Тарих

ӘЛІМХАН және ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ

Биылғы жылымыз да тарихи оқиғаларға толы. Ең таңдаулы мерейтой ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, ұлы қайраткер Әлихан БӨКЕЙХАНОВТЫҢ туғанына 150 жыл толуы – оның ең жақын серіктестері елімізге белгілі тұлғалар Ақбайдың ЖАҚЫБЫНЫҢ 140 жылдығына, Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ 125 жылдығына және «Алаш» ұлт – азаттық қозғалысының 100 жылдығына, сондай-ақ, осынау текті тұлғаларды тудырған қасиетті топырақ – Қарағанды облысына 80 жыл толуымен сәйкес келіп отыр.

Жалпы, Ә.Ермековтің есімі өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін көпшілікке белгілі болмады, істеген жарқын істері жабулы мұрағат қойнауында қала берді. Оның аты Қазақ Кеңес энциклопедиясына кірмеді, тарихшылар ол туралы үнсіздік білдірді. Тек математиктер ғана Қазақстандағы математика білімі мен ғылымы тарихын қарастырғанда Ермековтің тегін оқта-текте ауызға алып, оның математика саласындағы еңбектеріне тоқталатын. Шындығында, Ермековтің ғылыми-ағартушылық қызметі ХХ ғасырдың 20 жылдарында басталып, өмірінің соңғы жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. Сол жылдары ол Республикадағы орта және жоғары оқу орындарының ашылуына, жастардың өнер-білім алуларына ұйытқы болды. Математика пәнінен сабақ беріп, сол курс бойынша мәлімет беретін қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбектер жазды. «Мысалы: 1935 жылы, оның әуел баста екі кітап болып жоспарланған «Ұлы математика курсы» («Курс высшей математики») атты кітабының 1-бөлімі «Қазақстан» баспасында жарық көрді. Редакторы Құдайберген Жұбанов. 10 мың дана. 180 бет және 80 сызбадан тұрады. 1936 жылы 26 беттік «Математика басылымдарындағы ғылыми терминдер», ал 1937 жылы «Детерминанттар теориясының негіздері» атты еңбектері математика тарихында өшпес мұра болды».

Өкінішке орай осы еңбектердің бәрі кейін кітап сөрелерінен алынып, оның атын атауға мүлдем тыйым салынды. Себебіне келсек, мұның барлығына кінәлі оның «Алаш» партиясының беделді басшыларының бірі болуы еді.

Әлімхан Ермеков 1891 жылы қазіргі «Қызыларай» елді мекенінде дүниеге келген. Оның, өз қолымен жазған Алматы, Семей, Қарағанды қалаларының мұрағаттарында сақталған өмірбаяндық анықтамаларда: «Мен 1891 жылы Темірші болысына қарасты Қызыларайда тудым. 1899 жылы Қарқаралыдағы реалдық екі сатылы училищеге оқуға түстім, 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясында оқуымды жалғастырып, оны 1912 жылы 21 жасымда алтын медальмен бітіріп, Том технология институтының тау-кен факультетіне конкурссыз қабылдандым» деп көрсеткен. Бұл дерек алғашқы қазақ қыздарынан шыққан дәрігер қарындасы Дәмештің (көрнекті партия қайраткері болған Темірбек Жүргеновтің зайыбы, 1990 жылдың басында қайтыс болды) жеке мұрағатында да сақталған. Ә.Ермеков 23-маусым 1970 жылы сексенге тақап қайтыс болғанда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған көңіл айтуда да осы деректер берілген [2].

Ә.Ермековтің тәрбиелік болмысы бала жастан ел арасындағы ғасырлар бойғы көшпелі өмір салты мен кең даланың әдет-ғұрпы ықпалында қалыптасты.

