билер айтысының» заң жасаудағы тарихи ролін ғылыми тұрғыдан орынды бағалауы өмір шындығына сай. Сөз айтысы – ой сайысы, ұрыс-майдан. Ұрыста тұрыс жоқ. Билер билеп жүріп айтысқан.

Би ырғағы тиісті әуен, сөз талап еткен соң алқақотан күркте айналып жүріп айтысқан. Би сөзі қысқа да, нұсқа, жатық шыққан соң, заң нормасына айналуы жылдам, жария қылу, жаттау жеңіл. Римде заңды базарда әрбір тоғыз күнде жариялап отырған. Заң, төрелік терминдерінің түб мән-мағынасы – жариялау, білу. Қызыл тілдің сүлейі, шешен Цицерон да шеберлікке Он екі кестені жаттап жеткен. Біздің бала билер жөн-жосыққа жетік болу жолы.

Өмір құқығы тіршілік сахнасына шыққалы жер бетіндегі бүкіл айтыс-тартыстың кіндік, қазығына айналса, Би институты адам құқығын қорғайтын заң нормаларын бір жүйеге, бір кестеге, жазуға түсірген алғашқы заң қалыптастырушы орган болды.

Орта ғасырларда Европа елдері Римдік құқықты сол күйі пайдаланса, Киевтік Русь Шығыстық Рим – Византияның Юстининан кодексіне сүйеніп бақты. Ғалым Н.Крылов 1858 жылғы сөзінде Юстининанның тегі славян, Иллирияның Тавризиялық серб, туған тіліндегі аты- Управда десе, «славян», «серб» бұрынғы скиф атауы саналады.

Сонымен бірге, «Орыс Правдасындағы» құқықтық терминдердің түркілік тегін аңдауға болар құқықтық сөздер бар. Орыс сот төрелігінің басы- шағым, содан кейін «тяжа», яғни сотқа шақыру, соттасу. «Тяжа» – тәжікелесу. Тәжіке – айып тағу. Ғылымда бұрыннан дәлелденген – құқықтық ұғымдарды білдіретін заң терминдері көп өзгеріске ұшырамай, бұрынғы қалыбын, мән-мағынасын сақтап қалған.

Мысалы, латында «транзит» – меншік құқығының ауысуы; орыста – «транжир»; қазақта – «тыраш», қолда барын ысырап қылушы. Орыста жылжымалы мүлік – «рухло», «рухлядь». Түбір сөз – «рух» – қозғалыс.

К.Маркстің қолымен «Неміс идеологиясында» қозғалыс туралы былай жазылыпты: «Коммунизм біз үшін орнатуға жататын жағдай емес, нақты болмысты сәйкес қылар идеал да емес. Коммунизм деп біз, қазіргі ахуалды жоятын өмірлік қозғалысты айтамыз, бұл қозғалыстың алғы шарттары нақты өмірде көрініс тауып отыр».

Бұл ой Маркс ашқан жаңалық емес, жалпы жаратылыс заңы, ол Інжілде де бар. Онда «Алла тағала Адам ата Хауа ананы жұмақтан жерге жөнелтерде оларға теріден киім істеп кигізді», делінеді. Яғни, материяның қозғалысы, көзге көрінуі, ата мен ана бастауының пайда болуы, адамның ақыл мен сезім иесіне айналуы.

Римдік заңды «Жазылған жете» десе, жаралып жасалып қойған заңға ұқсас, сәйкес болғаны. Абай қазақтың заң-жолдарын «Ескі сөз» деп таныған. Ескі сөз – есті сөз. Ескі сөзді ескеріп, есті елдердің қатарына қосылмақ ниетті іске асыруда әдеби зерттеушілерді тәрбиелеу қажет.

Себебі, тарихтан әліпби ауыстыру әлемдік әдебиетке ауыр соққы болып тигенін де білеміз. Мысалы, Көне Русьтің өз әліпбиінен бас тартып грек алфавиті негізінде кириллицаға көшкенде көп әдеби мұра қалтарыста қалып қойды. Жалғыз «Игорь полькі туралы» жырдың үзіндісі жетті, оның өзін Д.Лихачев бұрынғы бір белгісіз эпос негізінде жазылғанын мойындаған.

Құдайға шүкір, қазақ халқы ауыз әдебиетін аман сақтап қалды. Ауыз әдебиеті құқықтық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, қазақтың бүкіл бітім болмысын ұстап тұрған да сол. Енді, Түгел Сөзді жаңа әліпбиге қотарып алу – ең бірінші кезектегі іс.

Марат АЗБАНБАЕВ,

Қарағанды облыстық сотының судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button