1912 жылы жиырма бір жаста Ә.Ермеков Семей гимназиясын алтын медальмен бітіріп шығады. Ол кездегі ереже бойынша гимназияны алтын медальмен бітірген жас талапкерлер Санкт-Петербург политехникалық институтына немесе басқа да Ресейдің жоғары оқу орындарына конкурссыз қабылданатын. Әкеден ерте айрылып, тұрмыс тапшылығын көрген оның алыстағы Петербургке баруға мүмкіндігі болмады. Білімнің соңына түскен ол Том технология институтының тау-кен факультетіне конкурссыз қабылданып, 1912 жылы студент атанады. Оның мұндай жауапты шешім қабылдауына Семей қаласының өзі дәріс алған гимназиясындағы озық-ойлы, демократиялық бағыт ұстаған қазақ-орыс зиялылары зор ықпал етті. Олардың бірсыпырасы гимназияда тек қана бағдарлама бойынша оқылатын пән көлемінде дәріс беріп қана қоймай, сонымен қатар, оқулық шеңберінен шығып, гимназистерге сабақ арасында саясаттан, дүниежүзілік азаттық қозғалысынан, Ресейдегі болып жатқан саяси жағдайлардан мәліметтер беріп отыратын. Кеудесінде сәулесі бар зерделі шәкірттер, әрине, олардың бәрін саналарына сіңіріп отырды.

Әлеуметтік тегі жағынан қарағанда, соншалықты аса байдың баласы болмаған Ә.Ермековке оқу мәселесі қатты қиындық туғызған. Сондықтан оның Петербургқа бармай Том институтына түсуі де, оқуы да оңай болған жоқ. Томға дейін жетіп, институтта оқуға көмек бергендер қатарында өзі бітірген Семей гимназиясының оқытушылары Әбікей Сәтбаев, Имам Әлімбеков, Ахмет Барлыбаев, Сабыржан Ғаббасов, Григорий Солодовников, Николай Белослюдовтар бар еді. Ә.Ермеков кейін олардың адамгершілік қасиеттерін, бар мүмкіндіктерінше қазақ халқының мүддесін қорғағанын талай жазған болатын.

Арада тоғыз жыл өткенде қазақ даласының тағы бір арманшыл жасы Ермековтердей ағалардың ақылы арқасында осы институттың табалдырығын аттайды. Ол, халқымыздың ұлы перзенті, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, әрі оның тұңғыш президенті – Қаныш Сәтбаев.

Ә.Ермеков оқыған кен факультеті 1901 жылы ашылған-ды. Тұңғыш деканы және ұйымдастырушысы өте білімді ғалым В.Обручев болды. Бұл кез оның Сібір өлкесін түбегейлі зерттеуімен, Орта Азияға жасаған ғылыми саяхаттарымен есімі дүние жүзіне мәшhүр болған жұлдызы биік шағы болатын. Алайда, 1911 жылы, студенттер ереуілін қолдап, жергілікті жандармерияға ашық наразылық білдірген «келеңсіз» қылығы үшін В.Обручевті реакционер оқу министрі Л.Кассо ұстаздық жұмыстан біржола аластатуға бұйрық береді. Бір жылдан соң оның орнына сол жылдары «Ғылым магистрі» атағын алған ғалым-геолог М.Усов тағайындалады.

Ә.Ермеков оқуға түскен жылы Сібірдегі революциялық қозғалыстың өрлеуімен тұспа-тұс келді. 1912 жылдың сәуірінде Лена алтын кендерінде болған қанды қырғын Сібір еңбекшілерінің азаттық жолындағы қозғалысына серпін берді. Жас студенттің оқуға түскен 1912 жылы 20 қазанда Том технология институтының студенттері ұйымдасқан түрде сабаққа шықпады. Бұл олардың 1905 жылы 20 қазанда патшалық самодержавияға қарсы күресте қаза тапқан жолдастарына жасалған құрметі еді. Сөйтіп, Ә.Ермековтің студенттік өмірі осындай оқиғалармен басталады.

Студент Әлімхан ауылға демалысқа келген сайын қазақ жастарын оқу-білімге үгіттеп, өнер үйренуге шақырды. Осындай демалыстардың бірінде ол қазақтың болашақ ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровқа да сабақ береді. Өзінің студенттік өмірі туралы ол: «…Сол жылдары Томскіде орыстың озық ойлы тамаша адамдары тұратын еді. Мен солармен таныса бастадым. Орыстың белгілі саяхатшысы, Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанинмен, сол арқылы орыстың атақты жазушылары, (1933 жылы жарық көрген «Угрюм река» романының авторы) Вячеслав Шишковпен, сыншы Владимир Бахметьевпен, революционер марксист-философ Дволейский, революционер әйел Бауэрмен танысып, олардың үйірмелеріне қатыстым. Бірде Г.Потанинді, қарындасы биолог ғалым Екатерина және суретші Клара Уткиналарды туған ауылыма ертіп келдім. Потанин ауылға келісімен Аяпберген деген ертекші, әңгімеші қартпен достасып алып, күндіз-түні соның жанынан шықпай қойды» деп баяндайды.

Том қаласында институтта оқыған жылдары қаражатқа мұқтаж болып қиындық көргенде оған көзі ашық оқыған жерлестері материалдық жағынан көмек көрсетіп отырған. Мысалы, «Қазақ» газеті 1915 жылы 13 ақпанда Семейде Н.Құлжанованың басшылығымен әдеби кеш ұйымдастырылды. Ұйымшылдықпен өткен бұл кеште 917 сом 69 тиын түсім ақша түсіп, оның 320 сомы Семей облысынан орысша және мұсылманша оқитын мұқтаж 12 қазақ жастарына бөлінді: Студент – технолог Әлімхан Ермековке 100 сом, студент Халел Ғаббасовқа – 40 сом, Уфада оқитын Мағфура Найманқожа қызына – 30 сом, және басқалар тиісті ақшаларын алды деп хабарлайды. Ал осындай әдеби кештер мен кездесулер ол кездерде жиі ұйымдастырылып, әртүрлі баспасөз беттерінде жарияланып тұратын. Тіпті, Г.Потаниннің естелік жазбаларында да жиі байқаймыз.

Алыста жүріп, саяси құқығынан да, дінінен де айрылған, экономикалық жағынан одан да ауыр халге душар болып отырған туған елін, Әлімхан бір сәтке де ойынан шығарған емес. Оны кейін өзі де жазды. Оның осы жылдардағы іс-әрекеті, туған халқының тағдыры бейтарап қалдырмайтын, елі үшін күресе алатын қайраткердің келбетін көрсете алады. Ол бұл жолда жалғыз болған жоқ. Томда оқитын түрік текті жастармен Ә.Ермеков жақын араласа бастайды. Оларды шыққан тектері ғана емес, туған елдерінің болашақ тағдыры, тәуелсіздік үшін күрес жолы ынтымақтастырды. Оның Томда жақын араласқан пікірлес досы Ғариф Неометуллов (кей деректе Нигматуллин) болды. Ол, оның пәтерінде жиі болып, мұсылман студенттері қауымдастығына бірге қатысты. Бұл қауымдастық әртүрлі ұлт өкілдерін біріктіріп, азаттық жолда күрес тәжірибесін жинақтауда, саяси сананың өсуіне айтарлықтай рөл атқарды. Сонымен бірге, Әлімхан және басқа да мұсылман студенттері тұрмыстық, қаржылай қиындықтар көргенде де осы қауымдастық өз көмектерін беріп тұрды.

Томда оқыған жылдары Әлімханға үлкен әсер қалдырған адамдардың бірі – Шоқанның досы Николай Михайлович Ядринцев. Тамаша тарихшы, этнограф, археолог, публицист, фольклорист Н.Ядринцев түркі тілдес халықтарды зерттеуде үлкен үлесін тигізді. Оның, Орхон-Енисей ескерткіштері жайлы, сол кездегі қазақтар тұрмысынан тамаша мәліметтер беретін зерделі ғылыми еңбектері, тұжырымдары бүгіндері өте маңызды. «Сибирские инородцы, их быт и современное положение» (1891), «Отчет о поездке в Восточную Сибирь (1887) т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының тұрмыс-тіршілігін, жан-жақты қарастырған. Мысалы, Н.Ядринцев өзінің «Сибирь как колония» еңбегінде: «Целью образования должно быть: внушение любви к своему племени, к судьбе его, а не стремление оттолкнуть его от прежней семьи, вырвать его и предоставить массам ту же нищету, несчастье и вымирание» деп жазған еді. Бұдан аңғаратынымыз, Ядринцев шәкірттеріне ең алдымен, «өз ұлтыңды, өз халқыңды сүй» деп өз заманында тәрбие берген. Бұл жас Әлімханның дүниетанымына, көзқарасына кейін қатты ықпалын тигізді.

Жиырмасыншы ғасыр басында Г.Потанин кадет партиясының позициясына көшеді. Егер Алаш партиясын ұйымдастырушы Ә.Бөкейханның кадет партиясы орталық комитетінің мүшесі болғандығын ескерсек, көп мәселенің мәнісі аңғарылады. Бұл туралы Ермеков 1932 жылғы мәлімдемесінде: «Мен студенттік жылдарымда Ядринцевтің еңбектері мен Потанин пікірлері бойынша тәрбиеленген едім. Сол сияқты басқа да Сібірдің төңкерісшіл жазушылары артта қалған елдердің тағдырына жаны ашып, көңіл бөліп, мұндай елдер капиталистік құрылыс уақытында болатын шаруа тұрмысындағы, салтындағы өзгеріске шыдамайды, көтере алмайды деуші еді. Сол себепті социалдық реконструкция дәуіріндегі шаруашылық өзгерістері үлкен қорқу мен қобалжулар әкелді» деп жазған болатын. Сондықтан, Ә.Ермеков сияқты (жалғыз Ә.Ермеков қана емес, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Торайғыров, т.б.) Алашорданың қатарында болған қайраткерлер дүниетанымын олар өмір сүрген орта мен сол кезеңнің өмір шындығын байланыстыра қарастыру керек.

Енді, Ә.Ермековтің естелігінде айтылған Потаниннің Қарқаралыға жасаған саяхатына тоқталайық. Ә.Ермековтің белгілі орыс ғалымымен таныстығы 1912 жылдың күзінен басталады. Г.Потаниннің Том қаласындағы өмірі 1902 жылдан қайтыс болған 1920 жылдарды қамтиды. Самодержавиені құлатуды ойлаған бірнеше саяси топтардың одағына мүше болған оның саяси көзқарасына байланысты ешқайда шығуға құқығы болмады. Қазақ халқының және Шоқан Уәлихановтың замандас досы Потанин жасы келіп қалса да, бұл кезде, алдыңғы саяхатта жинақталған материалдарын сұрыптаумен айналысуда еді. «Сибирская жизнь» басылымының беттерінде оның мемуарлары жиі-жиі жарияланатын. Белгілі ғалым халықтар арасындағы достықты уағыздап, бұратана халыққа аса зор ілтипатпен жаны аши қарап, оның тұрмысын, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін сақтап қалуға әрқашан мұрындық болған. Ә.Ермеков алғашқы студенттік айлардан-ақ, Сібірдің алдыңғы қатарлы оқыған зиялы қауымына жақын болды. Күндіз институттағы сабақтарында болып, ал кешке ол Потаниннің пәтеріне асығатын. Мұнда ғалымның жақын достары жиналатын. Жазушылар В.Анукин, В.Шишков, Г.Вяткин, жергілікті оқу орнының ғалымдары, атап айтқанда әлемге аты әйгілі зоолог М.Д.Рузский, 1909-1924 жж. Том технологиялық институтында физика кафедрасының меңгерушісі, физик-профессор Б.Вейнберг, геологтар М.Усов пен А.Лавровский, суретші Г.Гуркин келетін. Бұл отырыстарда әр түрлі тақырыпта ойлар мен пікірталастар өрбитін. Потаниннің меймандары алдында Ә.Ермеков екі рет хабарлама жасап, орыс оқығандарын қазақтың ұлттық ойындарымен, ауыз әдебиеті мен жыр-қиссаларының мазмұнымен таныстырады.

1913 жылдың көктемінде Г.Потанин өз достарына аңыздар, ертегілер мен ән-күй жинау үшін экспедицияға шығатынын мәлімдейді. Оның көздеген жері Орталық Қазақстан, Қарқаралы уезі. Алдын-ала келісім бойынша ғалым өзінің жас досы Ә.Ермековтің ауылына бармақ болып шешім қабылдайды.

Қарқаралы уезінің халық ауыз әдебиетіне бай екендігін ғалым бұдан бірнеше жыл бұрын білген. 1895 жылы ғалымның Ш.Уәлихановтың – әкесі Шыңғыстың ауылына барғанда оны Петербург университетінің студенті Дінмұхамед Сұлтанғазин бастап жүрген. Ол Тоқырауын өзенінің жағасына қоныстанған бір ауылдың тумасы. Тоқырауын Қызыларай тауларынан бастау алады. Сұлтанғазин ғалымның өтінішімен көптеген аңыз-ертегілерді жазып алып, орысшаға аударған. Бұл ертегілердің қолжазбалары «Живая старина» редакциясының қоржынында көп жылдар жатып қалады да, тек 1916 жылы Г. Потаниннің алғысөзімен және редакциялауымен жарық көреді.

Батыс Сібір географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің ескі жазбаларында Г.Потаниннің Қарқаралыға саяхатына қатысты екі құжат табылды. Соның алғашқысында: «1913 жылдың 5 сәуір күні В.Зайковскийдің төрағалық етуімен, бөлімше атқару комитетінің мәжілісі өткізілді. Мұнда Батыс Сібір бөлімінің іс басқарушысының міндетін атқарушы А.Сидельниковтің осы жылдың жазында Г.Потаниннің қырғыз (қазақ) фольклорын зерттеу үшін Қарқаралы уезіне баратындығын хабарлаған хаты тыңдалды» дейді. Мәжілісте оған 50 сом бөлуге және көмек көрсету үшін орысша білетін қазақ интеллигентін тауып беру жөнінде қаулы қабылданды.

Екінші құжат, 1913 жылдың 30 мамырымен белгіленген. Бір қызығы бөлімше Потанинге көмек көрсету жөнінде, оның қызметіне ерекше назар аударып отырған. Мұнда оның сапары кезінде аудармашы ретінде ауыл мектебінің мұғалімі Рақымбай Сапақов деген азаматтың табылғанын, оның, Потанинді Қарқаралыда күтіп алатыны жайлы айтылады. Алайда, отбасы жағдайымен Р.Сапақов ғалыммен бірге жүре алмайтындығын айтып, өзінің орнына Шалымбеков деген студентті ұсынған. Соңында, Том студенті Ермековтің Потанинге аудармашы болуға алдын ала келіскендіктен Шалымбековті әуреге салудың қажеті жоқтығы ескертіледі. Сірә, семейліктер Потанин мен Ә.Ермековтің алдын ала келісіп қойғанын білмей ол үшін Қарқаралыдан аудармашы іздестірген.

Потанин өз экспедициясының томдық құрамына апалы-сіңілі Ворониналарды қосқан. Үлкені, Антонина Уткина – Воронина суретші. Жаз бойы қырғыз даласының өмірін қыл қаламмен бейнелеуге ниет еткен. Сіңілісі, Екатерина Том университетінің студенті, жаратылыс тану ғылымымен шұғылданып жүрген, оны қызықтырған нәрсе шалғай жердің өсімдік дүниесін зерттеу.

Томнан шыққан бұлар мамыр айының соныңда Омбыға бет алады. Мұнда бірнеше күн аялдайды. Географиялық қоғамның Батыс Сібір бөлімшесінің комитеті Потаниннің келгенін біліп мәжіліс өткізеді. Меймандар үшін Қарқаралы уезі, Едірей болысынан шыққан С.Жуандықов деген бақсы мен семейлік С.Жиенбаев, С.Сағабаевтардың ұйымдастыруымен арнайы шағын этнографиялық концерт қойылады.

Семейге пароход арқылы жеткен саяхатшылар Қоянды жәрмеңкесіне де соғады. Потаниннің жазбалары бойынша Ермековтің ауылына барар жолда олар Майлыбұлақтағы Жақып Ақбаевтың үйіне түсіп қонақ болған. Петербургте оқыған, орыс мәдениетімен жақсы таныс Ж.Ақбаев та қонақтар құрметіне әнші-күйшілер қатысқан кеш ұйымдастырады. Кеште Семей гимназиясында оқитын қазақ жастары орыс ақындарының өлеңдерін оқиды. Осы оқиға Потаниннің күнделігінде «Необычайно было слушать стихотворения Некрасова от киргизской девочки-гимназистки», – деп жазылған. Әсіресе, Потанинге қазақтың лирикалық әндері қатты ұнаған. Қазақтың музыкасын ол «Өте бай» деп есептеген. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», – деп Потанин талай рет айтқан. Мүмкін осы бір кездесуден кейін болу керек, Потаниннің естеліктер күнделігінің беттерінде мынадай жазбалар пайда болады. «Бұл өңірде Абай Құнанбаев деген зиялы ақынның есімі кеңінен мәлім. Ол өз өлеңдеріне ән де шығарған екен. Бұларды ауыл әншілері айтып, тыңдаушыларына автордың есімін жеткізіп отырады». Сөйтіп, Балқаш төңірегіндегі бір ауылда Потанин ұлы Абайдың музыкалық мұрасы туралы білімін кеңейткен.

Ә.Ермековтің ауылында қонақтардың келу қарсаңында екі киіз үй тігілді. Бірі Потанинге, екіншісі апалы-сіңілі Ворониналарға арналды. Потаниннің киіз үйі ғалымның әрі кабинеті іспеттес, бұған Ә.Ермеков әңгімешілер мен жыршыларды шақырып отырды. Бастапқыда бұлар жергілікті жерден іріктелді де кейін басқа шалғай болыстардан алдырылды. Г.Потаниннің жұмыс уақыты таңертеңгі сағат оннан басталатын. Бірте-бірте ғалымның киіз үйіне әншілер, ақын, композиторлар жиналып оның қадірлі қонақтары болады. Қу болысынан атақты Ғаббас Айтбаев ат басын тірейді. Керекулік атақты әнші Майра Шамсутдинова осы ауылда бірнеше күн болады. Күйші-домбырашы әйгілі ғалымға күніне бірнеше рет күй тартып қызмет көрсеткен. Сол заманның білімпазы – балқаштық Хасен Бижанов, ертекші Аяпберген Балабатыров қазақ халқының ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерін көрсетті. Потаниннің өтініші бойынша бұл шығармаларды қолма-қол орысшаға аударып, қағазға түсіруге көмектескен Ә.Ермеков болатын. «Барлығы 27 ертегі жазылып алынды. Мұның ішінде көп көңіл бөлгенім Әз Жәнібек хан, Жиренше шешен, Алдаркөсе, Ер Көкше, Ер Төстік және басқа да ертегілер. Екіншіден, менің жинағаныма өз көңілім толды. Бұл сапар маған бұрыннан белгілі кейіпкерлер жайында жаңа деректер берді». Қазақ халқының баға жетпес фольклорлық мұрасына, оның талантты әншілері мен күйшілерінің өнеріне ерекше риза болған Потаниннің күнделігіне жанашыр көңілден шыққан төмендегідей жылы лебіздер түскен: «Долг русской интеллигенции принять меры к защите инородцев от вымирания, сделать их способными к самосохранению: лучшим средством этого является образование».

Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің хабаршысының беттерінде ғалым Ә.Ермековтің есімін ерекше көрсетеді. Ғалым сол жазда жиналған және орысшаға аударылған «Үш ойшыл», «Дариға ару», «Едіге батыр» сияқты ертегілер жөнінде Ә.Ермековке сілтеме жасауды сұрайды. Бұл туралы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Н.С.Смирнованың деректерінде де кездеседі. Бір айдан кейін Г.Потанин жиналған ертегілердің әртүрлі нұсқасынан өзіндік қорытынды шығарды. Ол Қарқаралы ертегілері Балқаш, Ертіс өңірімен міндетті түрде байланыстырыла айтылатынын атап көрсетеді. Әрбір айтып беруші адам Кент пен Қарқаралы, Қу, Қызыларай, Едірей, Көшубай тау сілемдерінің әсем жерлерімен байланыстыруды өз парызы санайды екен. Г.Потанин екі ай бойы жайлауда жұмыс істеді. Тамыз айында өзімен бірге болған серіктерімен кері қайтты.

Ә.Ермеков 1913 – 1914 жылдың қысын Г.Потанинмен бірге өткізді, оған экспедиция жазбаларын өңдеуге көмектесті. Мұның нәтижесі келесі 1914 жылдың 10 ақпанында Императордың орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімшесі мүшелерінің жиналысында ғалымдарға мәлімделді. Г.Потанин беделді жиынға қатысушыларға аңыз-әңгімелердің мазмұны ғана емес, халықтың тұрмыстық салт-дәстүрі, оның ән-күй мәдениеті жөнінде айтып берді. Қазақ халқының үлкен досы Потанин қазақтар туралы тебірене сөз сөйлеп, көшпелі халықтың болашағы туралы: «Через пятьдесять лет казахи будут поставлять на столичные подмостки певцов и музыкантов, и может быть, с этого начнется их национальное возрождение», – деген көрегендік сөздер айтады. Осы жылдың сәуір айында «Сибирская жизнь» газетінің (Томда шығатын) үш санында «Тоқырауын өзенінің сағасында» деген тақырыппен саяхатшы өз баяндамасының толық нұсқасын жариялады. Г.Потанин 85 жыл (1835-1920ж.ж.) өмір сүрді. Мұның алпыс жылын қазақ халқының өмірін бар қырынан зерттеуге арнады. Бұл жерде айта кететін бір жай, осы күнге дейін оның осынау ұшан-теңіз еңбегін ғылыми тұрғыда зерттеп, орынды баға берілмей келе жатқандығы.

Бұл сапар экспедицияға қатысқандардың басқалары үшін де жемісті болды. Осы жиналыста Е.А.Воронина Қызыларай тауының өсімдіктер дүниесінен жасаған топтамасын көрсетті. Ал суретші А.Уткина – Воронина акварельмен салынған үлкен альбомын ұсынды. Кейін қылқалам шеберінің осынау туындылары оны Ресей Ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнография институтына алып келді. Институт директорының орынбасары, тарих ғалымының кандидаты Л.Сабурова мына жайларды айтады: «1915 жылы А.Уткина-Воронинадан музей 300 сомға оның 102 ою-өрнек суреттерін сатып алды. Суретші бұларды Семей облысы, Қарқаралы уезінде тұратын қазақтардың тұрмыстық заттарынан, үй-жиhаздарынан көшіріп алған, дәлірек айтқанда қарап отырып қағазға түсірген. 1915 жылы А.Уткина-Воронина музейге тағы да он фотосуретін сыйға тартты. Оның №2833 тіркеме жазбасында бұлардың Семей облысы Қарқаралы уезінің қазақтары екені атап көрсетілген. Фотосуретте әйелдің киіз үй жанында жұмыс істеп жатқаны, ши тоқу, киіз үй тігу, кілем тоқу, қария әже бойжеткеннің бас киімін өрнектеп отырған әйел бейнеленген».

Потаниннің бұл саяхаты туралы сол жылдардың баспасөзі біршама таратып жазды. Мәселен, С.Ольденбург: «Докладчика встречало много киргизов, которые находили сказочников и привозили их к нему» деп жазады. Ал, бұл туралы Н.Смирнова: «Среди этих лиц – многочисленная родня Чокана Валиханова: его братья, его свояк Муса Шорманов и другие, кто собирал материал для Чокана, а затем продолжали для Потанина, позже – семейство Султангазиных и Ермековых» деп көрсетеді.

Ә.Ермековтің өз өмірбаянында атап көрсеткендей, Ресейде Ақпан революциясы басталғанда, ол институттың бесінші курсында оқып жүрген. Патшаның тақтан кетуін қазақ халқын отарлық құрсаудан босатар қоғамдық өзгеріс деп танып, өзге де әріптестерімен Семей қаласына оралады. Мақсат – «Елді ояту, саяси өмірге араласу».

Тәуелсіздік үшін күрес жолына түсуін, Ә.Ермеков 1932 жылғы өзінің ашық хатында: « …Қазақстан – ертедегі тарихи себептермен артта қалған ел. Бұл – менің туып өскен жерім, сондықтан оның дамып келе жатқан құрылысының майданында адал қызмет ету менің ендігі борышым, …әділдік жолмен елдің тағдыры, барлық адам баласының тағдыры шешіліп жатса, өзіме тыныштық іздеп, қиыншылықтан қашып, тайып шықсам, оны үлкен қылмыс санаймын» деп жазған еді. Бұл – шындық, бұл – нағыз ұлт қамын ойлаған зиялының аузынан шыққан сөз.

Сонымен, Ә. Ермековтің өскен және білім алған ортасы, қоғамдық-саяси көзқарасы мен қызметінің бастапқы кезеңі тарихи оқиғаларға толы Сібірдегі Том қаласында өтті. Сол қалада ол Ресейдегі монархиялық билікке қарсы жүргізілген демократиялық қозғалыстардың куәсі болды және бұл оқиғалар оның болашақ күрес жолында тәжірибе жинақтауға сөзсіз үлесін тигізді.

Қ. ӨСКЕМБАЕВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button